Басты жаңалықтар

ОҚЫРМАНДАРҒА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА ТҮСІНДІРІЛДІ

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында конституциялық реформалар түсіндірілді.
Кітапхана қызметкерлері жиналғандарға конституциялық реформаның мән-маңызын таныстырып, ашық талқылау ұйымдастырды. Шараға ақындар Нұрлыбек Қалауов пен Бауыржан Құрманқұлов, сондай-ақ қаладағы бірқатар кітапхана басшылары, оқырмандар мен жастар қатысты. Кездесу барысында елдегі құқықтық жүйені жаңғыртуға бағытталған өзгерістердің қоғамға тигізер ықпалы жан-жақты сөз болды.
Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың құқығы мен бостандығын нығайтуға, демократиялық институттарды дамытуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды. Бұл реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасы негізінде жүзеге асырылып отыр.

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Сұлушаш Хакимова реформалардың ұлттық құндылықтармен сабақтастығына тоқталды.
— Мемлекеттік мүдде мен ұлттық ерекшеліктер үйлесім тауып, жаңа реформалар елімізді нақты нәтижелерге жетелейді деп сенеміз. Ата Заңдағы өзгерістер ұлттық салт-санадан ажырамай, заман талабына сай жүзеге асырылуда. Соның ішінде еңбек құқығын нақтылау — Конституцияның маңызды әрі қолдауға лайық тұсы. Бұл реформаның ел дамуына қосар үлесі зор, — деді ол.

Ал ақын Нұрлыбек Қалауов Конституцияның қоғам дамуындағы рөліне ерекше мән берді. «Конституция — кез келген мемлекеттің ең басты құжаты, оның алтын қазығы. Қоғам дамыған сайын, ғылым мен техника алға жылжыған сайын заң да өзгеріп отыруы заңды. Қазіргі өзгерістер мемлекетіміздің халыққа деген қамқорлығын, әлемдік геосаяси кеңістіктегі орнын айқындауға бағытталған. Конституцияның 84 пайызына өзгеріс енгізілуі елге үлкен жаңалықтар мен тың серпін әкеледі деп сенеміз, — деді ол.

Іс-шара барысында кітапханашылар мен оқырмандар конституциялық реформалардың ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті. Олардың пікірінше, бұл өзгерістер саяси жүйені жетілдіруге, халықтың құқығын қорғауға және демократияны дамытуға мүмкіндік береді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button