Мереке

ҚОЛӨНЕР БҰЙЫМДАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ

Ақтөбеде Наурыз мерекесі аясында жергілікті шеберлердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр.

«Dalida Center» сауда орталығының екінші қабатында 16-22 наурыз аралығында «Sheber Art Aktobe» қауымдастығының 30-дан астам шебері өздерінің қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын ұсынады. Іс-шараны облыстық әкімдіктің қолдауымен өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отыр.

Жәрмеңкеде көпшілік назарына ұлттық кәдесыйлар, этникалық стильдегі киімдер, әшекей бұйымдар секілді қолдан жасалған бұйымдар ұсынылды.

Ақтөбе қаласының тұрғыны, көп жыл ұстаздық еткен Ләйла Бағанова он жылдан бері киізден ойыншықтар мен тұмарлар тігумен айналысады. Шебердің айтуынша, ұлттық кәдесыйларды, негізінен, тойларға, балаларға арналған іс-шараларға деп көп сұрайды. Сондай-ақ туристер де киіз бұйымдарға қызығады екен. Бүгінде шебердің хоббиі қосымша табыс көзіне айналған.

— Осыдан 13 жыл бұрын Астанада туыстарымның тойында түйе пішінді кәдесыйларды көрдім. Олар қонақтарға үлестірілді. Соның бірін үйге әкеліп, өзім жасап көрдім. Алғашқы жасаған бұйымдарымды балаларға бердім. Маған тігін ісі ұнап, осы кәсіппен айналыса бастадым. Өз қолыммен бірдеңе жасаған қатты ұнайды, шеберлік қанымда бар. Ата-анам қолөнерші болған, атам ағаштан түйін түйген шебер болыпты, оқтау мен нан тақтай, сандық секілді тұрмыстық бұйымдарды ағаштан жасаған. Мен ЭКСПО көрмесіне қатыстым, Көкжар, Жармола жәрмеңкелеріне бардым, Ресейде болдым. Ұлттық нақыштағы бұйымдар қай кезде де сұранысқа ие, — дейді Ләйла Бағанова.

Наурыз мейрамы қарсаңында әшекей бұйымдарға да сұраныс артады. Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары ұлттық нақыштағы сырғалар, білезіктер, шолпылар мен шашбауларды сатып алып жатты.

Шеберлердің бірі Әсима Бисенова дайын зергерлік бөлшектерден әшекей бұйымдарды құрастырады. Ол алты жылдан бері осымен айналысатынын айтты.

— Мен декреттік демалыста зергерлік бұйымдар жасауды қолға алдым.  Бұйымдарды арнайы мельхиор бөлшектерден жасаймын. Мельхиор — мыс пен никельдің қоспасынан пайда болатын шикізат өнім. Бір қарағанда күміске қатты ұқсайды, тығыздығы күмістен бірнеше есе жоғары. Мұндай зергерлік бұйымдарды жылдар бойы тағып жүруге болады. Бұйымдарды инстаграм желісі арқылы сатамын. Наурыз мейрамында мұндай әшекейлер үлкен сұранысқа ие, — дейді Әсима Бисенова.

Қала тұрғындарының кейбірі ұлттық киімдерді, оюлы және құрақ көрпелерді қызықтаса, тағы бірі әшекей бұйымдардың бағасын сұрап, саудаласып жатты.

Жергілікті шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарға қызығушылық танытқандар сауда орталығының екінші қабатында өтіп жатқан көрме-жәрмеңкеге барып, ұнатқан бірегей бұйымды сатып ала алады. Жәрмеңке 22 наурызға дейін жалғасады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button