Жаңалықтар

Көпір маңын қоқыстан тазартты

Бүгін Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясындаөткен «Taza Qala» акциясында еріктілер мен Алматы ауданының пробация тізімінде тұрған жастар Заречный көпірі маңын күл-қоқыстан тазартты.

Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Еркебұлан Жақсылықовтың айтуынша, шараның мақсаты – қала жастарын табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақыру, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

— Бүгінгі акцияға қаламыздың белсенді және пробация тізімінде тұрған жастары атсалысып жатыр. Жалпы саны 35 жас көпір аумағын күл-қоқыстан тазартып, оларды қаптарға салып жинайды. Кейін арнайы техникалар келіп, жиналған қоқыстарды қала шетіне әкетеді. Мұндай тазалық шарараларына қала жастары апта сайын шығып жатыр. Өткен аптада 41-разъездегі су қоймасының жағалауы мен Қарғалы өзенінің аумағын тазарттық, — дейді ол.

Экологиялық акцияға қатысушылар санитарлық құрал-жабдықтармен (тырма, күрек, сыпырғыш) және қаптармен, арнайы қолғаптармен қамтылды. Оларды тасымалдау үшін арнайы автобус шығарылған.

— Акцияға пробация тізімінде тұрған 12 жас қатысып отыр. Олардың жасы — 14-35 жас аралығы. Бұл азаматтардың дені — қылмыс жасағаны үшін сотталғандар,бас бостандығынан шектелгендер.Олар біздің үнемі бақылауымызда. Тізімде тұрған жастардыңкешкі мезгілде көшеге шығуына, Ақтөбе қаласы аумағынан басқа аймақтарға кетуіне, ойын-сауық орталықтарына, интернет клубтарына баруына тыйым салынады. Жастар өздерінің қалауымен осыған дейін бірнеше рет сенбілікке шықты. Бүгін, міне, Заречный көпірі аумағын күл-қоқыстан тазартуға жұмылып, келіп отыр, — дейді Ақтөбе қаласы Алматы аудандық пробация қызметінің инспекторы, әділет аға лейтенанты Сәуле Сайманова.

Тазалық шарасына қатысқандардың бірі — белсенді жас, Бопай ханым атындағы жоғары медициналық колледжінің 1-курс оқушысы Жанерке Мирашева. Ол оқу орнындағы курстастарымен бірге апта сайын тазалық акцияларына қатысатынын айтады.

— Бүгінгі акцияға колледжден он ерікті келіп, қатысып жатырмыз. Бұған дейін Елек, Сазды өзендері жағалауын, облыстық драма театр аумағын қоқыстан тазарттық. Осындай игілікті істерге атсалысып жүргенімізге қуаныштымыз. Қаланың тазалығы — баршамызға ортақ міндет. Сондықтан қала жастарын осындай экологиялық акцияларға, сенбіліктерге қатысуға шақырамын, — дейді Жанерке.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button