ҰЛТТЫҢ ҮНІ, РУХТЫҢ ЖЫРЫ

Ұлттық басылым күні
С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Баспасөз — ұлттың үні, рухтың жыры» атты кездесу кеші өтті.
Ұлттық басылым күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға кітапхана қызметкерлері, Ақтөбедегі автожол, сондай-ақ сервис колледждерінің оқушылары, БАҚ өкілдері мен оқырмандар қатысты.
Ұлттық басылым күні ресми мереке ретінде үшінші жыл атап өтіліп отыр. Бұл мерекеге 1913-1918 жылдар аралығында Орынборда шығып тұрған «Қазақ» газетінің алғаш жарық көрген күні — 2 ақпан таңдап алынған. «Қазақ» газетінің алғашқы редакторы — Ахмет Байтұрсынов, сонымен бірге кейіннен газет Міржақып Дулатов, Жанұзақ Жәнібековтердің басшылығымен де шықты.

Қазір Алматы қаласынан шығып тұрған «Қазақ» газетінің меншік иесі «Мирас Инфо» ЖШС-ның бас директоры Қали Қамбаров бейнеүндеу арқылы құттықтау жолдады, сондай-ақ жиналғандарға Ахмет Байтұрсынов туралы «Ахмет — ұлт ұстазы» атты деректі фильмнен үзінді көрсетілді.
«Хабар-Сервис» ЖШС баспаханасының атқарушы директоры Жанболат Жұбанов сөзінде:

— Баспасөз бен баспа ісін ажыратуға болмайды. Журналистің ізденісі мен еңбегінен басталған жұмыс баспаханада аяқталып, оқырманның қолына газет болып жетеді. Қазіргі күні газеттің болашағына қатысты күдік те айтылады. Дегенмен ғаламтордағы ақпарат әрдайым сенімді бола бермейді, ал мерзімді баспасөзге жіті тексеруден өткен ақпараттар ғана жарияланады. Қазақ баспасөзінің тарихы терең, мақсаты биік. Сондықтан оның болашағы да жарқын екеніне сенемін, — деді.
Жиында сондай-ақ облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Индира Өтеміс, Ақтөбе автожол колледжінің «Полиграфиялық және орау өндірісінің технологиясы» пәндік-әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Айнұр Зейдалиева сөз сөйледі.

Облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың директоры Сұлушаш Хакимова жиналғандарды қазақ баспасөзіне оқырман болуға шақырды.


— Кітапханамызда «Мерзімді басылымдар» бөлімі бар. Қазақ баспасөзі — ұлт тарихының, бүгінгі барлық саладағы жаңалықтың жаршысы. Болашағы бар ұлт кітап пен баспасөзді оқиды. Ғаламтор білім алуда да, рухани азық ретінде де олардың орнын алмастыра алмайды, — деді ол.
Соңында кеш қонақтары оқырман сауалдарына жауап берді.
Айна САРЫБАЙ.


