420 мың тұрғынның үлесі


Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы және биылға арналған жоспары туралы брифинг өтті.
Іс-шара барысында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов баяндама жасап, басқарманың өткен жылы атқарған жұмыстары мен қол жеткізген нәтижелеріне тоқталды. Сондай-ақ алдағы жылға арналған жоспарлармен бөлісті. Мәселен, былтыр өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы белсенді түрде жүзеге асырылған.
— Акцияға барлығы 420 979 тұрғын, сондай-ақ 13 262 мекеме мен кәсіпорын қатысты.Іс-шаралар аясында 116 231 аула тазартылды. Оның ішінде 3 077 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласы және 113 154 жеке тұрғын үй аумағы бар. Сонымен қатар 1 765-тен астам әлеуметтік нысан, 342 саябақ пен алаң санитарлық тазалаудан өтті.Сондай-ақ 241 су айдынының жағалауы, яғни өзен, көл, бұлақтар және жасанды су айдындары тазартылып, 99 402 метр арық жүйесі ретке келтірілді.Акция қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті арттыру және тұрғындардың белсенділігін көтеруге бағытталған, — деді Исатай Еспағанбетов.
Мемлекет басшысының мемлекеттік орман қоры аумағында 2 миллиард ағаш егу жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыста 2021-2027 жылдар аралығында жалпы көлемі 35,05 мың гектар алқапқа 64,7 миллион түп әртүрлі ағаш егу жоспарланған.
— 2025 жылға бекітілген жоспарға сәйкес 8 624 гектар жерге 15,3 миллион түп орман екпесін егу көзделіп, аталған жоспар толық көлемде орындалды.
Бұл жұмыс өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, орман алқаптарын ұлғайтуға және табиғи ресурстарды сақтауға бағытталған, — деді басқарма басшысы.
Ал қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу саласында өңір бойынша 19 шағын және орта бизнес субъектісі қызмет атқарады. Облыс орталығында қайталама шикізатты қабылдайтын 5 пункт тұрақты түрде жұмыс істейді.Облыстың елді мекендерінде тұрмыстық-қатты қалдықтарды көмуге арналған орындар белгіленген. Алайда олардың 15-іне ғана ресми полигон мәртебесі берілген. Аталған полигондар Ақтөбе, Алға, Хромтау, Шалқар қалалары мен Мәртөк, Қобда, Қарауылкелді және Кеңқияқ елді мекендерінде орналасқан.
Полигондардың ішінде 8-і коммуналдық меншікте, 1-еуі жеке меншік, ал 6-ы вахталық кенттерді қамтамасыз ететін әрі халықтан тұрмыстық-қатты қалдықтарды қабылдайтын жер қойнауын пайдаланушыларға тиесілі.
Жиында су, балық шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бағытында атқарылған шаруалар да айтылды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



