
Облыстық перинаталды орталықта «Шаңырақ күні» аясында дүниеге келген нәрестелерге арнап тарту етті. Жас босанған аналарға бесік пен кәде-сый табыстауға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері қатысты.
Өңірімізде бастау алған бұл рәсім екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Атаулы күні орталықта 13 сәби дүниеге келді.Жас босанғандардың арасында алғаш ана атанғандар да, көпбалалы аналар да бар.
Басқарма басшысы Ерлан Сұлтангереев мереке қарсаңында нәрестелі болған аналарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
— Бүгін біз ежелгі дәстүрлерімізге құрметпен қарайтын ерекше күнді атап өтудеміз. Мемлекет басшысы өз сөзінде дәстүрлерімізді сақтау мен дамытудың, отбасылық құндылықтарды нығайтудың және ана мен баланы қолдаудың маңыздылығын үнемі айтады.
Бесік — бұл жай ғана зат емес, әр отбасындағы бейбітшілік пен жайлылықтың нышаны.Бесікке жатқан баланың дені сау, таза болады әрі отбасындағы береке мен бірлікті арттыруға да әсер етеді.Сәбилеріңіз сау, бақытты және сүйіспеншілікке бөленіп өсе берсін, — деді Е.Сұлтангереев.
16 наурыз күні өмірге сәби әкелген аналардың ең жасы — 20-да. Жас босанған әйелдергинеколог дәрігер Нұрлыбек Қармановқа, акушерлер Мәдина Ниязова мен Асылай Ыхсановаға өз алғысын білдірді.
Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері де аналарға ұлттық тағамдармен толтырылған сый-қалта табыс етті. Рәсім барысында бесіктің бала денсаулығына әсері жайында айтылып, бесік жыры шырқалды. Ал айтыскер ақынЖұлдыз Қожабекова аналарға жыр арнап, әннен шашу шашты.
Бұл іс-шара аналар үшін бірегей және ыстық естелік болып қалары сөзсіз.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.