Денсаулық

Эпидемиологиялық жағдай тұрақты, бірақ сақтық қажет

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова өткен жылдың қорытындысы бойынша эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады. Оның айтуынша, облыста жұқпалы аурулардың мониторинг жүргізіліп, аса қауіпті індеттердің тіркелмегені байқалды.

Аса қауіпті ауруларға — оба, тырысқақ, туляремия, конго-қырым лихорадкасы, құтырма, күл, сіреспе, эпидемиялық паротит сияқты вакцинамен басқарылатын аурулар жатады. Аталған аурулардың алдын алу мақсатында бірқатар аудандадезинсекция мен дератизация жұмыстары жүргізіліп, мыңнан астам адамға екпе жасалды. Сонымен қатар туберкулезбен сырқаттану 2024 жылмен салыстырғанда 16,2 пайыз төмендеді. Дегенмен жедел ішек инфекциялары өсіп, ауырғандардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар болды. Негізгі себептер — дұрыс дайындалмаған тағам, жуылмаған жеміс-жидек, жеке гигиенаның сақталмауы және тағам сақтау тәртібінің бұзылуы. Бұл орайда департамент басшысы ата-аналарға балаларды тамақтандыру кезінде сақтыққа ерекше мән беруді ұсынды.

Райхан Қойшанованың айтуынша, қызылша мен көкжөтел аурулары 2023-2024 жылдары күрт артқанымен, қосымша иммундау нәтижесінде есепті мерзімде жағдай тұрақтанды. Алайда биылдан бастап қызылша қайта өсуі мүмкін, сондықтан бұл бақылауда. Сонымен қатар былтыр жылсоңында жедел респираторлық вирусты инфекция 1,1 есе өскен, тұмауға қарсы екпе қабылдағандар облыс халқының 14,3 пайызын құрады.

Паразитологиялық аурулар мен гельминтоздар, сондай-ақ дерматомикоз және қышыма сияқты тері аурулары да өсуін жалғастырып отыр. Бұл аурулардың негізгі себептері – үй жануарларымен байланыс және жеке гигиенаны сақтамау.

Жұқпалы аурулардың ошақтарын қадағалау мақсатында 726 тексеру жүргізіліп, кемшіліктерге қатысты 161 әкімшілік шара қолданылды, жалпы сомасы 8 миллион теңге айыппұл салынды. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары да белсенді жүргізіліп, 210 кездесу, 262 семинар және 5287 дәріс өткізілді. Жалпы алғанда облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты, алайда балалар арасындағы жұқпалы аурулардың алдын алу, вакцинация және жеке гигиена мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажет, — деді облыстың бас санитар дәрігері Райхан Қойшанова.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button