Мөлдір өнердің иесі

Мәдениет саласында қызмет атқару үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Киелі сахнада жиырма жылға жуық уақыт қызмет етіп келе жатқан театр актрисасы Жанар Қанымқұлова көптеген күрделі образдарды шебер сомдап шыққан.
Мұғалжар ауданының қазіргі Ізімбет ауылында туып-өскен ол жастайынан өнер әлеміне жақын еді. Домбыра тартып, ән де айтты. Кейіпкеріміз Бибісара Бейшеналиева атындағы университетті кино және драма актрисасы мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 2006 жылы Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрынан бастаған. Ол қойылымдарда жас қыздың балауса шағынан бастап көптеген басты рөлдерде ойнады.
— Алғашында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түскім келді. Алайда ата-анама бұл таңдауым ұнамады. Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университеттің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын бітірдім. Өнерге деген махаббатым мені бәрібір театрға алып келді. Бірінші рөлім — Жиренқопада өткен Қобыланды батырдың тойында Құртқаны ойнадым, — дейді актриса.
Кейіпкеріміз театр кез келген өнерпазды шыңдайтын өнер мектебі екендігін айтады. Ол үйде де, театрда жүріп те түрлі спектакльдерге дайындала береді. Әр спектакльдің сәтті шығуына бар күш-жігерін жұмсайтын Жанар өзіне берілген рөлге аса жауапкершілікпен қарайды.
— Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» драмасының желісінде жазылған «Арамыз жылап қалар» атты қойылымда басты рөлді ұсынды. Табиғатынан нәзік қыздың келбеті мені баурап алды. Фарида рөлі маған ерекше әсер қалдырды. Неге дейсіз ғой? Ол соншама опасыздықты көре тұра өз күйеуін кешіреді. Бұл кейіпкердің махаббатына деген адалдығын білдіреді. Қанмен сіңген қазақи қасиетті ұстана отырып, шаңырақты шайқалтпау — қазақ қызының болмысына тән қасиет. Осы драмада әйелдің мықтылығы шебер суреттеледі. Бұдан бөлек әртүрлі рөлдерде ойнадым. Ең күрделісі Еврипидтің «Медеясы» дер едім. Медеяның бейнесі мені актриса ретінде шыңдады, — дейді ол.
Жанар Исатайқызы өмірде де, өнерде де шынайылықты құп көреді. Арманына деген адалдығы оны адастырмады.
— Өнердегі басты ұстанымым — шынайылық. Талантың болмаса, талғамнан шыға алмайсың. Шалқия Бақытжанова, Майгүл Мұзбаева, Дәметкен Құсайынова сияқты өнер майталмандарымен бір сахнада өнер көрсету — мен үшін үлкен мәртебе. Олар — бүгінде көрермендердің көзайымына айналған талантты актрисалар. «Театр — хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, әрбір рөлге деген сүйіспеншілік, оны жоғары деңгейде орындауға мүмкіндік береді. Менің өмірім де, өнерім де — театр, — дейді актриса.
Алдыға мақсат қою, өзін шыңдау жолында тынбай еңбектеніп келе жатқан актриса Жанар Қанымқұлованың ән қоржынында бірнеше лирикалық ән бар. Оның ендігі мақсаты — кәсіби шеберлігін шыңдап, бейнеклип түсіріп, жаңа әндер орындау. Ақтөбеліктер жаны жайсаң, жайдары Жанарды жаңа қырынан тани түспек.
Ақмарал САЙЛАУҚЫЗЫ.



