Оқушылардың көшбасшылық мектебі

Мектеп парламенті
Мектеп — тек білім беру орны ғана емес, сонымен қатар оқушылардың тұлғалық дамуы мен көшбасшылық қабілеттерін қалыптастыратын орта. Осы тұрғыда мектеп парламенті ерекше рөл атқарады. Ол оқушылардың өзін-өзі басқару дағдыларын жетілдіріп, мектеп өміріне белсене араласуына мүмкіндік береді.Мектеп парламенті — оқушылардың мүддесін қорғайтын, олардың бастамаларын қолдайтын және мектепішілік іс-шараларды ұйымдастыратын өзін-өзі басқару ұйымы.
Біздің білім ордамыздағы мектеп парламентінің негізгі мақсаты — оқушылардың құқықтары мен міндеттерін қорғау, мектеп өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз ету, жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерін дамыту, түрлі жобалар мен іс-шараларды іске асыру арқылы мектеп оқушыларының шығармашылық әлеуетін арттыру, оқушылар мен мұғалімдер арасындағы байланысты нығайту.
Біздің мектептегі парламент құрамында түрлі бағытта жұмыс істейтін фракциялар бар. Мәселен, «ProStars» мәдениет және өнер фракциясы мектепішілік концерттер мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырып, оқушылардың талантын танытуға мүмкіндік береді. Ал «Insight» дебат фракциясы өткізген пікірсайыс алаңдары сыни ойлау мен шешендік қабілеттерді дамытуға ықпал етеді. «ZharkynNiet» қамқорлық фракциясы мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық акцияларын тұрақты өткізіп келеді. «Sana Flow» фракциясы жұмыстары аясында оқушылардың психологиялық жағдайына көңіл бөлініп, мотивациялық кездесулер ұйымдастырылады.Тазалық пен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Eco Unity» фракциясы мектеп аумағында көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып отыр. Ақпарат таратуда алдыңғы қатарда жүрген «Info Skills» фракциясы мектеп жаңалықтарын дер кезінде оқушыларға жеткізіп, медиасауаттылықты арттыруға мән береді.
Парламент мүшелері тек мектепішілік іс-шараларда ғана емес, сонымен бірге қалалық және облыстық деңгейдегі жобаларға да белсенді қатысады. Бұл ұйым оқушылардың бойында жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырып, олардың тұлғалық дамуына зор үлес қосады.
Қорыта айтсақ, №30 қазақ орта мектебінің парламенті – оқушылардың мектеп өміріне белсене араласуына, болашаққа сенімді қадам басуына мүмкіндік беретін маңызды платформа болып отыр.
Перизат ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«№30 қазақ орта мектебі» КММ мектеп парламентінің президенті,
10 «А» класс оқушысы.