Ырғыздағы жаңа кемпинг

Кәсіпкерлік
Өткен аптада Самара-Шымкент тас жолы бойындағы «Перекресток» аумағынан «Irgiz» кемпингі ашылды. Жаңа ғимараттың ашылуына аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов, кәсіпкерлер, ардагерлер, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Бұл жобаны жүзеге асырушы — «Наурыз-СИМ» ЖШС. Құрылтайшысы — Марлен Сәрсенбаев.
Салтанатты шарада аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов сөз сөйлеп, жаңа нысанның іске қосылуы кәсіпкерліктің дамуына серпін беретінін, сондай-ақ жолаушыларға қолайлы жағдай мен сапалы қызмет көрсетуде өзгелерге үлгі болатынын атап өтті.
Сондай-ақ шарада ауыл ақсақалдары мен ардагерлер жиналған жұртшылыққа жылы лебізін жеткізіп, кәсіпкердің жаңа бастамасына сәттілік тілеп, батасын берді.
Айта кету керек, «Irgiz» кемпингі ғимаратының кіреберісіне Т.Шевченконың «Ырғыз қала» картинасы ілінген. Заманауи үлгіде салынған ғимарат ерекше стильде жасақталған. Бірінші қабатында 170 адамның тамақтануына мүмкіндік жасалса, екінші қабатында 70 адамға арналған қонақ бөлмелер жасақталған. Ғимарат жанында автотұрақ да бар.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ырғыз аудандық филиалының директоры Гүлнар Шәмиеваның айтуынша, бүгінде ауданда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді.
Ал жаңа нысан салған «Наурыз-СИМ» ЖШС көп жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады.
— Қазір кемпингке жарық пен газ келіп тұр. Ал ауызсу мәселесі алдағы уақытта шешіледі. Әзірге мұнда ауызсуды тасымалдап ішеді.
Қазіргі таңда жол бойында мұндай заман талабына сай нысанның ашылуы — аудан үшін үлкен жетістік. Бұл жоба ауданның экономикасын көтеруге септігін тигізеді. Қоғамдық тамақтану орындары көбейсе, жолаушыларға жайлы жағдай жасалады әрі жол бойындағы қызмет сапасы да артады. Өйткені кемпингтер саны артқан сайын бәсекелестік пайда болады, — дейді ол.
Д.АЙДАР,
Ырғыз ауданы.


