Жаңалықтар

Үстел теннисі балабақшадан басталады

1 маусымда облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов пен үстел теннисін дамытуға атсалысып жүрген топ «Нұрсәт» балабақшасының балақайларын құттықтап барды.

Топ құрамында ҚР Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры, еліміздің үстел теннисі федерациясының вице-президенті Ильсияр Қанағатов, облыстағы үстел теннисі федерациясының президенті Тақталифум Есенғұлов,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров, үстел теннисі орталығының директоры Әсет Сағымбаев бар. Олар әуелі балабақшаны аралап, балапандардың жағдайын көрді. Сосын спорт залында ракетка ұстап, үстел теннисінің әліппесімен танысып, жаттығып жүрген балақайлардың өнерін тамашалады. Осы тұста «Нұрсәт» мектепке дейінгі ұйымының меңгерушісі Ботагөз Құсмамбетова сәуір айында үстел теннисі орталығы балабақшаға бір үстел теннисін құрал-саймандарымен бірге сыйлағанын айтты. Үстел теннисі орталығының директоры Әсет Сағымбаевтың айтуынша, үстел теннисін балабақшадан бастап меңгеруге болады. Болашақ чемпиондарды осы жастан бастап тәрбиелеуді көздеген теннис орталығының мамандары арнайы жаттығу бағдарламасын Франция, Германия, Қытайдың тәжірибесіне сүйеніп әзірлепті.
— Бес жастағы балалардың ракетка ұстағанына риза боп тұрмын. Екі айдың ішінде мынадай нәтижеге қол жеткізгені — керемет көрсеткіш. Үстел теннисі жаттығуларын балабақшаның дене шынықтыру бағдарламасына енгізу жобасы еліміз бойынша алғаш рет Ақтөбеде ғана қолға алынып отыр. Бұл ойын тек денені шынықтырып қана қоймайды, шапшаң қимылдауға үйретеді, зейін мен ептілікті дамытады. Әрі денсаулыққа пайдасы зор. Жыл соңына дейін өңірдегі 20 балабақшаға үстел үстел теннисі жабдықтары жеткізілетін болады, — деді облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов.
Одан соң қонақтар балабақша тәрбиеленушілерін халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, әр балаға сыйлық үлестірді.
«Нұрсәт» мектепке дейінгі ұйымының меңгерушісі Ботагөз Құсмамбетованың айтуынша, бұл балабақшада үлкен теннис 15 жылдан бері бар.
— Біздің түлектер арасында балабақша қабырғасында жүргеннен-ақ ракетка ұстап, кейін кәсіби спортқа бет бұрғандары да бар. Солардың бірі — қазір Италияда жүрген ақтөбелік теннисші Зара Даркен. Үлкен теннисінен осындай жетістіктерді көргесін бе, әйтеуір, биыл үстел теннисін дене шынықтыру бағдарламасына қосамыз дегенде, ата-аналарымыз да бірден қолдады, — деді Б.Құсмамбетова.
263 балапанның ұясы мұнтаздай таза. Ойын арқылы оқыту технологиясын ұстанатын балабақшаның әр бұрышы баланың асыр салып ойнауына қауіпсіз жасақталған, таным көкжиегін дамытуға арналған ортасы — көрнекіліктерге толы. Тәрбиешілері тұрақты. Биыл «Нұрсәт» балабақшасы 120 балақайды мектепке даярлап, шығарып салыпты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button