Инновациялық технологиялар және шеберлік

Мектеп
Ұстаз үшін шәкірт жетістігінен асқан мақтаныш жоқ. Шәкірт — жолаушы.Сол жолаушы-шәкіртке бағыт-бағдар көрсететін темірқазық — ұстаз.
Ақын Мағжан Жұмабаев ұстаз жайлы былай деген: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр — мұғалімдікі». Мағжан көрсеткен төрден орын алып, жүгі ауыр, беделі асқақ маман иесінің заман ағымынан қалмауы шарт.Инновациялық технологиялар — заманауи ұстаз қаруы.
Елімізде «инновация» ұғымына қазақ тілінде алғаш анықтама берген ғалым Немеребай Нұрахметов: «Инновация, инновациялық үрдіс деп отырғанымыз — білім беру мекемелерінің жаңалықтарды жасау, меңгеру, қолдану және таратуға байланысты бір бөлек қызметі» деген болатын. Яғни инновациялық технологиялар білім беру саласында кеңінен қолданылады.
Негізі, баланы оқытамыз деп талап қоятын болсақ, оның қызығушылығымен санасуымыз қажет.Қызығушылық — жетістікке жетудің негізгі факторы.
Білім беру саласында ойын, проблемалы оқыту, сын тұрғысынан ойлау, деңгейлік саралау, деңгейлеп оқыту, жекелеп оқыту, презентациялар, әсерлі сабақтар, кезеңдеп оқыту сынды технологияларды тиімді пайдалану арқылы нәтижеге қол жеткізіп, оқушылардың білімін шыңдап, үлкен ізденіс пен шығармашылыққа жетелеу оңай. Әрине, шеберлік пен тәжірибенің көмегімен.
Ақпараттық сауаттылығы мен мәдениеті қалыптасқан, компьютерде еркін жұмыс жасай алатын, оқыту процесінде жаңа үрдісті, жаңа технологияларды қолдана отырып шәкірт білімін шыңдайтын қабілетті ұстаздар барда ел болашағы жарқын болмақ.
Гүлнұр ТӨЛЕПБАЕВА,
№10 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
Ақтөбе қаласы.