Жаңалықтар

Вице-премьер тұрғындармен кездесті

Апта басында вице-премьер Серік Жұманғарин облыстағы су тасқынынан зардап шеккен аудандарға барды. Алдымен вице-премьерең көп зардап шеккен Ойыл ауданының тұрғындарымен кездесті. 

Ойыл ауданында барлығы 340 үйді су басқан, қазіргі уақытта 49 үй әлі де су астында қалып отыр. Ең көп зардап шеккен ауыл тұрғындары Ойыл ауылындағы үш эвакуациялық пунктке орналастырылған.

Вице-премьер эвакуациялық пункттердің жай-күйін қарап, ондағы адамдардың талап-тілектерін тыңдады. Оларды ең алдымен залал келтірілген баспананың қаражатын өтеу тетігі, оны әділ бағалау, өз бетінше үй салу немесе ақшалай өтемақы алу мүмкіндігі сияқты мәселелер қызықтырды.

Серік Жұманғарин барлық ұсынысты Үкімет деңгейінде қарастыруға уәде берді.

Су тасқыны кезінде толығымен су басқан Екпетал елді мекеніндегі 48 және Жаңабаздағы 19 үйдің тұрғындары жаңа үй салынып берсе, Ойыл ауданының орталығына біржола көшуге әзір екендерін жеткізді.

Серік Жұманғарин аудан әкімі Асқар Қазыбаевқа осы және басқа да зардап шеккен елді мекендердің тұрғындарымен көшудің барлық тетігі және мүмкіндіктерін талқылауды тапсырды.

Сонымен қатар вице-премьер Ойыл өзені арқылы өтетін, бүгінде жарамсыз болып қалған көпірді қарап, сол жерде ҚазжолҒЗИ мамандарымен қалпына келтіру жұмыстарын тез арада бастау мүмкіндіктерін талқылады.

Серік Жұманғарин Қобда ауылына да ат басын тіреді. Қобда ауылындағы әлеуметтік мекемелердің жағдайын қарап, ондағы тұрғындармен кездесті.

Аудан орталығында 1 530-дан астам үй бар. Мұнда су тасқынына байланысты жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланған. Ауылдағы 279 үй мен 10 әкімшілік мекеме су астында қалды, олардың арасында мектеп, спорт кешені, дүкендер бар.

9 сәуірдегі жағдай бойынша 25 үй толығымен қираған, 12 үй апатты жағдайда. Тұрғындар 2024 жылғы 27 наурыздан бастап эвакуациялық пункттерге орналастырылған.

Бұл ауылда былтыр да су тасқыны болған-ды. Өткен жылы зардап шеккен тұрғындарға бұрынғы саманның орнына кірпіштен жасалған үйлер салынып берілген болатын. Вице-премьер осындай үйлердің біріне кірді.

— Менің бұрынғы үйім саманнан соғылған еді, су тасқынынан кейін жарамсыз болып қалды. Қазіргі үйіміз кең, 10 сотық жеріміз бар, бау-бақша өсіруді жоспарлап отырмыз. Мен мұғаліммін, мектепте биолог-географ мамандығы бойынша жұмыс істедім, қазір зейнеттемін. Бүгінде ардагер педагогтер комитетін басқарамын, қоғамдық жұмыстармен айналысамын, — дейді үй иесі Назифа Алдрабекова.

Серік Жұманғарин су басқан спорт кешенін де аралап көрді. Мұнда қалпына келтіру жұмыстары әлі басталмаған. Вице-премьер бүгінде 13 адам орналастырылған спорт мектебіндегі эвакуациялық пунктке де бас сұқты. Одан өзге 30 адамның бірі өз үйіне оралса, енді бірі туыстарының үйін паналап жүр.

Вице-премьер Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереевке зардап шеккендерге арнап жаңадан үй салуды тезірек бастауды тапсырды. Ол үшін инфрақұрылым жүргізілген орын қарастырылған.

Сонымен қатар Қобда ауданын аралау кезінде Серік Жұманғарин су кірген үйлер мен Сауқайың бөгетін аралап шықты.

 Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button