Жаңалықтар

Ақтөбе медициналық орталығы 10 жылдығын атап өтуде

Ақтөбе медициналық орталығы – өңірдегі ең ірі емдеу-диагностикалық мекемесі. 

Мұнда трансплантология, қан тамырлары хирургиясы, эндокринология, урология, оториноларингология, гастроэнтерология, ревматология, аллергология сияқты 28 профиль бойынша мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. 

Орталықтағы стационарда 400 керует бар. Акушерлік-гинекологиялық бөлімше, инсульт орталығы, интервенциялық кардиология бөлімшесі жұмыс істейді. 2014 жылы аурухана базасында академик Ж.Досқалиевтің басшылығымен алғашқы бүйрек трансплантациясы сәтті жүргізілді. 10 жыл ішінде 87 трансплантация операциясы жасалды, оның 78-і – донорлық. 

Екі рет ұлттық аккредиттеуден өткен мекеме 2021 жылы Қазақстанда алғаш болып өңірлік деңгейдегі жоғары санатты сертификатты иеленді. 

Кәсіби мереке қарсаңында АМО-ның 140 қызметкері марапатталды. 50 салалық медаль, 35 арнайы статуэтка марапат иесін тапты. Бірқатар қызметкер облыс және қала әкімі атынан, «Аmanat» партиясы, «Qamqor» кәсіподақ ұйымы, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды. 

Өңір басшысының атынан медицина қызметкерлерін облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов құттықтап, олардың кәсіби қызметіне табыс тіледі. 

Айта кету керек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға қосқан үлесі үшін Ақтөбе медициналық орталығы «Жыл үздігі» номинациясы бойынша өңірдің үздік мекемесі болып танылды.  

Қазіргі уақытта клиникада 198 дәрігер, оның ішінде 4 – медицина ғылымдарының кандидаты, 2 – PhD докторы және 333 – медбике жұмыс істейді.

10 жыл ішінде 203 мыңнан астам адам емделді, 77 595 хирургиялық операция жасалды, оның ішінде 60% шұғыл түрде. Ақхалаттылар 36 080 рет әйелдерді босандырған, 36 625 баланың дүниеге келуіне себепші болған, 1 326 жоғары технологиялық қызмет көрсетілді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button