Басты жаңалықтар

НАУРЫЗ: ҰЛУ ЖЫЛЫ ЕСІК ҚАҚТЫ!

Биылғы наурыз әдеттегіден ерекше болды. Қоянның қысы созылып кетті. Қыстағы қалың қар мызғымаған қалпы жатып алып, біраз әбігерге салды. Енді үшінші онкүндікте су тасқыны қаупі жан-жақтан мазалай бастады.

Дегенмен Самарқанның көк тасы еритін Наурыздың алғыс айту күнімен басталғаны, адамдардың бір-бірімен шын көңілмен көрісіп, жақсы тілектер білдіруі, жыл ауысар тұстағы белгіленген атаулы он күнді ұлттық салт-дәстүрлермен айшықтауы, наурызкөже пісіріп, молшылық пен берекеге ниет етуі — осының бәрі болашақ игіліктер негізі іспетті.

Меже — 1,3 триллион теңге инвестиция тарту

Былтыр өңір экономикасына 1,1 триллион теңге инвестиция түсті. Биыл инвестиция өсімін 15,6 пайызға арттыру көзделіп отыр.

Өткен жылы іске қосылған маңызды және ірі инвестициялық жобалардың ішінде ERG компаниясының Дөң тау-кен байыту комбинатында 1973 жылдан бастап жиналған шламды қайта өңдеу фабрикасы бар. Бұл жоба аймақтың экологиясына оң әсерін тигізеді. Фабриканың іске қосылуы нәтижесінде 270-тен астам жұмыс орны ашылды. Жоба құны — 37,4 миллиард теңге.

Белгіленген 27 инвестициялық жоба аясындағы кәсіпорындар іске қосылғанда 800-ден астам жұмыс орны ашылады. Оның ішінде «ERG Capital Projects» ЖШС-ның  «Хромтау-1» жел электр станциясын салу, «Казгеоруд» ЖШС-ның «Лиманное» кен орнын игеру, «ГРК Бенкала» ЖШС темір кендерін құрғақ магниттік сепарациялау зауытын салу жоспары бар. «КазФилТех» ЖШС қой жүнінен жылу оқшаулағыш құрылыс материалдарын шығаратын зауыт салмақшы.

Кәсіпкерлер құқығын қорғаудың тағы бір қадамы

Облыстық мәслихат пен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы өзара ақпарат алмасу және кәсіпкерлердің мүдделерін қорғайтын заңнаманы жетілдіру мақсатында өзара іс-қимыл туралы бірлескен жоспарға қол қойды.

Екі тарап «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» ҚР Заңдарын басшылыққа ала отырып, кәсіпкерлікті қолдау саласындағы өзара іс-қимыл және іскерлік қатынастарды нығайту туралы уағдаласты. Алдағы уақытта өңірдің бизнес-қоғамдастығы мәселелерін шешуде бірлескен жұмыстар атқарылатын болады.

Бірлескен жоспарда жер қатынастары, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, импортты алмастыру шеңберінде өнім шығаратын отандық өндірушілерді қолдау, мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыру бойынша бизнестің жауапкершілігі, басқа да проблемалық мәселелерді, жалпы кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселелерін қарауға бағытталған іс-шаралар көзделген.

«Ауыл — ел бесігі» жобасы: 23 әлеуметтік нысан салынады

Биыл 32 ауылдық елді мекенде 46 жоба жүзеге асырылады. Белгіленіп отырған қаржы көлемі — 6,6 миллиард теңге. Негізгі қаржы ауылдарда спорт кешендерін, мәдениет үйлерін, денсаулық сақтау және білім нысандарының бой көтеруіне жұмсалады. Барлығы 23 жаңа нысан пайда болады. Сондай-ақ 48 шақырымды құрайтын 18 жолды және 31 шақырымдық 5 инженерлік желіні салу көзделіп отыр.

Жалпы, «Ауыл — ел бесігі» жобасы облыста басталғалы 28,4 миллиард теңгеге 120 мың тұрғыны бар 83 ауылда 193 жоба жүзеге асырылып, үш мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды. Ал былтыр 45 жоба пайдалануға берілген.

Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдасы бойынша қолға алынған «Абаттандырылған ауыл» жобасы биыл да жалғасады.  Жобаның ерекшелігі — тек бюджет есебінен ғана емес, демеушілік қаражат арқылы да ауылдарды абаттандыру.

Мысалы, «Нектар» компаниясы Тамды ауылына балалар ойын аланың орнатты. «Қаратоғай» компаниясы Қаратоғай ауылына Елек өзені арқылы көпір салды. Сондай-ақ «Абзал» және «Мұғалжарнефтестрой» кәсіпорындары Біршоғыр ауылында 4 көшені күрделі жөндеуден өткізді.

Жергілікті өнім — қолдауға ие

Бүгінде облыста СТ-KZ сертификатын немесе өндірістік сертификатын алған 200-ге жуық тауар өндіруші бар.

Жиһаз, металл шкафтар өндірісі, құю өндірісімен шұғылданатын «М-Трио», «Сталлит», жиһаз, медициналық төсек өндірісін дамытушы «Vega Жиһаз», металл-жиһаз өндірісін қолға алған «FEROOM» ЖШС серіктестіктері — бұл саладағы ірі тауар өндірушілер қатарында.

Олардың тауарларына сұраныс облыс аумағында ғана емес, республика бойынша да түсуде. Өнімдері ел нарығында жоғары сұранысқа ие кәсіпорындар жиһаздарын Орта Азия мемлекеттеріне шығаруды жоспарлап отыр.

Көше жолдары жөнделіп, жарық беріледі

Биыл Ақтөбе қаласының 18 көшесі орташа, 7 көшесі күрделі жөнделеді және 16 тұрғын алапқа кіреберіс жолдар салынады.

М.Оспанов, Ағайынды Жұбановтар, Уәлиханов, Алтынсарин, Тәшенов, Ақтан Керей, Рабочая, Суворов, Диірменді және тағы басқа бірнеше көшелерге баса назар аударылады. Сондай-ақ жөндеу былтыр басталған 20-дан астам көшеде жұмыстар жалғасады.

Бұдан басқа Ақтөбедегі 275 көше жарықтандырылады деп жоспарлануда. Осылайша облыс орталығының жарықтандырылу көрсеткіші 100 пайызға жетеді.

Жастарға тағы бір мүмкіндік бар!

Енді қанат қағып отырған «Zhas Project» жобасы аясында NEET санатындағы 14 адамға 1 миллион теңгеге дейін грант беріледі.

Аталған жобаның мақсаты — жастарды жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік-экономикалық өміріне және нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту. Байқауда осал топтағы және шалғайдағы ауыл жастарына ерекше басымдық беріледі. Жеңімпаздар 15 мамырда анықталады. Жобаға Қазақстан Республикасының жасы 35-тен аспаған азаматтары қатыса алады.

Жоба қатысушысы өтініш берген кезде облыста тұрақты немесе уақытша тіркеуде болуы, сондай-ақ уақытша жұмыссыз жастар мәртебесінде болуы керек. Ондай санаттағы жастарға тіркелген жұмыссыз мәртебесі бар, үй шаруасымен айналысатын немесе мүмкіндігі шектеулі, жұмыс істемейтін немесе күндізгі бөлімде оқымайтын 18-35 жас аралығындағы жастар жатады.

* * *

Міне, сәуірге де қол создық. «Сәуір болмай — тәуір болмас» деген қазақы ұғымда жиі айтылатын ұғымға тағы да мойын бұрамыз.

Тәуір тірліктеріңіз өрістей берсін, ағайын!  

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button