Басты жаңалықтарМереке

«АЯЛАДАҒЫ» БІР КҮН

Ақтөбеде қиын жағдайға тап болған балаларды қолдайтын «Аяла» орталығы бар. Аталған мекеме бес жыл бұрын «Алға» балалар үйі мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының бірігуінен құрылған болатын.  Облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығы аясында «Ақтөбе Медиа» ЖШС құрамындағы облыстық қос басылымның қызметкерлері «Наурызнама» тұжырымдамасындағы Қайырымдылық күнінде «Аяла» орталығына барды.

 Бала тағдыры

 Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдайтын «Аяла» орталығы Әуеқалашығы ауданында ұядай ғимаратта орналасқан. Тар екені көрініп-ақ тұр.

Бізді орталық басшысы Гүлбарша Жиенқұлова қарсы алды, әңгімелестік. Ол бізге орталықтың қызметі мен мұндағы балалардың қазіргі жағдайын баяндады.

— Бүгінгі таңда «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында 70 бала бар. Мұнда 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Балаларды үйлерінен біз алып кетпейміз, егер баланың тыныштығы бұзылып, оқуына, өмір сүруіне қалыпты жағдайы болмаса, полиция қызметкерлері немесе қорғаншылық және қамқоршылық органы бізге уақытша әкеледі. Орталыққа түскен баланың статусы 6 ай ішінде анықталады. Мұндағы балалардың тағдыры ұқсас, бірі ата-анасының қамқорлығынсыз, қадағалаусыз қалса, тағы бірі үйінен зорлық-зомбылық көрген, кейбірінің тұрмыстық жағдайы төмен. Олардың жасы да әртүрлі. Ал егер жетім болса, 18 жасқа толғанша осы жерде тұрақтайды. Бірақ біздің орталықтың негізгі мақсаты — балаларды отбасына орналастыру. Осы бағытта жұмыстар жүргізіледі.

Орталықтағы мектеп жасындағы тәрбиеленушілер қаламыздағы №29 орта мектепте және №72 ІT мектеп-лицейінде оқиды. Балаларды мектептерге тәрбиешілер апарады, сабақ аяқталған соң алып қайтады. Сабақтан тыс уақытта балалардың бос уақыттары мен демалысын ұйымдастыруға, оларға  медициналық, психологиялық қолдау көрсетуге қажетті жағдайлар жасалған. Мәселен, балалар спорттық, мәдени үйірмелерге қатысады. Тәрбиешілер мен психологтер жеткіншектермен әңгімелесіп, мамандық таңдауына көмектесіп, кәсіптік бағдар береді, өз бетімен өмір сүруге жігерлендіреді, — дейді Гүлбарша Шарапиқызы.

Анасын іздейді…

 Орталық басшысы Гүлбарша Жиенқұлованың айтуынша, мұнда сейсенбі мен жұмада кездесу күні ұйымдастырылады.

— Бұл күнді балалар асыға күтеді. Себебі сейсенбі, жұмада балаларға ата-аналары, бауырлары келеді. Арнайы әңгімелесетін орын бар. Кез келген бала ата-анасының жанында болғысы келеді. Бірде орталыққа 7 жастағы қызды алып келді. Анасы қызының көз алдында қайтыс болған, жалғыз қалған балапан шешесін іздеп, шырылдағанда, жүрегің езіледі.  Біраз жылап жүрді, қазір де есіне түскенде жылап алады. Ол баламен психологтер мен тәрбиешілер сөйлесті. Қазір біз ол қызбен құрбылар секілді әңгімелесеміз. Балаларға тарату үшін мен жұмыс кабинетіме арнайы шағын блокноттар әкеліп қоямын. Тәрбиеленушілердің бірі ішіндегі сырларын сурет салып, тағы бірі жазба жазып шығарады. Көбіне балалар ақ қағаздың бір шетіне «Мама», «Анашым» деп жазып қояды. Тіпті сурет бояп отырса да, бір шетіне «Мама» деп жазып қояды. Тіпті балалардың біреуі: «Мама! Адамдар не айтса да, айта берсін, мен бәрібір сені сағынамын, сені жақсы көремін», — деп жазғанын оқығаным бар. Бәрі де мамасының жанында болғысы келеді. Бәрі де отбасында өмір сүруді қалайды.. — дейді Гүлбарша Жиенқұлова.

«Аяла» орталығы балаларға  педагогикалық-психологиялық қолдау көрсету мақсатында облыстық ғылыми-әдістемелік орталықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді, бірлескен жоспары бар. Мұнда жұмыс барысында орталық мамандарына әлеуметтік талдау орталығының психологтері көмектеседі.

Біз барғанда…

 Облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Гүлсім Назарбаева орталықтағы әртүрлі жастағы балалармен кездесуде оларға облыстық газеттерді көрсетіп тұрып, редакция қызметкерлерінің сәлемін жолдады.

— Биыл «Ақтөбе» газетіне — 100 жыл. Былтыр «Актюбинский вестник» газеті 105 жылдығын атап өтті. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көретін облыстық басылымдарда оқушыларға арналған «Балдырған» және «Весточка» беттері бар. Оқып тұрыңыздар. Шығарма жазып, сурет салсаңыздар, редакцияға жолдауларыңызға болады. Бүгін бізбен бірге сіздерге көптеген қонақтар келді. «Алақай» қуыршақ театрының ұжымы мерекелік көрініс көрсетсе, іскер әйелдер кеңесінің мүшелері сіздерге тәтті, дәмді тағамдарын әкелді, — деді Гүлсім Назарбаева.

Одан соң қалалық іскер әйелдер ассоциациясының мүшелері де балаларды Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебіздерін айтты. Мерекелік шараны «Алақай» қуыршақ театрының актерлері қыздырды. Ортаға әуелі

Тазша бала (Нұржан Мобарк), Қыдыр ата (Сағдат Мұратұлы) мен Көктем аруы (Шамшырақ Жолдасова) шығып, әз Наурыздың келгенін, Қоян жылы кетіп, Ұлу жылының жеткенін айтып, көрініс көрсетті. Балалар «Алақай» қуыршақ театрының ұжымы ұсынған «Ұр, тоқпақ» халық ертегісін тапжылмай отырып, тамашалады.

— «Алақай» қуыршақ театры жоспардағы қойылымдардан тыс қайырымдылық шараларына жиі атсалысады. Біздің ұжым Мәртөк ауданындағы «Жайсаң» мектеп-интернатына, Әуе қалашығындағы «Аяла» орталығына жиі ат басын бұрады. Кейде демеушілердің қолдауымен де қайырымдылық қойылымдарды тегін ұйымдастырамыз, — дейді «Алақай» қуыршақ театрының Мәншүк Сатыбалдина.

Қалалық іскер әйелдер ассоциациясында 100-ден астам қыз-келіншек бар. Үнемі ізгілік шараларына атсалысатын олар Қайырымдылық күнінде де қарап қалмады. — Іскер қыз-келіншектер қайырымдылық шараларына тез жинала қояды. Біріміз ақшалай қосылсақ, кейбір кондитерлер тәтті бәліштерін, мейрамхана иелері бауырсақтарын пісіріп әкеліп, балаларға мерекелік дастарқан жайдық, — дейді қалалық іскер әйелдер ассоциациясының «Жас қанат» жастар қанатының көшбасшысы Ләйлә Шуканова.

 «Қайырымды жандар көп келеді»

Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдайтын «Аяла» орталығының басшысы Ақтөбеде жүрегі кең, қолы ашық, қайырымды тұрғындар көп екендігін айтады. Мәселен, жақында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті «Аяла» орталығына электронды кітаптар тарту етсе, сол маңда орналасқан Теннис орталығы балаларға үстел теннисін сыйлап, спорттың осы түрінен шеберлік сағатын өткізіпті.

—  Біздің балаларымызға жан-жақты қолдау білдіретін, қиын сәтте қолтығынан демейтін жанашыр аға-апаларына алғыс айтамын. Атап айтсам, Crown barbershop шаштараздары орталық тәрбиеленушілерінің шашын әр кез тегін қиып, түрлі шаш үлгілерін жасап береді. Сондай-ақ бізге «Ыбырай» қоғамдық қоры жиі хабарласады. Олар бірде біздің балаларды «Лимузин» көлігіне мінгізіп, қаланы аралатып, ойын-сауық орталықтарына қыдыртып, әр балаға 20 мың теңгеден бөліп, дүкеннен киім-кешек алып берді. Балалар киімін сататын «BАIMSTORE» дүкенінің иелері Бақытжан мен Мира Жайлауовтар да «Аяла» балалары үшін қайырымдылық акцияларын жиі ұйымдастырып тұрады. Сонымен қатар «Қазхром» және «Желдорфармация» компаниялары да көмектесіп, демеушілік көрсетеді. Қала тұрғындары да жиі хабарласады. Аты-жөнін айтпай, ет, азық-түлік әкеліп бергендер де болды. Тағы бірі асүйдегі электр плитасының бетін жаңалап берді, — дейді Гүлбарша Жиенқұлова.

Р.S. Орталықты паналап, бір күлкісі кем өсіп жатқан балалар адамдардан жылу, мейірім іздейді. Мүмкін сырттан келгендердің арасынан өз анасын іздеді ме… төбесінде өрілген айдары бар 4-5 жастағы бір балақай жүгіріп келіп, мені құшақтап алды… Рамазан айында осы балалардың тілегі қабыл болсыншы…

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button