Жас ғалымдар жоба қорғайды

Конкурс
Ақтөбеде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсы басталды. Аталған сайысқа еліміздің барлық облысынан және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан барлығы 600-ге жуық бала қатысып жатыр. Олар — 9-11 сынып оқушылары.
Іс-шараны Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты — оқушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыру, дарынды жас зерттеушілерді іріктеу және қолдау, еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастыру.
Конкурс Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Сондай-ақ халықаралық тәжірибеге сәйкес ашық көрме форматында барлық санитарлық, медициналық, өрт қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп нормалары сақтал аотырып өткізілуде. Байқау екі бағыт бойынша өтуде. 18-21 ақпан аралығында Ақтөбеде жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бойынша өтсе, 25-28 ақпан аралығында Атырау қаласында қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы пәндер бойынша өткізіледі.
Конкурстың республикалық кезеңіне 19 секция бойынша 689 жобамен 897 оқушы қатысады. Оның 203-і — топтық жоба, бұған қатысатындар саны— 406. Осының ішінде ауылдық елдімекендерден 132 оқушы қатысады. Ақтөбеде өтіп жатқан байқауда 433 жоба қорғалмақ.
Конкурстың қазылар алқасы жұмысына еліміздің беделді жоғары оқу орындарының 60-қа жуық профессор ғалымы шақырылған.
Әрбір қатысушыны бір-бірінен тәуелсіз қазылар алқасының мүшелері тыңдайды. Тыңдаудың қорытындысы бойынша орташа балл шығарылып, сәйкесінше конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталады. Конкурс ережелеріне сәйкес жеңімпаздар Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және алтын, күміс, қола медальдарымен марапатталады.
Оқушылар өз жобаларын таныстырып болған соң, ғасырға жуық тарихы бар, өлкеміздің өткені мен бүгіні туралы сыр шертетін ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту орталығы — Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайына, облыстық шығармашылық академиясының планетарийіне экскурсия жасайды.
Қала ішіне саяхат ұйымдастырылады. Олар ерлік пен батырлықтың символы — Әлия Молдағұлова туралы жан-жақты мәлімет алады.
К.ҚОПАЕВА.