Басты жаңалықтар

ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ АУЫЗАШАР

Қазақта ұлы жолдың бойында деп айтылатын бір ұғым бар. Алыс сапарға шыққан жолаушы, әдетте, қасына сенімді серік іздейді. Сондай-ақ көздеген жеріне жеткенше тоңып-шашырамай, қарны ашпай, жадап-жүдемей жетуді және ойластырады шамасы келгенше.

Бүгінде осының бәрін оңынан шешу ретін жол үстінде орналасқан кемпингтер өз мойнына алған.

Ақтөбеден Алға, Қандығаш арқылы өтетін үлкен жол, содан кейін оңға бұрылып, Шұбарқұдық арқылы Байғанин ауданын басып өтіп, Атырау, Ақтауға бағыт ұстайды, бір тармағы Ойылға қарай бет алады. Облыс орталығынан шыққан көліктер екі жүз шақырымға жуық жол жүріп, бір тыныстап алатын тұс — Шұбарқұдық маңы.

Осыны ескерген танымал кәсіпкер, Мәртөк ауданының құрметті азаматы, «Елеулі еңбегі үшін» және «Құрылыс саласының көшбасшысы» медальдарының иегері, «Әлихан Ойл-З» компаниясының басшысы Зұлқожа Қожаев өткен жылы Темір ауданының орталығы тұсынан кемпинг салып, пайдалануға берген болатын. Аз ғана мерзім ішінде бұл қонақжай мекен жолаушылардың тамақтанып, тынығып алатын құтты орнына айналды.

Кәсіпкер Зұлқожа Ізімұлы Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген ораза айында ауыз бекіткен ағайынға ауызашар беруді ұйымдастырды.

Бұл күні кемпинг аумағында үлкен киіз үй тігілді, сондай-ақ асханада жолаушыларға дастарқан жайылып, тегін ас берілді, Наурызкөже ұсынылды.

Салатантты шараны ақ тілекпен ашқан аудан әкімі Саламат Аманбаев, ең алдымен, осындай игілікті істі қолға алған «Әлихан Ойл-З» компаниясының басшысы Зұлқожа Қожаевқа алғыс айтты.

— Қазіргі кезде аудан экономикасын көтеру, халыққа әлеуметтік жағдайлар жасау бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Осы ауқымда «Әлихан Ойл-З» компаниясы өңірде кемпинг кешенін салу үстінде. Бұл ретте барлығы 2 миллиард теңге инвестиция салынуда. Көптеген адам жұмыспен қамтылуда, ең бастысы, жолаушыларға қолайлы жағдайлар туғызылуда. Біз мұндай бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетіп отырамыз, — деп атап көрсетті аудан басшысы.

Жиынға қатысқан «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин белгілі кәсіпкер Зұлқожа Қожаевтың ірі жобаларды жүзеге асырумен бірге, рухани істердің де батыл қолдаушысы екенін атап көрсетті.

— Зұлқожа Ізімұлы Әбілқайыр хан кесенесін көтерді, Бопай ханым есімін ардақтауға қатысты көптеген жұмыстарды жүзеге асырды. Ақтөбеде «Бопай ханым» балабақшасы ашылды.

Зұлқожа Қожаевтың бүгін Ұлттық спорт күнін ерекше атап өтуінде де мән бар. Ол өзі бірнеше жылдан бері облыстық кикбоксинг федерациясын басқарады. Оның туған жері Мәртөк ауданының орталығында кикбоксингтен республикалық турнир кейінгі он төрт жыл бойы үздіксіз өтіп келеді.

Зұлқожа — сондай-ақ баспасөз жанашыры. Оның жақсы істері туралы біздің облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде, «Үш таған» журналында ұдайы жарияланып келеді,— деді ол.

Наурыз мерекесінің он күніне атаулар берілгендігі мәлім. Ұлттық спорттық күніне орайлас келгендіктен бұл жағы да ескерілді. Киіз үйдің алдында арқан тартысы басталып та кетті. Жігіттің білек күші сынға түсіп, намысы қайралатын бұл сайысқа қатысуға тілек білдірушілер аз болған жоқ. Әп дегенде бірнеше команда жасақталып, қарсыластар қаз-қатар тізіліп тұра қалды. Олардың арасында жергілікті тәртіп сақшылары да бар болып шықты. Арқан тартыстың жеңімпазы болған құрылысшы жігіттерге қомақты сый тапсырылды.

Бір бүйірде гір көтеру жарысы қызып жатты. Өздерінің қайратын көрсетуге талпынған жігіттер қатары да қомақты көрінді.

Әлихан Темірхан, Жәнібек Теміржан, Арзу Елубай, Бекасыл Сүйеніш, Нұрдәулет Қуаналин, Ислам Серік, Ералы Барсаев өз топтарында жеңімпаз атанды. Оларға «Бопай» дәмханасы басшылығының грамотасы мен ақшалай сыйлықтар берілді. Дойбы ойынына қатысқан «Әлизан Ойл-З» компаниясының қызметкерлері Әбен Серікұлы мен Аман Үбішев жас өрендерге әдемі ойын үлгісін көрсетті.

Наурыз мерекесі әсем әнмен, көңілді күймен өрнектеліп жатты.

Ауыз ашу рәсіміне Темір ауданының аға буын өкілдері шақырылды. Автокөлік қызметі саласының ардагері, тоқсаннан асқан Ораз ақсақал жиналғандар алдында батасын беріп, ұлу жылының жақсылығын тіледі.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button