Мәдениет

«Жем-Сағыздың ән самалы»

Ақтөбеде Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір шығармаларын насихаттауға арналған «Жем-Сағыздың ән самалы» атты  ІI дәстүрлі аймақтық ән байқауы өтті. Ақтөбе қаласының 155 жылдығына және Қазақстан Композиторлар одағының 85 жылдығына орайластырылған ән байқауының бірінші бөлімінде автордың төл әндері шырқалса, екінші бөлімінде оның өлеңіне жазылған өзге композиторлардың әндері орындалды.

Аймақтық ән байқауына биыл Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстарынан таңдаулы 26 талапкер қатысып, бақ сынады. Ал қатысушы үміткерлердің өнерін кешке арнайы шақырылған өнер тұлғалары бағалады. Олар: Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серікжан Әбдінұров (төраға), әнші Алдаберген Жақсыбаев пен Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс  Қазақстан  облыстық  филармониясының  әншісі, «Алтын  домбыра»  президенттік  сыйлығының иегері Марат Сарбөпеев.

Байқаудың ашылу салтанатында А.Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен О.Байсеңгірдің әндері шырқалды. Ең алдымен, байқау иесі Есенбай Дүйсенбайұлының Бәкір Тәжібаевқа арнаған жүрек тебірентерлік өлеңін оқыған соң, автордың «Бәкір аға» әнін қазақ камералық хорымен бірге Аманжол Өтемұратов, ал Қуандық Шаңғытбаевтың өлеңіне жазылған «Мен даланы сүйемін» әнін Нұрлан Әбдібеков орындады. Байқаудың ашылу салтанатында облыс әкімі Асхат Шахаровтың құттықтауын облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан жеткізді.

— Орал — сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Бүгінде оның Димаш Құдайбергенмен бірлесіп жазған «Ұмытылмас күн» әнін бүкіл әлем тыңдайды! Оның әндері жастардың бойына жақсы музыкалық талғамды сіңіріп, патриоттық тәрбие береді. Оралдың отбасы — шығармашыл, балалары да дарынды. Қыркүйек айының басында A`Studio әндерінен құралған «Стоп, ночь» киномюзиклінің премьерасы өтеді. Кинодағы басты рөлді Оралдың ұлы, кәсіби актер Кемеңгер сомдайды, — деген Жолдас Батырхан  байқау иесінің иығына шапан жауып, кеудесіне «Ақтөбе қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» медалін тақты. Мәдениет үйінің сахнасына көтерілген қалалық мәслихаттың төрағасы Анар Даржанова кеш иесін шын жүректен құттықтап, жылы лебізін айтты. Сосын жерлес әнші Аллаберген Жақсыбаевқа «Ақтөбе қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» медалін табыстады.

— Ақтөбе — мәдениеті мен өнері белсенді дамып келе жатқан өңір. Кәсіби музыка шеберлерін даярлайтын қасиетті өлке. Орал інімнің шығармашылығына арналған аймақтық ән байқауына келіп, осындай шығармашылық форумға қатысқаныма қуаныштымын. Оралды жерлестері ғана емес, барлық әнсүйер қауым жақсы көреді. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт, ақындығы, композиторлығы да бар,үйіне барғанда мүсіншілік өнерге де ебі барын көрдік. Жүрегі «қазағым» деп соғатын, қазақтың сал-серілерінің дәстүрін жалғастырып келе жатқан өнер иесі. Аймақтық байқау ұйымдастырып, шығармашылығын насихаттау — үлкен дәреже. Байқау барысында жергілікті тұрғындардың Оралдың әндерін жатқа білетінін көрдім. Бұл — оның әндері халықтың жүрегінен орын алды деген сөз.  Зор денсаулық тілеймін, шығармашылық жеңістері көп болсын. Қазақстан Композиторлар одағының атынан шын жүректен құттықтаймын, — деп құттықтау хатын табыстады Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұр.

Ал биылғы қазылар алқасының мүшесі, Оралдан келген әнші Марат Сарбөпеев былтыр Қарауылкелдіде өткен алғашқы байқауға төрағалық еткенін, ол кезде 19 үміткер қатысқанын, бүгінгі таңда қатысушылардың саны артқанын, бұл көп нәрсені аңғартатынын, яғни байқаудың мәртебесін көтеру керек екенін айтты.

— Орал-Қосай Байсеңгірдің әндерін халық композиторларының әндеріне ұқсатамын, өйткені көптеген шығарлармаларынан, әсіресе «Қайран көңіл», «Біздің ауыл тамаша» әндерінен халықтық әндердің бояуын естимін. Оның жастайынан жыр-дастандарды тыңдағаны, ұлттық өнердің қайнарынан сусындағаны шығармаларынанбайқалып тұрады. Жерлестерімнің шақыруын үнемі қуана қабылдаймын. Ақтөбелік авторлардың әндерін мен әрқашан мақтанышпен орындаймын, — дейді ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Аллаберген Жақсыбаев.

«Танымал әндердің авторы»

Орал-Қосай Байсеңгір Ақтөбе мәдени ағарту училищесінің режиссерлік бөлімін, Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің филология факультетін және  Ақтөбе мемлекеттік университетінің музыка факультетін бітірді. Еңбек жолын   1994 жылы Т.Ахтанов атындағы облыстық  драма театрында актерліктен бастаған. Бүгінде облыстық филармонияның бас редакторы, облыстық халық шығармашылығы орталығында «Ақтөбе әуендері» бірлестігін басқарады. Сахна өнеріне 30 жылын арнаған Орал-Қосай Байсеңгірдің әндері туған елін тербетіп келеді.Әңгіме арасында Орал-Қосай Байсеңгір:

— «Ақын» десе, Абай Құнанбаев, «композитор» десе, Ахмет Жұбановтың бейнесін көремін. Сондықтан анықтауыш керек болса, өзімді ақын, композитор деп емес, «танымал әндердің авторы» деп жазамын және мұны жеткілікті деп санаймын.

Бейнелеу өнеріне қызығамын, әскерде полк суретшісі болдым, мектепте қабырға газеттерін әзірлейтінбіз. Сосын да болар, арасында талантты інілеріммен бірге мүсін жасайтынымыз да бар, — деді.

Өнер кімнен, қайдан дарыған десек, Орал жастайынан ән-жыры толастамаған ортада өскен, атасы Байсеңгір Көптілеуұлы елге танылған домбырашы, жыршы болған. Заманында атақты Ескелді, Сүгір жыраулармен бір жүрген. Ал нағашылары «өнер бізден дарыған» дейді екен. Орал Байсеңгірдің өзі: «Өнер туған топырақтан дариды» деген сөз бар, сол шындыққа 100 пайыз жақындайтын сияқты, өйткені біздің ауылдың құмына дейін ән салады», — дейді «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Байқауға қатысушылар туралы сөз қозғаған ол, әр әнші өзі орындаған әндерін авторға жаңа қырынан танытатынын мойындады.

— «Жем-Сағыздың ән самалы» байқауы былтыр туған жерім — Байғанин ауданында өтті, мен қатты қобалжыдым. Биыл Ақтөбенің 155 жылдық мерейтойына арналды. Мен Ақтөбе қаласына әр жылдары жиырмаға жуық ән арнаппын. Халықтың менің әндерімді айтып жүргеніне өте қуаныштымын. Еңбегімді бағалап, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырған Байғанин ауданы әкімдігіне, аудандық мәдениет үйіне, облыстық халық шығармашылығы орталығына, қалалық мәдениет үйіне, облыстық филармония ұжымына шексіз ризамын, — деп сөзін аяқтады.

Байқаудың ойдағыдай өтуіне отбасы да шын тілекші екенін біліп, келіншегі Нұргүл Тілегенованы әңгімеге тарттым.

— Орал екеумізді таныстырған да, табыстырған да — өнер. Мен де музыка маманымын. Екеуміздің отау құрғанымызға биыл — 28 жыл. Тұңғышымыз Сенім Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжді бітіріп, Астанада оқуын жалғастырып, қазір елордада Мәдениет министрлігінде қызмет етіп жүр. Екінші ұл — Кемеңгер Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын бітірді. Келініміз Гауһар екеуі бірге оқыды. Екеуі де кәсіби театр және кино актерлері. Қызымыз Сезім де университетте, музыка факультетінде оқиды. Ал кенжеміз Көзайым — Мария Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназияның оқушысы, ол да ән айтады, әдебиетке жақын. Біз отбасылық дуэт болып, бірге ән айтамыз. Ақтаңгер, Ерен-Ер атты немерелеріміз бар. Отағасымның әндерінің ең алғашқы тыңдаушысымын, ол ән жазуға отырған кезде, барлық жағдайын жасаймыз. Өнер адамына ол ерекше керек. Тілегім — әр шаңырақты ән кернеп, күй тербеп тұрса екен, — деді ол.

Марапаттау рәсімі

Жеребе кезегімен өнерін көрсеткен талапкерлердің мықтылары бірден көзге түсті. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі мен гала-концерт кешкі уақытта қалалық мәдениет үйінің алаңында өтті.

Кешке жиналғандар әуелі ұлылар рухына тағзым етіп, қазақ өнерін кәсіби тұрғыда әлемге танытқан, даңқты композитор, академик Ахмет Жұбанов пен КСРО Халық артисі Ғазиза Ахметқызының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сахнада «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Зейнеловтің жетекшілігімен Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының «Достық сазы» фольклорлық ансамблі Ахмет Жұбановтың «Би күйін» орындады. Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Әсет Жеткізгенов аймақтық ән байқауының өміршең болуына тілектестігін білдіріп, аудан әкімі Айбек Көпеновтің Алғыс хаттарын байқауға төрелік еткен Серікжан Әбдінұров, Аллаберген Жақсыбаев, Марат Сарбөпеевке, ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан Гүлжайна Бисенғалиева, Марат Дәрібаев, Бақытбек Зейнелов, Дина Ниязоваға табыстады. Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров танымал әндердің авторы Орал-Қосай Байсеңгірді композиторлар одағына мүше болуымен құттықтап, куәлігін тапсырды.Былтыр Байғанин ауданында  өткен Орал-Қосай Байсеңгірдің шығармашылығына арналған «Жем-Сағыздың ән самалы» I аймақтық  байқауының бас жүлдесін жеңіп алған Атыраулық әнші Ғибадат Тұрғали әуелі Мұқтар Құрманалиннің өлеңіне жазылған Қайырғали Қожанбаевтың «Гүлдәурен» әнін, сосын Орал Байсеңгірдің «Қайран көңіл» әнін орындады. «Мен Қазақпын» республикалық тележобасының жүлдегері  Динара Шынарбаева да «Оралдың ән бастауын» шырқады.

Марапаттау рәсімінде «Жем-Сағыз ән самалы» II аймақтық ән байқауының бас жүлдесін А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің түлегі, ойылдық Ақниет Боранбайұлы жеңіп алды. Оған диплом мен 500 мың теңгенің сертификатын қазылар алқасының төрағасы Серікжан Әбдінұров табыстады. Бірінші орынға ақтөбелік Серік Жұбатқан ие болды. Екінші орынды ақтөбелік Әкімжан Шәкіров пен Орал қаласынан келген Рустам Хафиз иеленді. Үшінші орын ақтөбелік Рахман Сәтиев, Мейірбек Тәжіғұлов, және байғаниндік Ақбота Тәжімағанбетоваға бұйырды. Жүлдегерлерге де дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді.

Іс-шара соңында Сезім Оралқызы «Жан әке» әнін орындады. Сосын жүлдегерлер қала тұрғындарына гала-концертін ұсынды. Одан соң жарасымды жұп — Орал Байсеңгір мен Нұргүл Тілегенова «Жауқазын жыр» әнін қосыла шырқады. Кеш «Байғанин маршымен» түйінделді.

Музыка — тәрбие құралы. «Әрбір ән мен күй тарихымызды тайға таңба басқандай бейнелеп береді» деп Ахмет Жұбанов айтқандай, кешегі Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағынан» бастап,  қазіргі Димаш Құдайбергеннің  «Ұмытылмас күніне» дейінгі әрбір ән ақтөбелік өнер иелерінің мемлекеттік идеологияға қосқан зор үлесі екені айқын.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button