Мереке

Ғасыр жасаған кейуананы құттықтады

Көрісу күнінде облыс әкімі Асхат Шахаров 110 жастағы тыл еңбеккері Жәкібай Бисенғалиеваның үйіне сәлем беріп барды.

Жәкібай Бисенғалиева — тағдырдың талай ауыр сынағын басынан өткерсе де, мойымаған мықты әрі мейірімді кейуана. 1915 жылы дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы қазіргі Хромтау ауданында тұрған. Қамбада астық өлшеген, тракторды жүргізген. Кітапханашы, сауыншы болып жұмыс істеді. Сұрапыл соғыс жылдарында еш қиындыққа қарамастан, майданға көмектесу үшін жұмысын тастаған жоқ.

Жолдасы Ғабит Бисенғалиев соғыстан елге І топтағы мүгедек болып оралды. 1993 жылы өмірден өткен. Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп, өсірді. Жәкібай ананы 74 жасында балалары мен немерелері қалаға көшіріп әкелген. Қария қазір немересі Данияр және оның отбасымен бірге тұрады. Әженің үш немересі мен жеті шөбересі бар.

Жәкібай Бисенғалиеваның отбасы әрқашан татулығымен ерекше. Келіні Өзипа Бисенғалиева енесімен кикілжіңсіз, татулық пен түсіністікте 47 жыл өмір сүргендерін айтады.

«Менің енем — ақ жарқын және мейірімді әйел. Маған көп нәрсе үйретті. Біз тату-тәтті өмір сүріп келеміз», — деді келіні.

Асхат Шахаров кейуананы Көрісу күнімен құттықтады.

«Сіз көптеген сынақты бастан кешірдіңіз, соған қарамастан, жүрегіңіз күшті. Өзіңізден мейірімділік пен жылулық желі есіп тұр.  Данагөйлігіңіз, ақыл-кеңесіңіз бен қолдауыңыз берік отбасылық дәстүрдің негізі болып отыр. Әр күн сізге қуаныш пен бақыт әкелсін, жақындарыңыздың қамқорлығына бөленіп жүре беріңіз», — деген облыс әкімі кейуанаға сый-құрмет көрсетті.

Айта кету керек, қазіргі таңда Ақтөбеде жасы жүзден асқан екі адам тұрады. Сәуір-мамыр айларында тағы бес ардагер ғасырлық мерейтойын атап өтеді.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button