Жаңалықтар

Жолың болсын, жас түлек!

Маусымның 19-ы күні облыстық әкімдік ғимаратының алдындағы алаңда «Жас түлек — 2014» мектеп бітірушілердің кеші салтанатты түрде өтті. Шарада облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары ұпай жинаған Жанар Болатова мен Айдана Мұратқа облыс әкімінің атынана арнайы сыйлықтар — автокөлік кілттерін тарту етті.

Жиында алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова түлектерді мерекемен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

Қымбатты жастар, сіздерді мектеп түлектеріне арналған  салтанатты мерекемен құттықтаймын!

Сендер тәуелсіз Қазақ елінің азаматысыңдар. Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде білім алдыңдар. Қазақстанның болашағы мен бейбітшілігі, Тәуелсіз ел туының биік болуы сендерге байланысты, — деді облыс әкімінің орынбасары. Сара Қайыржанқызы өз сөзінде біздің облыста білім саласында жасалып жатқан игі істер, оқушылардың жетістіктері туралы әңгімеледі.

— Облысымыздың экономикасы қарқынды дамып келе жатыр.  Соңғы 3 жылда заман талабына сай 31 жаңа мектеп ел игілігі үшін берілді. Оқу жылының басында 15 жаңа мектеп бой көтерсе, қазір тағы 15 білім беру нысаны салынып жатыр.

Мектептердің материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Жаңа модификациялы физика, химия, биология кабинеттерімен жабдықталып, 48 білім беру ұйымы «e-learning» электронды оқыту жүйесіне қосылды.

Елімізде сапалы білім беру үшін жасалған осы еңбектің қайтарымы — сендердің білім шыңындағы, әлемдік деңгейдегі жетістіктерің.

Биылғы түлектер мектеп табалдырығын алғаш аттаған жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілді. 11 жыл алған білім сапасын анықтайтын осы сынақта біздің облыстың түлектері жақсы нәтижеге қол жеткізді. Республика бойынша орташа балл — 76,8 болса,  облыстың орташа балы —  84. Бұл — өткен жылғы әрі республикалық көрсеткіштен 7,2 балға  жоғары деген сөз. Қазақстан бойынша біздің облыс  Алматы, Астана қалаларынан кейінгі 3-орынды иеленді, — деді Сара Нұрқатова. Ол өз сөзінде аудандарда білім сапасы артқандығын айтты.  Темір ауданының орташа балы — 91,2, Хромтау ауданының  орташа балы — 89 және Ақтөбе қаласының көрсеткіші — 88,5 балл. Сонымен бірге, Мұғалжар, Қобда, Қарғалы, Ойыл, Алға, Шалқар аудандарының динамикасы жоғары.

Республика бойынша ең жоғарғы нәтиже көрсеткен үздік мектептер қатарына біздің облыстың екі мектебі еніп отыр. Олар, — М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаты (5-орын) мен Темір ауданы Шұбарқұдық гимназиясы (10-орын). Сонымен қатар қазақ-түрік лицейі,  облыстық физика-математика мектеп-интернаты, Ақтөбе қаласындағы №51, 32, 21 мектеп-гимназиялар, «Сымбат» жеке мектебі, Хромтау қаласындағы №2, 5 мектептер мен Ақкемер (Мұғалжар), №1 Бадамша (Қарғалы) орта мектептерінің түлектері ҰБТ-да жақсы нәтижеге қол жеткізді.

Айта кету керек, біздің облыстағы 162  түлек — «Алтын белгі» иегері. 70 түлек — халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанды.

Құрметті жас достар, «Алтын белгі» иегерлері! Әрқашан биіктерден көріне беріңдер, — дей келе, Сара Нұрқатова түлектерге сәт сапар тіледі.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары  тестілеуде жоғары ұпай жинаған

«Сымбат» жеке мектебінің түлегі Айдана Мұрат пен М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі Жанар Болатоваға автокөлік кілттерін тарту етті. «Алтын белгі» иегері атанған 159 түлектің әрқайсысына аттестат пен планшет табыс етті.  Сонымен қатар, 123 балл алған 4 түлек те планшет иеленді.

Бүгін марапатқа ие болдым. Облыс әкімінің арнайы сыйлығы — автокөлік кілтін алдым. Бұл — мен үшін үлкен абырой.

Біздің мектептегі 41 түлектің 35-і тестілеуге қатысты. Нәтижесінде 9-ы «Алтын белгі» иегері атанды. 5 мектеп бітіруші үздік куәлік алды. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы  бойынша орташа балл — 112,4. Бұл — ұстаздарымыз бен түлектердің ортақ жеңісі, — дейді автокөлік иегері Жанар Болатова.

Жиын барысында Хромтау ауданы №4 Хромтау орта мектебінің мұғалімі Ғайни Төлемісова мұғалімдер атынан түлектерді құттықтады.

Бұдан кейін «Алтын белгі» иегерлері облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатовамен естелік суретке түсті. Мерекелік шара соңы «Қоштасу» вальсімен аяқталды.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

189 қуаныш

 

Ауданда мектеп бітіруші  түлектердің дәстүрлі «Жас түлек» фестивалі салтанатты жағдайда атап өтілді.

«Қарлығаш» халықтық би ансамблінің өнерін тамашалаумен басталған мерекелік шара әкімдіктің ғимараты орналасқан алаңда өтті. Бұл күні мерекеге жиналғандар 189 түлекті бастаған мектеп директорлары мен сынып жетекшілерінің шеруін тамашалады.

Жастардың басын қосқан салтанатта аудан әкімі Асқар Жүсібалиев өмірдің жаңа белесіне аяқ басып отырған түлектерге ақ жол тілеп, 4 «Алтын белгі» иегеріне,  ұлттық бірыңғай тест қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған және  өнер, спорт салалары бойынша ауданның абыройын арттырған түлектерге Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Фестивальда түлектердің «Қоштасу» вальсі орындалды.

Кеш соңы жастардың биімен әрі мерекелік отшашуды тамашалаумен жалғасты.

Анаргүл ЕГІЗБАЕВА,

Қобда ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button