Жаңалықтар

Төтенше жағдайдың салдарын жоюға 10 млрд теңге бөлінеді

Сессия

Сәрсенбі күні өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс он екінші сессиясында өңірдегі төтенше жағдайға байланысты су тасқынынан келтірілген залалды өтеу және қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 10,0 млрд теңге қаражат бөлінетіні айтылды.  

Сессия отырысына облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары  қатысты.

Отырыста баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов төтенше жағдайдың салдарын жоюға және зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету үшін бюджеттен 10 млрд теңге қаржы бөлінетінін жеткізді. Сондай-ақ Әйтеке би, Қобда және Ойыл ауданында төтенше жағдай салдарынан қиын жағдайға тап болған 877 отбасына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл мақсатқа облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасына 316,0 млн теңге бөлінетін болады. Қалған аудандар бойынша мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмек аудандардың ішкі резервтері есебінен көрсетіледі. Жалпы облыс бойынша 2800 отбасына 1,0 млрд теңге көлемінде қаражат беріледі.

— Сондай-ақ биылғы бюджеттен көктемгі егіс егу, жинау жұмыстарына, «Даму» қоры арқылы несиелерді субсидиялауға, бірнеше жобаны қосымша қаржыландыруға қаржы бөлінетін болады. Барлығын қосқанда бюджеттен жалпы көлемі 14,6 миллиард теңге қарастырылып отыр, — деді Н.Мақсатов.

Бұдан кейін депутаттар облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 13 желтоқсандағы 111 «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қарады. Сондай-ақ баяндамашыға сауалдарын қойып, мал қорымдарын салу, су тасқыны кезінде өлген малдың санын тіркеу, суға кеткен әлеуметтік нысандардың жағдайы, жолдардың сапасы, т.б. мәселелер көтерді.

Сессияны қорытындылаған облыс әкімі төтенше жағдайдың салдарын жоюға бөлінген қаржы тиімді әрі нақты мақсатқа жұмсалуы керектігін, бұл бағытта жауапты тұлғалар жауапкершілікпен жұмыс жасауға тиіс екенін атап өтті.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына қаржылай өтемақы төленеді. Үйінен айырылғандар жаңа баспанаға ие болады. Қазір облыста тұрғындардың келтірген шығынын есептеп, өтемақы төлеуге өтініштерді қабылдайтын арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазір су тасқынының салдарын жоюға барлық күш жұмылдырылуда. Облыстағы барша жанашыр азаматтар жұмылып, бір-біріне көмек қолын созып жатыр. Құтқарушылар, полиция, әскерилер, дәрігерлер, еріктілер — барлығы адам мен жануарларды құтқаруда ерлік көрсетті. Бүгінде су тасқыны жағдайы бірте-бірте тұрақтанып келеді, барлығын қалыпқа келтіреміз. Алдағы уақытта жолдар, көпірлер жөнделеді, — деді облыс әкімі.

Айта кету керек, сессия соңында облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Самат Қалдығұлов облыс әкіміне үйі суға кеткен тұрғындарға Алға ауданы Аманкелді ауылынан 10 үй салып беретінін айтты.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button