Басты жаңалықтар

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ҚОРҒАЛАДЫ

Бибігүл ӘБДІШҮКІРҚЫЗЫ,
тәжірибелі педагог, кәсіби медиатор

Биыл Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарып, алдағы өзгерістерге қатысты өз көзқарасын білдірген болатын. Жиында Президент парламенттік реформа аясында бастапқыда Ата Заңның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу көзделгенін атап өткен-ді. Жаңа құжат қоғам талқысына шығарылды. Конституция жобасында 11 бөлім, 95 бап бар. Ата Заңда алғаш рет адвокатура туралы бап пайда болды. Бұл — азаматтардың құқығын қорғауға кепілдік беру жолындағы маңызды қадам.
Жаңа Конституцияда неке ер адам мен әйел адамның ерікті және тең құқықты одағы екені туралы ереже енгізіледі. Бұл шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған. Қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы онлайн танысып, екі-үш ай өтпестен бас қосқан жастар бір жылға толмай «мінезіміз жараспады» деп ажырасып жатады. Ажырасу мәселесін облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында да талқылап келеміз. Медиаторларға жүгінген жұптардың өзара бір-бірімен ашық сөйлесе алмайтыны, іштегі ашу-ызаны болдырмау, оның алдын алу жолын тіпті іздеуге де тырыспайтыны байқалады. Яғни сол жастың тәрбие алған отбасында өз ойын ашық айту, өзара келіспеушілікті ұрыс-жанжалға жеткізбей, бейбіт жолмен шешу деген дәстүр қалыптаспаған.
Еліміздің жаңа Ата Заңының мәтіні қалыптасқан мемлекеттік құрылымды, халықаралық беделді, адами капиталды, білім, ғылым және инновацияларды дамытудағы Қазақстанның айқын басымдығын атап көрсетеді. Елдігімізді айқындайтын құжат — мемлекетіміздің тұрақтылығы мен дамуының негізгі кепілі. Бұл құжат еліміздің әлеуметтік, экономикалық дамуына тың серпін әкелетініне сенімім мол.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button