Басты жаңалықтарМәселе

МАИ ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ БІР КҮНІ немесе Ақтөбеде көлік апаты неге азаймай тұр?

Кез келген көлік жүргізушісі «гаишникпен» тілдеспеуге, тіпті соның назарына ілікпеуге тырысады. Дей тұрғанмен бұл қызметтің қызығынан гөрі қиындығы басым екендігі, олардың қауіп-қатерге бір табан жақын  жүретіні де рас. Шынында, жол ережесінің сақталуын қадағалайтын патрульдік полиция қызметкерінің жұмысының ерекшелігі қандай?

Осы және өзге сұрақтарға жауапты, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының басты себептері һәм статистикасын білген едік…

 Аға лейтенанттың арманы

Ақтөбе қалалық полиция басқармасына қарасты патрульдік полиция батальонының аға қызмет инспекторы Ерген Алпысбаев 6 жылдан бері осы салада жұмыс істеп жүр. Жолдағы тәртіпті қадағалау оның бала кезден бергі арманы екен.

— Кішкентай кезімнен полицияның қызметтік формасын киюді қаладым. Астана қаласында әскери борышымды өтеген соң бірден полиция қызметіне жұмысқа орналасқаным сондықтан. Тек жол сақшысы болғым келді. Әуелі халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда қызмет еттім, 2021 жылдан бері қаладағы жол қозғалысының сақталуын бақылаймын. Жұмысым өзіме ұнайды, түсіне білгенге полицей болу — үлкен абырой. Патрульдік полиция батальонында болғандықтан, кез келген шақыртуға ең бірінші боп барамыз әрі жолдағы қауіпсіздікке жауап береміз.

Әрине, қиындықтар да кезігеді. Мысалы, мас адамдардың қоқан-лоққы көрсетіп, тіпті пышақ ала жүгірген оқиғалар болды. Олар заң аясында жауапкершілікке тартылды, абырой болғанда денсаулығыма зиян келтірмеді, — дейді полиция аға лейтенанты.

28 жастағы жігіт Ақтөбедегі колледждерде мұнайшы және заңгер мамандықтарын игерген. 7 жыл самбо мен дзюдомен айналысып, екі спорт түрінен де облыстың 4 дүркін чемпионы атаныпты. Қазір қызмет бабына байланысты спорттан қол үзгенін, бос уақытын отбасына — келіншегі мен екі баласына арнайтынын айтты. Соның өзінде жұмысының қауырт болғанына байланысты кейбір той-жиындардан шет қалатынын, оған жақындары түсіністікпен қарайтынын атап өтті. Өйткені полицей қажет кезде күні-түні қызмет етуге міндетті.

— Жұмысым таңертең сағат 7-де басталып, 20.00-ге дейін созылады. Күндізгі және түнгі ауысымға кезекпен шығамыз. Аптасына бір күн — демалыс.

Оперативтік штаб қайда жібереді, сонда барамыз. Күн сайын тек бір аумақта болу деген жоқ. Арасында қылмыскерлерге тап келетіндіктен, әрдайым қырағы болуымыз керек. Түрлі адамдармен жұмыс істегесін бізді таңғалдыру қиын (күліп). Мысалы, сізбен сұхбаттаспастан бұрын бір кісі жолдың нашарлығына шағым айтып, бізге ұрысып кетті. Сол сияқты қызметімізге тікелей қатысы болмаса да, сан алуан арыз-шағымды естиміз. Полицей формасымен жүргендіктен, бұқара өкпе-назын бізге айтқысы келетін шығар… Алғысын жаудырып, ризашылығын білдіретіндер де көп.

Жалақым — 250 мың теңге. Сондай-ақ жалдамалы пәтерде тұрғандықтан,  отбасының әр мүшесіне 43700 теңге көлемінде төлемақы беріледі. Шүкір, отбасымды асырауға жетеді. Пара алмаймын. Құқық қорғау саласында кемінде 20 жыл еңбек етсең, зейнет демалысына ертерек шығасың. Полицей болғанның артықшылықтары — осындай. Арманым — командир болу, — деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда техниканың бәрі жаңа жүйеге көшкен. Қызметтік көлікке орнатылған арнайы аппарат жол бойындағы құқықбұзушылықтарды, атап айтсақ, жылдамдықты шамадан тыс асырғандар, бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылғандар, салықтан жалтарғандар мен іздеуде жүргендерді автоматты түрде анықтайды.

«Талап жоғары, табысы да жақсы»

Ақтөбе қаласының бас полицейі Әсет Қалиевтің айтуынша, биылғы 2 айда облыс орталығында 34 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 39 адам әртүрлі деңгейдегі жарақат алған, бір адам бір адам қайтыс болған. Бұның барлығы тек жүргізушінің қателігінен емес екен…

— Талдау нәтижесінде жол апаттарының дені жұмыс күндері, әсіресе дүйсенбі мен жұмада болатынына көзіміз жетті. Көлік жүргізушілері дұрыс бұрылмағанда, қарсы бағытқа шығып кеткенде, жылдамдықты асырғанда және жанында келе жатқан көлікпен арадағы қашықтықты сақтамағанда осындай жағдайға тап болады. Жыл басталғалы тіркелген құқықбұзушылықтың 44 пайызына жаяу жүргіншілердің қатысы барын айта кету керек.

Тек қаңтар мен ақпан айларында патрульдік полиция жол ережесін бұзудың 12853 дерегін анықтады. Бұл, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 24,4 пайызға артық, — дейді Әсет Қалиев.

Осы салада 20 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан полиция подполковнигінің қарамағында мыңнан астам тәртіп сақшысының барын, оның 300-ден астамы жол қозғалысына жауап беретінін білдік. Дегенмен Ақтөбе қаласына әлі де 51 МАИ қызметкері жетіспейді. «Жалақы аз деуге келмейді. Тәжірибелі жол сақшылары 300 мың теңгеге дейін еңбекақы алады. Әрі олар әлеуметтік жағынан қорғалған. Бәлкім, талап жоғары болғаннан шығар. Қызметке әскерде болған, бойы кемінде 170 сантиметр, ұқыпты, адал, мейірімді жігіттерді ғана қабылдаймыз», — дейді ол.

Әсет Жайлауұлы әңгіме арасында патрульдік полиция батальоны басқармадағы негізгі жасақтардың бірі екенін, мұндағы тәртіп сақшыларына артылар жүктің ауыр екенін айтты. Қызметте жауапкершілікті түсінбей, заңды белден басқандар да кездеседі екен:

— Жылма-жыл полицейлерге қойылатын талап жоғарылап келе жатыр. Өйткені олар халыққа қызмет етеді. Қай жағынан да мін болмау керек. Бірақ өткен жылы бір жол сақшысы пара алғаны үшін ұсталып, жұмыстан қуылды, заң аясында жауапқа тартылды, — дейді Ақтөбе қалалық полиция басқармасының бастығы.

Ресми деректерге сүйенсек, Ақтөбе қаласы бойынша барлығы 4349 бейнекамера орнатылған.

Қаралы статистика

 Облыс бойынша санайғақтар қандай? Құзырлы орган ұсынған мәліметке жүгінсек, былтыр облыс аумағында тіркелген жол-көлік оқиғалары, 2022 жылмен салыстырғанда, 14,7 пайызға артқан. Жол апатының салдарынан мерт болғандардың қаралы статистикасы да көңіл көншітпейді, 169 жағдай тіркелген. Бұл, 2022 жылмен салыстырғанда, 44,4 пайызға көп.

— Жолдағы апаттарды алдын алу мақсатында 5-29 ақпан аралығында өңірде «Қауіпсіз жол» акциясы өтті. Шара барысында жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін 4,4 мыңнан астам бұзушылықтың жолы кесілді. Соның ішінде қарсы жолаққа шығудың 22 дерегі, мас күйінде көлік құралдарын басқарудың 62 дерегі тіркеліп, жол ережесін бұзған 577 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жаяу жүргіншілерге жол бермеген 216 жүргізуші де заң аясында тәртіпке шақырылды, — дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов.

Құқықбұзушылыққа жол бермеу мақсатында облыс орталығында бәрін автоматты түрде тіркейтін 61 бейнекамера жұмыс істейді, ал полицейлер «Арқан-қорғау» қосымшасына қосылған планшетті пайдаланады.

Сонымен бірге жол-көлік оқиғаларының артуына соңғы 3 жылда шетелдік автокөліктердің шектен тыс көп әкелінуі де әсер етіп отыр екен.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Біле жүріңіз!

ЕГЕР ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ ТОҚТАТСА…

Патрульдік полицияның қызметкері алдымен өзінің лауазымын, әскери шенін, тегін және қызмет ететін бөлімшені, сондай-ақ тоқтату себебін айтуы керек. «Жол жүрісі туралы» ҚР Заңының 52-б. 2-тармағына  сәйкес жол сақшысы көлік құралын негізсіз тоқтата алмайды. Тек жол қозғалысы ережелері бұзылса және рейд кезінде ғана тоқтата алады. Ал жүргізуші іс материалдарымен танысып, түсініктеме беруге, дәлелдеме ұсынуға, сұраныс хатқа өтініш беруге, істі қарауда адвокаттың заңды көмегін алуға, ана тілінде сөйлеуге және егер іс жүргізілетін тілді меңгермесе, аудармашының қызметтерін пайдалануға және іс бойынша қаулыға шағымдану тәртібіне жүгінуге құқылы. Жанжал туындағанда жүргізуші инспектордан кеуде белгісінің (жетон) нөмірін сұрап, қызметтік куәлікпен таныса алады. Және өзінің келіспеушілігін әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамада жазбаша түрде көрсетуіне болады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button