Басты жаңалықтар

КЕРУЕН ЖОЛҒА ШЫҚТЫ  

Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес Ақтөбе қаласында «Көрісу» керуені ұйымдастырылды.

Амал мерекесін ақтөбеліктер ерекше көңіл күйде қарсы алды. Себебі бұл күні қаланың бірқатар жеріне сырнайлатып-кернейлетіп барған «Көрісу» керуені көпшілікті ерекше көңіл күйге бөледі.

Ақтөбе қаласының «Мега шығыс» базарына барған керуен сырттағы және іштегі сатушылармен көрісіп, көңілін көтеру мақсатында ұлттық киім киген қыз-жігіттер ән-күйден шашу шашып, ыстық бауырсақ үлестірді.

«Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес биыл елімізде Наурыз мерекесі Көрісу күнінен бастау алды. Бұл шараға біз де тыңғылықты дайындалып, «Көрісу» керуенімен жолға шықтық. Мақсат — Ақтөбе қаласының тұрғындары мен қонақтарымен көрісіп, мерекелік көңіл күй сыйлау. Біздің арамызда орталық мамандарымен қатар, ақтөбелік белсенді жастар бар. Біздің керуеншілер бүгін кешкілік Ақтөбе қаласының бас даңғылында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында ұйымдастырылатын мерекелік іс-шараға атсалысады, — деді қалалық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Еркебұлан Жақсылықов.

Бұл күні керуеншілердің бір тобы «Әлия» базарына да барды.

— Амал мерекесінде біз қауымдастық мүшелері болып қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлағанды жөн көрдік. Осылайша мереке керуені арқылы бірнеше сауда, ойын-сауық орталықтарына баруды жоспарладық. Бүгінде облыс бойынша қауымдастықтың 349 мүшесі бар. Амал мерекесінде Ақтөбе қаласы бойынша және барлық аудандағы қауымдастық мүшелері осындай іс-шараларға қатысып жатыр, — облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Бақыт Молдагереева.

Аймақтағы іскер қыз-келіншектер «Әлия» базарына келушілер мен ондағы сатушыларға ерекше көңіл күй сыйлады. Көрісіп, құшақтасып,  жылы лебізін арнаған керуеншілердің бұл ісіне тұрғындар риза болды. Себет толы ұлттық тағамдар мен астауға салынған ыстық бауырсақтан дәм татқан қала тұрғындары, саудагерлер оларға алғысын білдіріп жатты.

Екі жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысамын, Ақтөбе қаласында екі дәріханам бар. Көпбалалы анамын. Қауымдастық мүшесі ретінде осындай түрлі іс-шараларға қатысып тұрамын. «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес елімізде Ұлыстың ұлы күнін жаңа форматта өткізу дәстүрі жүзеге асырылып жатыр. Халықтың көңілін көтеру, мерекеге өзіндік үн қосу мақсатында осы іс-шараға қатысып жатырмыз, — деді фармацевт Дина Бисембаева.  

Амал мерекесінде облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері түскі сағат 12.00 мен 14.00 аралығында «Әлия», «Алтай», Орталық базарларымен қатар, «Керуен Сити» сауда, ойын-сауық орталығында, Ә.Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай, теміржол вокзалы, сондай-ақ М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде де болды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button