Басты жаңалықтарСпорт

Жақсылықтың жұлдызы жарқыраған күндер

Сонау сексенінші жылғы Мәскеу олимпиадасының дүбірі әлі күнге дейін көз алдымызда. Сонда қазақтың томашадай қара баласы Жақсылық Үшкемпіров боз кілемнің үстінде қарсыластарын жаппай жер қаптырып, грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған. Сол тұста жүрекжарды қуаныштан бүкіл қазақ даласының түндігі желпілдеп, көтеріліп-ақ тұрып еді. Міне, оған да тура отыз бес жыл өтіпті.
Мәскеу олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, КСРО-ның екі дүркін чемпионы, КСРО біріншілігінің күміс, қола жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы, КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров осы мерекеге орайластырылып Ақтөбе жерінде ұйымдастырылған грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасы кубогы жолындағы жарыстың құрметті қонағы ретінде келді.
Облыс орталығындағы «Қоныс» спорт сарайындағы жарыстың салтанатты ашылу сәтінде сөз алған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев әрбір ұлтты, мемлекетті айналаға танытатын спорт екенін айта келіп, халқымыздың алып күш иелері Балуан Шолақ, Қажымұқанның бүгінгі ізбасарларының тәуелсіз елімізді әлемге мойындатудағы парызы мол екендігіне тоқталды.
— Қазақтың біртуар ұлы Жақсылық Үшкемпіровтің спорттағы ерлігі бүгінгі жастарымыз үшін үлгі, өнеге. Ақтөбе жеріне келіп, осы шараның басы-қасында болуының өзі ерекше тағылым болады деп ойлаймыз. Оның жүрегі, көңілі ұлтына берілген, осы ізгі қасиет кейінгі буынға да тараса екен деймін, — деп ақ тілегін білдірген Бердібек Машбекұлы спорт сардарына шетелдік темір тұлпардың кілтін тапсырды. Сондай-ақ осы жарысқа демеушілік жасаған «Ақпан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығына, шараның басы-қасында ұйымдастыру ісімен айналысып жүрген Қайыржан Бекенбаевқа ризашылығын білдірді.
— Менің олимпиада чемпионы болғаныма отыз бес жыл болыпты. Ақтөбе жеріндегі бүгінгі кездесуге өте толқып келіп тұрмын. Бүкіл жастық шағымды спортқа, оның ішінде күреске арнадым. Кезінде спортпен қоштасқаннан кейін Дәулет Тұрлыхановқа сәт сапар тілеп, жолымды ұсынғанмын. Ол сенімімді толығымен ақтады. Бүгін осындай ақ батамды ақтөбелік Мейрамбек Айнағұлов бауырыма бергім келеді.
Тәуелсіз еліміздің туын көтеретін, халқымыздың намысын қорғайтын жігерлі ұлдарымыз көп болсын, Бердібек Машбекұлы секілді спорттың нағыз жанашыры болатын басшылар көбейе берсін, — деп Жақсылық палуан жиналған халық алдында тебірене сөйледі.
Салтанатты сәтте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары Әділ Дөңбай жарысқа қатысушыларды қызу құттықтап, елімізде бүгінгі күні 136 мың спортшының күрес түрлерімен айналысатынын, оларға 2400 жаттықтырушы тәлім беретінін жеткізді. Ол олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров пен Юрий Мельниченкоға «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерекелік медалін тапсырды.
Қазақстан Республикасы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбай құттықтау тілегін айтып, «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамының өкілі Бақыт Иманғалиев Жақсылық Үшкемпіровтің иығына шапан жапты.
Жақсылық ағаларының шашбауын көтеріп Ақтөбеге келген әріптес інілері қатарында 1996 жылғы Атланта олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко, 1998 жылғы әлем чемионатының жеңімпазы Бақтияр Байсейітов, олардан кейінгі жас тарлан Нұрбақыт Теңізбаев, сондай-ақ, олимпиадалық ойындардың екі дүркін чемпионы, әлемнің алты дүркін чемпионы, Еуропа және КСРО біріншіліктерінің бірнеше дүркін чемпионы Сергей Белоглазов бар.
Дүбірлі сайысқа еліміздің он төрт облысынан және Алматы мен Астана қалаларынан 300-ден астам палуан жиналды. Жарыс нәтижесі бойынша Әлем Кубогына, Азия және әлем біріншіліктеріне дайындалып, қатысу үшін Қазақстан құрама командасы жасақталатын болғандықтан әр үміткердің мол дайындықпен келгені белгілі болды.
Жалпы жұртшылық үшін Жақсылық палуанның өмір жолының кейбір деректері туралы айта кетсек те артық болмас. 1984 жылы Красноярск қаласында жалауын көтерген КСРО кубогы үшін болған үлкен сайыста отыз үш жастағы Жақсылық Үшкемпіровты үлкен спорттан құрметтеп шығарып салу рәсімі жоғары деңгейде өткізілген. Ол содан кейін 1984-1993 жылдары республикалық кәсіподақ комитетінің спорт мектебінің директоры, ал 1993 жылдан бастап «Жақсылық» спорт клубының басшысы болады.
Ал ердің жасы елуге толған тұстан бастап ауылда мал шаруашылығымен айналысады, асыл тұқымды мал өсіріп, ел экономикасын көтеруге үлес қосуда. Ол туралы «Жеңіске деген жігер» деректі фильмі түсірілген, кітаптар жазылды.
… Ұрпақ алмасады, аға буынның орнын жастар басады. Үлкендер ізбасарларынан үміт күтеді. Жақсылық Үшкемпіровтің әлемдік додадан алтын олжалап оралған ақтөбелік жас палуан Мейрамбек Айнағұловқа ақ тілегін арнап, өзі киген спорттық киімі мен өмірбаяны жазылған кітапты сыйға тартуы жақсы бір нышанның көрінісіндей болды.

Бұған дейін Оңтүстік Кореяда өткен VІ әлемдік әскери ойындардың жеңімпазы, 2013 жылғы ересектер арасындағы Қазақстан Кубогының иегері, ересектер арасында Қазақстанның былтырғы чемпионы, ересектер арасында Қазақстанның ІV жазғы спартакиадасының жеңімпазы болған Шалқар күрес мектебінің түлегі Мейрамбектің аты аңызға айналған Жақсылық ағаның жолын қуатындығына көпшілік жанкүйер де сенім артып, осы сәтті қошеметтеп қарсы алып, заңғар сарайдың ішін жаңғырықтырып жіберді.
Сонымен, бес күнге созылған жарыс қорытындылары да шығарылды. Грек-рим күресінен Оңтүстік Қазақстан облысының командасы топ бастады. Ақтөбеліктер екінші орынды иеленіп, қарағандылықтар үшінші орынды қанағат тұтты.
Ал әйелдер арасындағы күресте Астана қаласы мен Алматы облысының және Алматы қаласының палуан қыздары қарсыластарына дес бермеді. Ақтөбеліктер бұл ретте алтыншы орынға тоқталды.
Еркін күресте Алматы облысы мен Алматы қаласының командалары алдыңғы қатардан көрінсе, Жамбыл және Ақтөбе облысының командалары үшінші-төртінші орындарды бөлісті.
Ең бастысы, Жақсылық ағасынан бата алған жерлесіміз Мейрамбек Айнағұлов төрт кездесуде де қарсыластарын шаң қаптырып, өзінің жүзден жүйрік екенін тағы бір мәрте танытты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button