Басты жаңалықтар

Ойыл ауданына гуманитарлық көмек жеткізілді

Тасқын судың құрсауында қалып, тікұшақпен көшірілген ойылдықтарға гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр. Оған «Біз біргеміз» қоры мен «Жастар рухы» ЖҚ еріктілері үлес қосуда.

Көмек  Ойыл ауылындағы эвакуациялық орталықтарға тікұшақпен жеткізілді. Төтенше жағдайлар вице-министрі, партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандары, «Жастар рухы» ЖҚ еріктілері, «Біз біргеміз» қорының жетекшісі арнайы барып, халықпен кездесті.

-Ағын су ауылға кіре беріс тас жолды жырып өтіп, көпірді бүлдірген. Тіреуіштері зақымдалған көпірдің үстінен жарық пайда болды. Мұның барлығын мамандар жіті барлап, жөндеу жұмыстарының көлемін анықтауда. Енді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Бастысы – адамдар аман, – деді партияның облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұлов.

Партияның Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналинның айтуынша, эвакуациялық орталықта азық-түлік қоры бар. Енді қосымша үрлемелі қайықтар және электрогенераторлар қажет. Партияның облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұлов тұрғындармен кездесуде олардың қажеттілігі ескерілгенін, жуық арада жеткізілетінін мәлімдеді.

Айта кету керек, Ойыл ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі эвакуациялық орталыққа 105 адам орналастырылған. Бұдан бөлек аграрлық колледж бен мектеп-гимназияда 150-дей адам бар.

Меңтай Бектұрсынова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button