Жаңалықтар

Әңгіме арқауы — әлеуметтік төлемдер

Ақтөбе облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінде еңбек нарығында туындайтын мәселелерді талқылаған жиын өтті. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы ақпараттық қамсыздандыру департаменті қызметкерлерінің қатысуымен өткен семинарға  «Мемлекетік аннуитетті компаниясы», ірі кәсіпорындар мен мекемелердің өкілдері, жеке кәсіпкерлер, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың қызметкерлері қатысты.

Департамент басшысы Саламат Аманбаевтың айтуынша, еңбекпен қамтылған тұрғындарды сақтандыру жүйесі қызметтерімен таныстыру және Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңының талаптарын түсіндіру мақсатында өткен семинардың маңызы зор.

«Мемлекеттік әлеуметттік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы ақпараттық қамсыздандыру департаментінің маманы Айдана Әбдірахманованың айтуынша,  еліміздегі қолданысқа енгізілген әлеуметтік сақтандыру институты — әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі маңызды институттардың бірі саналады.

Қордың негізгі мақсаты — елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу, әлеуметтік аударымдардың сақталуын және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету. Төлемдер негізінен міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жарна аударып тұратын жұмыс жасап жатқан тұрғындарға сақтандыру жағдайлары туындағанда төленеді. Қор қаражаты есебінен төленетін мұндай төлемдер еңбекке жарамсыз болған, асыраушысы қайтыс болған кезде, жұмысынан айырылған жағдайда, жүктілігі мен босануына байланысты және бала бір жасқа толғанша табысын жоғалтқан адамдарға беріледі. Дегенмен, мұны тұрғындардың көпшілігі біле бермейді, — деді ол.

2005-2013 жылдары облыс бойынша 41,3 миллиард теңге көлемінде әлеуметтік жарна аударылған. Оның 10 миллиард теңгеге жуығы былтыр 302 мың әлеуметтік сақтандырушы жүйесінің қатысушысына төленген. Қаржының көп бөлігі жүктілігі мен босануына байланысты және бала бір жасқа толғанша табысын жоғалтқан адамдарға берілген.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button