Басты жаңалықтарСу тасқыны

Қара шаңырақ қайта салынып жатыр

Тасқын кезінде облыста төтенше жағдай жарияланған өңірлердің бірі Ойыл ауданында бүгінде жаңа үйлердің құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Мердігер компаниялар жұмысты жоспарға сәйкес орындап, нысанды уақытында тапсыратындарын айтады. Жаңа баспанасының құрылысы қалай жүргізіліп жатқанын күн сайын көріп жүрген тұрғындардың да көңілі шат. Ауданда тасқыннан зардап шеккендердің бәрі біржолғы әлеуметтік төлемді алып, мүліктік өтемақылары есепшоттарына аударылып жатыр. Мал шығынын өтеуге қатысты жұмыстар да жүйелі жолға қойылған. Ең бастысы — олар мемлекет қамқорлығында.  

Тұрғындар несиесін кейінге қалдырмады…

Сапарымыз Ойыл ауданының орталығы Ойыл селосынан басталды. Аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаевтың бұл қызметке келгеніне көп уақыт болмаса да, жергілікті тұрғындардың әрқайсысын өз бауырындай танып алғаны оның әрбір сөзінен байқалады. Оның айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен350 тұрғынға 129 220,0 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем толық төленген.

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың несиелік борышын өтеу мерзімін ұлғайту мақсатында екінші деңгейдегі банктерге олардың тізімі берілді.Алайда ауданымызда несиені кейінге шегеруге байланысты бірде-бір тұрғыннан сұраныс болған жоқ, — дейді Мұратбай Айдарбаев.

Ресми мәліметке сүйенсек, Ойылда барлығы 2159 мал үшін 338,4 млнтеңге шығын өтеліпті. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Аудан бойынша 7451 малдың өлексесі жойылып,66250 шаршы метр болатын 62 аула, мал өлекселері жиналған 30,0 мың шаршы метрлік жерге дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліпті.

Біз халықпен біргеміз…

Сәкен Займолдин, аудандық қоғамдық штаб төрағасы:

Ауданда төтенше жағдай жарияланған күннен бастап біз халықпен біргеміз. Штаб құрамында 31 адам бар. Олардың қатарында ауданға беделді ақсақалдар, еріктілер, белсенді жастар, сондай-ақ барлық мемлекеттік құрылымнан өкілдер бар.  Штаб іс-шараларды үйлестіруге және су тасқыны кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған. Басты мақсат — табиғи апат салдарынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету.

Қазіргі таңда штаб мүшелері Қаратал, Екпетал, Жаңабаз елді мекендерінің тұрғындарымен тұрақты түрде байланысып  отыр. Бүгінде эвакуациялық пункттегі 27 адамның жағдайын күн сайын біліп отырмыз. Олар үш мезгіл тамақпен қамтылып, сұраныстарына сай қолдау көрсетіліп жатыр.

Екпетал ауылын тұтас су басқан кезде штаб мүшелері де жан-жаққа шығып, тұрғындармен тікелей жұмыс жасауға кірістік. Тасқыннан зардап шеккендер үшін жан-жақтан гуманитарлық көмектер келді. Шеті қырғыз елінен, сондай-ақ еліміздің оңтүстік өңірлері мен Астана қаласы және өзге де облыстардан жүк көліктері тиелген гуманитарлық көмектер үздіксіз жеткізіліп жатты. Мәселен, штаб мүшелерінің өзі тасқыннан зардап шеккендер үшін 500 миллион теңгеден астам қаражатқа алынған затты тұрғындарға үлестірдік. Біз жан-жақтан келген фуралардың жүргізушілеріне көліктегі заттархалыққа толық таратылмайынша, кетпеулерін ескерттік. Себебі кейбір фура жүргушілері жеткізілген затты тастап кетуге асықты. Ал ондағы материалдық көмек —  халықтың қаражатына жиналған аманат. Сондықтан гуманитарлық бағытта үлестіріліп жатқан әрбір көрініс бейнежазбаға түсіріліп, қолдау көрсеткен жамағатқа тұрғындар алғысын білдіріп жатты. Бұл орайда демеушілер тарапынан берілген көмекті де айтпай кетуге болмайды. Мәселен, Қарғалы ауданындағы «Степное» серіктестігінің басшысы Аманғос Төлеуов өз атынан 200 қой мен 50 ірі қара берді. Күні кеше ғана бұл мал үш «КамАЗ»-ға тиеліп, Ойылға жеткізілді. Ол тасқын кезінде малынан айырылған халыққа таратылып жатыр. 

Баспанасы су астында қалған Берсиев ауылы тұрғындарына ағаш үйлер де жеткізілді. Жаңа үйлерінің құрылысы аяқталғанша, ауыл тұрғындары алты қанатты ағаш үйлерде уақытша тұрып жатыр.

27 отбасының қуанышы

Нұржау Тұрғамбеков, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары:

— Қазіргі таңда аудан бойынша 283 үй салу жоспарланған. Алайда бұл — нақты сан емес. Себебі тасқыннан зардап шеккендер үшін баспаналы болудың екінші жолы — дайын үйді сатып алу үшін халықтан өтініш көптеп түсіп жатыр.Бүгінде дайын үй алуға ниетті тұрғындардан 90-ға жуық арыз түсті. Қазіргі таңда біз баспанасы су астында қалғандарға Болат Өтемұратов қоры арқылы арнайы келісімшарт негізінде 27 үйді сатып алып бердік.

Бүгінде ауданымызда үй құрылысын салуға 19 мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Ойыл селосында — 6, Қараталда — 11, Ақкемер, Кемер, Ақжар елді мекендерінде де мердігер мекемелер құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бір айта кететін жайт, өзге аудандармен салыстырғанда бізде үй құрылысы сәл кештеу басталды. Себебі Ойылға кіреберіс  көпір апатты деп танылып, 9 мамырға дейін жол болмады.

Ауданда тасқыннан зардап шеккендер үшін үй құрылысын қаржыландырып отырған — ERG компаниялар тобына қарасты «Қазхром» трансұлттық кәсіпорны. Аталған компания тиісті қаражатты  «Қамқор«Ақтөбе» қайырымдылық қорына аударып, сол арқылы келісімшарт жасалады. Ал дайын үйді сатып алушылар үшін қаржы мәселесі Болат Өтемұратов қоры арқылы жүзеге асырылып жатыр. 

Дайын үйді сатып алушылардың өтініші бойынша құжаттар мұқият тексеріледі. Ең бастысы, сатылатын үйдің техникалық паспорты дұрыс болуы керек.

Қараталға қорғаныс бөгеті салынады

Нұржау Тұрғамбековтің айтуынша, бүгінде аудан орталығында — 75, Ақкемер ауылында 16 үйдің құрылысы басталса, Ақжарда — 6, Кемер ауылында — 2, Бестамақта — 2, Берсиев ауылдық округінің орталығы Қараталда 162 үйдің құрылысы салынып жатыр.

Жалпы Берсиев ауылдық округінде 234 үй болды. Оның 18-і қайта жөндеуге жарамды деп танылса, қалғандарының орнына жаңа үйлер салынып жатыр. Ол үшін қираған үйлер бұзылып, жаңа үйлер соның орнына тұрғызылып жатыр. Бұл жерде үйлер неге қауіпсіз аймаққа салынбаған деген сауал туындауы мүмкін. Қаратал ауылын тұтастай өзге аймаққа көшіру мүмкін емес. Себебі Қаратал тұрған жердің айналасы түгелдей су басу аймағы саналады. Ал қыр, құмаққа үй салатын болсақ, ондай жерге инфрақұрылым қарастырылмаған. Сондықтан қазір біз Қаратал елдімекеніне қорғаныс бөгетін салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеп жатырмыз, — деді ол.

Су тасқыны кезеңінде тұрғын үйлерінің жарамсыз болуына байланысты Екпетал және Жаңабаз ауылының барлық отбасына және Қаратал ауылының бірқатар тұрғынына өз келісімдері негізінде аудан орталығында инфрақұрылымы жасақталған жерден жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр.

Іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілді…

Нұржау Тұрғамбеков Ойылда салынып жатқан әрбір үйдің жалпы сметалық құны 28 миллион теңгеге бағаланғанын айтты.

Үйдің жалпы көлемі — 80 шаршы метр. Бұл жерде әр ауданның, ауылдың қашықтығы, материалды жеткізуге кететін шығын көлемі сияқты барлық қажеттіліктер қоса есептеліп отыр. Жаңа үйлердің  іргетасы үшін монолитті плита және ФБС блок (фундаментті блок — авт.) таңдалды. Құрылыс компаниялары осы екі варианттың бірін пайдаланып жатыр.Үй қабырғаларыАқтаудың ақ тасынан тұрғызылып, кірпіштердің арасына жылытқыш материал қосымша пайдаланылып жатыр. Үйдің қасбеті бірден силикатпен қапталады.Қазіргі таңда ауданның барлық елді мекенінде коммуникация жүйесі бар. Сондықтан үй құрылысы тұрғызылып жатқан аумақтарда коммуникациялық жүйелерді бірден тарту жағы қарастырылған. Аудан орталығында тасқыннан зардап шеккендер үшін жаңа үйлер 2019-2021 жылы барлық инфрақұрылымы тартылған аймақта салынып жатыр, — деді аудан әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, енді Екпетал дейтін ауыл болмайды. «Екпеталда 66 үй болды. Ондағы барлық тұрғын аудан орталығына көшірілді.Екпетал — өзен арнасында орналасқан ауыл.Тасқын кезінде су үй төбесіне дейін жетті. Қаратал ауылында үйге кірген судың биіктігі 50 сантиметрден әрі аспады. Бұған дейін айналасы дамбамен қоршалған Екпеталды жылдағыдай емес, биыл тасқыннан аман алып қалу мүмкін болмады», — деді Нұржау Тұрғамбеков.

Оның айтуынша, тасқыннан зардап шеккендер үшін аудан орталығында олардың әрқайсысына алдын ала жер белгіленген. Қазіргі таңда құрылысы қарқын алған аумақта тұрғындар өз баспаналарының қалай салынып жатқанын көріп, қуанып жүр.

Ұйымшыл ұжымдар, сенбідегі сенбіліктер

Қоғамдық кеңестің ұсынысымен аудандағы мекеме ұжымдары халыққа көмек ретінде қираған үйлер мен қораларды бұзып, орнын тазартып, ондағы пайдаға асатын ағаш-тақтайлар мен өзге де заттарды үйінді арасынан шығаруға  көмектесіп жатыр. Себебі жалғызбасты қариялар, әлеуметтік топтағы отбасыларға мұндай қолдау ауадай қажет. Бұл — тұрғындардың өтініші бойынша ұйымдастырылған іс-шара. Сондықтан бұл жұмыстар арнайы кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Әрбір ұжым өтініш иесінің ауласына сенбілік ұйымдастырып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ұйымшылдықпен тындырып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе Қараталда қарқын алған.

Тасқын судан зардап шеккен отбасы балаларытек облыстың ғана емес, республикалық деңгейдегі мықты-мықты лагерьлерде демалып, оқып келді. Жергілікті билік оларды екінші мәрте лагерьге жіберуге ынталанғанымен, ата-аналарбалаларын сағынғанын айтып, қарсылық танытыпты.

Көңілі шат тұрғындар

Медет Шәуменов — көпбалалы әке. Екпеталда туып-өскен ол тасқын кезінде отбасымен Ойыл ауданының орталығына көшіріліпті.

Ауылға мол судың келе жатқаны алдын ала ескертілгесін, бала-шағамды орталыққа жеткізіп, өзім үйде қалғанмын. 29 наурызда таңға таман ауылымыз тұтастай суға кетті. Үйдің төбесіне шығып үлгердік. Көз алдымда мал-мүлкімді су басты. 21 қой, 2 бұзаулы сиыр, 2 қашар, оншақты төлдеген ешкі — бәрі су астында қалды. Оларды төбеге шығаруға қанша тырысқаныммен, болмады. Сол күні түске таман бізді тікұшақпен аудан орталығына жеткізді, — деп еске алады қиын сәтті 42 жастағы Медет.

Бір сәтте баспанасынан, жиған-тергенінен айырылған Медет бүгінде мемлекеттің шарапатын сезініп отыр. Малы үшін 3 миллион 200 мың теңге көлемінде өтемақы алып, біржолғы әлеуметтік төлем де оның есепшотына аударылған. Сонымен қатар 450 мың теңге мүліктік өтемақыға да қол жеткізіпті.

Екпеталдағы  мектеп-балабақшада еңбек етемін. Жалақымыз үзілген жоқ, ай сайын төлеп тұр.  Бір айдан соң еңбек демалысына шығамын. Одан әрі қайда жұмыс жасайтынымыз белгілі болады. Тасқыннан зардап шеккен мен сияқты тұрғындарға жасап жатқан мемлекеттің қамқорлығына алғысым шексіз, — дейді Медет.

Жалғастың жаңа үйі

Екпетал ауылының тағы бір тұрғыны — Жалғас Төлеушов. Жасы алпысқа таяған Жалғастың Екпеталдан көшу мүлдем ойында болмапты. Табиғи апаттың салдарынан бүгінде Ойыл селосының тұрғыны атанған оләп-сәтте су жаңа баспанаға қол жеткізген. Аудан орталығындағы Көкжар көшесінде заманауи үлгіде салынған оның жаңа үйінен бізге де дәм татудың сәті бұйырды. Дастарқан басында үй иесі:

Тасқын кезінде әлеуметтік желіде «Әке, Ханторыны құтқар!» деген баланың жанайқайы туралы бейнежазба жан-жаққа тез таралып кеткен еді. Сондағы бала — менің немерем Бейбарыс. Ағылшын тұқымдас Ханторы атты бәйге атым көз алдымызда суға кетті. Бұдан бөлек бес жылқымды су ағызып әкетті. Солардың біреуіне ғана өтемақы алдым. Қалғандарын белгілеп үйгермеп едім. Ең бастысы — басымыз аман. Соған шүкірлік етеміз. Бүгінде аудан орталығынан 25 миллион теңгеге жаңа үй сатып алдым. Оның 22 миллион теңгеге жуығын мемлекет қаржыландырды. Қалғанын өз қаражатыммен толықтырдым. Ауласы кең, іші жарық жаңа үйіме көшіп алдық. Табиғи апат кезінде баспанасынан айырылған мен сияқты тұрғындарға ауданда ерекше қолдаулар көрсетіліп жатыр.«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық даналығы осындайда еріксіз еске түседі, — деді Жалғас Төлеушов.

Алпамыс және оның бригадасы

Бүгінде жергілікті тұрғындардың арасында «Ойыл сити» аталып кеткен жаңа ауданда үй құрылыстары қызу жүргізіліп жатыр. Учаске басшысы Алпамыс Жаржановты біз осы аумақта құрылыс басында жолықтырдық.

Құрылысқа жауапты мердігер — «Master Comm Logistics» компаниясы. Біз бұл жерде он үйдің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Дәл қазіргі уақытта үш үйдің іргетасы қаланды, енді қабырғасы көтеріледі. Төртінші үйдің іргетасы үшін блоктары қондырылып жатыр. Жұмысты бастағанымызға он күндей болды. Құрылыс жабдықтарын тасымалдауда ешқандай қиындық, кедергілер болып жатқан жоқ. Жергілікті әкімдіктің көмегімен қазылған құдықтан суды, тартылған электрді пайдаланып жатырмыз. Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Қарамағымдағы 15 жұмысшы кестеге сәйкес жұмысты атқарып жатыр. Тас қалаушы бригада құрылыс технологиясына сәйкес кірпіш арасына жылу өткізбейтін изоверді пайдаланады, — деді Алпамыс.

Оның айтуынша, қазір бес учаскеге су жүйесі тартылған. Құрылысшылар әрбір үйге септик орнатып, кәріз жүйесін де іске қосуды өз жауапкершілігіне алған.

Таңсұлудың таңғы асы

Ауданға жасаған сапарымыз Ш.Берсиев ауылдық округінің орталығы Қаратал ауылында жалғасты. Ауыл тұрғындары ауласына тігілген ағаш үйлерді уақытша паналап отырғаны болмаса, әрбір қираған үйдің орнына жаңа үйлер салынып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Мұнда салынып жатқан үйлердің қабырғасы терезеге дейін жеткен. Құрылыс бригадирі Нұрбек Өскенбаевты осындай жаңа үйлердің бірінің ауласынан кезіктірдік.

«ГТА Сервис» құрылыс компаниясы жаңа үйлердің құрылысын өз жауапкершілігіне алған. Құрылыс бригадирі ретінде осы жерде жұмыс жасап жатырмын. Бұл жерде жұмыс жасап жатқандардың дені — өзбек ағайындар. Ауыл тұрғындары да құрылысқа тартылып жатыр. Осы үйдің иесін аспаз ретінде жұмысқа алдық. Жалақысы уақтылы төленіп жатыр. Ауылға құрылыс материалдарын жеткізуде ешқандай мәселе жоқ, — деді Нұрбек.

Қазіргі таңда «ГТА Сервис» құрылыс компаниясы Қараталда он үйдің құрылысын салып жатыр. Аталған компанияның құрылысшылары мұнда төрт үйді төбесін жабуға дайындап қойған. «Үш бригада жұмыс жасап жатыр. Қалған өзбек ағайындар құжаттарын реттеп жатыр, бір-екі күнде ауылға келетін болады», — дейді Нұрбек.

Қаратал ауылының тұрғыны Таңсұлу Өскенбаева баспанасы суға кеткенде ауласына дәл мұндай зәулім үй салынатыны үш ұйықтаса да түсіне кірмегенін айтады. «Жолдасым да, өзім де биржаға тіркелдік. Малмен ғана күн көріп отырмыз. Екі баламның үлкені — әскерде. Қазір осы компанияға аспаз ретінде жұмысқа қабылдандым. Жалақым — 100 мың теңге. Жұмысшылар ертемен іске кіріседі. Сол үшін таңғы астарын уақтылы әзірлеп беруге тырысамын.  Үйіміздің қабырғасы көтерілген сайын қуанышымыз қойнымызға сыймай жүр. Қиындыққа тап болған біз сияқты жандарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін ризашылығымыз шексіз», — деді Таңсұлу.

P.S. Ойыл ауданы бойынша 12 әлеуметтік нысан су астында қалды. Қараталдағы денешынықтыру және сауықтыру кешені, ауылдық округ әкімдігі, дәрігерлік амбулатория, мектеп ғимараты қайта жөнделетін болса, кітапхана, ауылдық клуб пен интернат, балабақша ғимарттары жарамсыз деп танылған. «Бірінші мәселе — үй құрылысына ерекше басымдық беріліп жатыр. Тұрғындарды тезірек баспанамен қамтуымыз керек. Аудан орталығында үй құрылысы жүргізіліп жатқан аумақта болашақта мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар салынатын болады. Бұл — алдағы екі-үш жылдықтың еншісіндегі құрылыстар. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары қолға алынды. Тасқыннан зардап шеккендер үшін тұрғызылып жатқан жаңа үйлер тамызға дейін тапсырылады», — деді Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Нұржау Тұрғамбеков.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button