Басты жаңалықтар

БІРЛІК ПЕН ЕРЛІК

Су тасқыны кезіндегі құтқару жұмыстарына, сондай-ақ оның алдын алу және салдарымен күресуге бағытталған ісшараларға қарапайым азаматтар, еріктілер, әртүрлі саланың мамандары да қол ұшын беріп, ал құтқарушылар, әскери және ішкі істер органдарының қызметкерлері өз міндеттерін жанқиярлықпен атқарып жүр.

Су деңгейі күрт көтерілгенде қапыда қалған Темір өңірінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Аспан Нұржан су басқан үйден үш адамды арқалап алып шықты. Тұрғындар қауіпсіз жерге орналастырылды.

Темір өңірінде су деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты Шұбарқұдық кентінің Задепо ауданында орналасқан бөгет маңына жиналған су қауіпті деңгейге жеткен.  Тасқынның салдарымен күресуге келген мамандарға ауыл азаматтары мен еріктілер белсенді түрде көмек беріп жатыр. Қалниязов көшесіндегі тұрғын үйлердің алды инертті материалдармен қоршалды.

Ойылда да еріктілер газ беру стансасының айналасын инертті материалдармен қоршап қойды. Оларға аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ыстық бәліш, шай жеткізілген.

Қобда ауданындағы жағдай күрделі. Мұндағы құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Ерлан Нұрпейісов басшылық етіп жүр. Еріген қар суын сору жұмыстары мен зардап шеккен халыққа көмек көрсетуге жергілікті құтқарушылар, Маңғыстау облысынан келген мамандар және 20982-әскери бөлімнің сарбаздары жұмылдырылған. Бастапқы сағаттарда олардың күшімен 14 адам, оның ішінде 5 бала құтқарылды.

Ақтөбе қаласында №22 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Асқарбек Ұзақов Қызылжар тұрғын алабындағы балабақшадан тәрбиешілерді арқалап алып шығып, қауіпсіз жерге жеткізді. Ал №23 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары Айбат Асабаев, Құмар Мәжен, Жүсіпек Әбілсейітов су тасқыны кезінде қиындықта қалған жедел жәрдем қызметкерлеріне көмек көрсетті.

Сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметкерлері де су тасқыны кезіндегі қауырт істердің басы-қасында жүр. Айталық, Ембі қалалық полиция бөлімшесінің жеке құрамы тәулік бойы Мұғалжар ауданының Жағабұлақ ауылын су тасқынынан қорғау шараларына қатысты. Ауылды еріген қар суынан қорғау жұмыстарына полиция бөлімінің 25 қызметкері жұмылдырылып, олар инертті материалдар төсеу, жол қауіпсіздігі мен азаматтардың мүлкінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ету жұмыстарын атқарды.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button