Басты жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ ПАТРИОТТЫҚ ОРТАЛЫҚ САЛЫНАДЫ

Кеше облыстық мәслихаттың кезекті оныншы сессиясында мәслихат төрағасының өткен жылы атқарған жұмысы және өңірде білім сапасын көтеру мәселелері қаралды.

Сессия отырысына облыс әкімі Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында алдымен облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.

Өткен жылы облыстық мәслихатта 9 сессия өтті, оның ішінде біреуі — ұйымдастыру, үшеуі — кезекті және 5-еуі — кезектен тыс. Жалпы, өткен жылғы сессияларда облыс әкімінің, Ақтөбе қаласы әкімінің және облыстық 19 басқарма басшыларының есептері тыңдалды. Оларда облыс бюджетін бекіту және нақтылау, Ақтөбе қаласы бас жоспарының жобасын мақұлдау, субсидиялауға жататын әлеуметтік маңызы бар автокөлік қатынастарының тізбесін айқындау сияқты өңір үшін маңызды мәселелер бойынша 113 шешім қаралып, қабылданды. Сондай-ақ оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған әртүрлі ережелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.  

Бүгінде облыстық мәслихатта екі тұрақты комиссия жұмыс істейді. 2023 жылы осы комиссиялар барлығы 55 отырыс өткізді, онда 123 мәселе қаралды. Депутат Нұрлан Махамбетовтің төрағалығымен бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі комиссия 36 отырыс өткізіп, 83 мәселені қараса, депутат Айгүл Дүйсенованың төрағалығымен әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі комиссия 19 отырыс өткізіп, 40 мәселені талқылады, — деді Г.Сүйінтаева.

Сессия отырысында Ақтөбе облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиева былтыр өңірдегі 57 мектеп пен 78 балабақшаға аттестациялау шарасы жүргізілгенін, оның 93 пайызы аттестатталмағанын атап өтті. Бұл білім беру ұйымдарының қызметі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты талаптарына сәйкес келмейді. Аттестаттау барысында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында 1007 кемшілік анықталған.

Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім дәрежесіне байланысты. Ал бақылау шаралары барысында білім беру ұйымдары тиісті бейіні бар маманмен қамтылмағаны анықталып отыр. Мәселен, 75 педагогтің білім туралы құжаты беретін пәніне сәйкес келмесе, қазіргі таңда облыстағы мектептерге 321 педагог қажет. Ал мектепке дейінгі ұйымдарға 288 педагог жетіспейді, — деді департамент басшысы.

Ал облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, бүгінде облысымызда орта білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығы 17 800 орынға жетіп отыр. Өңірде 3 мектеп үш ауысымда білім береді. Ал 15 мектептің құрылысы уақтылы аяқталмаған. Бұл мәселелер де балалардың сапалы білім алуына өз әсерін тигізеді.

— Өңірде білім сапасын арттыру үшін «Ақтөбе облысының білім жүйесін дамытудың жол картасы» әзірленген болатын. Аталған мәселелер осы жол картасы шеңберінде шешілуде. Мәселен, биыл облыста 20 260 орынға арналған 38 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 13 150 орындық 20 мектеп және 4 қосымша құрылыс нысаны пайдалануға беріледі. Ал келер жылы 15 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуге тиіс. Сондай-ақ биыл балаларды тегін тамақтану үшін бюджеттен 8,4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бүгінде облыстағы 399 мектептің 377-сінде тегін ыстық тамақ, ал 22-сінде буфеттік тамақтану ұйымдастырылған, — деді Ж.Сұлтан.

Өз сөзінде басқарма басшысы облыста білім сапасын арттыруда «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы», «Ауыл мектептерін кешенді дамыту», «Ауыл мектебі — үздік білім сапасы» жобалары жүзеге асырылып жатқанын, «Сапалы білім» жобалық кеңсесі іске қосылғанын айтты.

Сессия барысында мәслихат депутаттары Бижан Қалмағанбетов, Айгүл Нұркеева, Қайрат Сабыр, Сергей Вишняк, Наурызбек Сарбасовтар педагогтердің біліктілігін көтеру, қаладағы және елді мекендердегі мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім сапасын көтеруде инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану, оқушылардың ыстық тамақпен және қосымша білім берумен қамтылуын бақылау, т.б. мәселелерді көтеріп, басқарма басшысына өз сауал-ұсыныстарын жеткізді.

Сондай-ақ отырыста облыстық мәслихат депутаты Қайрат Райымқұловтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов хабарлама жасады. Бір топ депутат өз сайлау округтері бойынша депутаттық сауалдарын жолдады.

Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров отырыста қаралған мәселелердің барлығы кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын, өңірдің дамуына бөлінген қаржы өзекті әрі маңызды проблемаларды шешуге жұмсалатынын айтты.

— Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған басты тапсырмасы — облыс тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, халықтың тұрмысын жақсарту. Сондықтан қазір біз бюджет қаржысын барынша тиімді және өзекті мәселелерді шешуге жұмсауымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, биыл облыста 14 мектеп, бірнеше жаңа балабақша пайдалануға беріледі. Денсаулық сақтау саласында да бірқатар ірі нысандар салынады, жолдарды жөндеуде ірі жобалар қолға алынуда. Бұдан бөлек ауылдарды газдандыру бағытында да жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Жуырда қаламыздағы автобус паркі жаңа 30 автобуспен толықты. Тағы жаңа 65 автобус әкелінеді.

Қала тұрғындарын қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз етуде биыл қаржы мәселесін шеше отырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлерге қоғамдық көліктерде тегін жүруге мүмкіндік жасаймыз. Бұл бастама алдағы сессияларда қаралып, шешілетін болады. Сондай-ақ келер жылы батыр апамыз Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай Ақтөбе қаласында патриоттық орталық салынады. Қазіргі таңда Әлия апамыздың ескерткішіне жақын аумаққа ғимарат салу мәселесі бойынша қала әкімдігі жұмыс жасап жатыр. Бұл жоба да сәтті жүзеге асады деп сенемін, — деген облыс басшысы жиналғандарды Көрісу күнімен құттықтап, депутаттарды бірлесе жұмылып жұмыс жасауға шақырды.

Сессия соңында күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты қарар қабылданды.

 

   Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button