«Айбын» жастар жиыны аяқталды

Мәртөк ауданы Сарыжар ауылы маңындағы Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының ұшу айлағында 22-28 маусым аралығында ұйымдастырылған XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өз мәресіне жетті.
Өткен аптада аталған жиынның ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп қатысқан болатын. Дүбірлі додаға елімізден бөлек, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан барлығы 800-ге жуық жас сарбаз келді. Биылғы жиын Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды.
Салтанатты жиында облыс әкімі Асхат Шахаров сөз сөйлеп, қатысушыларды әскери-патриоттық шараның табысты аяқталуымен құттықтады.
— Осындай жиындар жастардың патриоттық рухын көтеріп, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Айбынды ұрпақ — елдің қорғаны. Жастарымыздың бойындағы қайсарлық пен ұлтқа деген адалдықты осы алаңда тағы бір мәрте көрдік, — деді өңір басшысы.
«Айбын» жиыны — жас ұрпақты отансүйгіштікке, ерлікке, тәртіп пен бірлікке баулитын, сонымен қатар ТМД елдері арасындағы достықты нығайтатын маңызды халықаралық алаң.Жиын барысында қатысушылар түрлі әскери-спорттық және зияткерлік сайыстарда бақ сынап, тәжірибе алмасып, достық байланыстар орнатты.
Шара соңында жеңімпаз командалар мен үздік қатысушылар марапатталып, жиын салтанатты түрде жабылды.
Д.АЙДАР.





