Үш ауылда кездесу өткізді

Кездесу
Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов Шевченко, Бөрте және Қызылжар ауылдарына барып, жергілікті халықпен жүздесті.
Кездесу барысында округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өткен жылдағы атқарылған жұмыстар және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар талқыланды. Аудан әкімі тұрғындардың ұсыныс-тілегін мұқият тыңдап, көтерілген мәселе бойынша тиісті сала жетекшілеріне нақты міндет жүктеді.
Жиынға аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мұрат Омарғалиев қатысып, интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселесіне баса назар аударды. Ол тұрғындарға алаяқтықтың жиі кездесетін тәсілдері мен сақтану жолдарын түсіндіріп, ақпараттық жадынамалар таратты.
Аудан әкімі Медет Ысқақов салынып жатқан құрылыс нысандарының жұмысын, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы туралы айтты.
— Өткен жылы Мәртөк ауданына қарасты Шевченко, Бөрте және Қызылжар ауылдарына газ желісі қосылды. Биыл Қызылжар мен Бөрте ауылдарын жалғайтын көпір құрылысы аяқталу сатысында. Ауылішілік жолдарға қиыршықтас төселіп, тегістеу жұмысы жүргізілді, — деді ол.
Кездесу қорытындысында аудан әкімі тұрғындармен кері байланыстың жалғасатынын айтып, көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Ақмарал МҰҚАШЕВА,
Мәртөк ауданы.


