Мәселе

Тағы да тіл туралы — 2

Қазақ тілі туралы айтылып жатқан әңгіме толастар емес.

Сәл кейін шегінсек: тамыз айының басында «Закон. кз» сайтында «мемлекет 2013 жылдан бастап азаматтармен тек мемлекекеттік тілде сөйлесетіні» туралы ақпарат жарияланған-ды. «Мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жоспарланған өзгерістер жөнінде айтылған ақпараттың буы әлі басылған жоқ. Алдымен «орыстар оянды». Олай дейтін себебіміз Қазақстанды мекендейтін орыс қауымына арналған http://www.russianskz.info сайтында «Қазақстандағы Ресейлік отандастарға! Орыстар, ояныңдар!» деген тақырыппен ресейлік әлеуметтанушы Максим Акимов деген біреудің мақаласы жарияланды. Қазақстандағы «Лад» славян қозғалысына қарата жазған мақаласының өн бойында орыстарды қайта-қайта «оятқан» Акимов осы кең байтақ жердің нағыз иесін, жергілікті тұрғындары — қазақты ұлт ретінде қолынан келгенінше қорлады.

Ол былай дейді:

« … осы кең байтақ далаға орыстар келгенше отырықшы халық та, өркениет те мүлде болған жоқ, Ресейдің ішкі губернияларынан келген орыстар осы жердің тұңғыш отырықшы тұрғыны, сондықтан солар ғана Қазақстанның жергілікті тұрғындары бола алады.

… Бұл жерде әр түрлі көшпелі халық үлкен территорияларда көшіп-қонып жүрді, олар шекара дегеннің, мемлекет дегеннің не екенін білген жоқ.

…егер орыстар бұл жерге мемлекеттіліктің негізін қаламағанда, қазақтар мен қырғыздардың тағдыры қазіргі Монғолия, Қытай, Пәкістан, Ауғанстандағы көшпелі халықтардың тағдырындай, яғни жөн-жосығы жоқ, індет жайлаған, жабайы… болар еді.

Сондықтан біз өз туған жерімізде отырмыз. Қазақстаннан ешқандай жағдайда кетуге болмайды. Орыстар, ояныңдар! Орыстар, ояныңдар!»

— деп, дауысы жеткен жерге дейін айқайлады.

Бұл мақаланың кімді қалай оятқанын кім білсін, әйтеуір Акимовтың арандату мақаласы туралы қазақтілді сайттар да жанұшыра жазды. Әсіресе, «Абай.кз»

сайты. Осы мәселеге қатысты топ-топ мақалалар, сұхбаттар жариялады. Әлгі Акимов дегеннің мақаласына орай ҚР Бас прокуратурасының, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің назарына ашық хат жолдады. Қазақ тілі, ұлты, мемлекеттігі үшін қаны қайнап жүрген дуалы ауыздарға мінбер ұсынды.

Айта кету керек, қазақ тілі туралы мәселеге қатысты ең бірінші болып пікір қосып, ең бірінші болып жан-жүйесі ауырған қазақтілді журналистер болды. Содан соң зиялы қауым өкілдері…

 

Мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды

 

Бұдан кейін қазақтілді сайттарда соңына 138 адамның қолы қойылған «КОНСТИТУЦИЯҒА ҚАРСЫ ӘРЕКЕТТЕР ТОҚТАТЫЛСЫН!» деген атпен «ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА ЖӘНЕ РЕСПУБЛИКАМЫЗДЫ МЕКЕНДЕЙТІН ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНЕ» ашық хат жарияланды. Оның көшірмесі ҚР Президенті Н.Назарбаевқа, ҚР Премьер министрі К.Мәсімовке, ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Мәмиге, ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджановқа жолданды.   

«Тәуелсіздікті қорғау» және Республикалық «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалыстарының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы, Қырғызстанның Халық ақыны  М.Шаханов бастаған ашық хат иелерінің ішінде ақын-жазушылар, ғалымдар, халық әртістері, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, саясаттанушылар, журналистер, зейнеткерлер, сазгерлер, әншілер, кәсіпкерлер, т.б. бар.

Бұл ашық хат иелері «Ресейлік ақпарат құралдарынан сескенген ҚР Мәдениет министрлігінің «Мемлекеттік органдарға мемлекеттік тілде жүгінуге міндетті» деген норманы және мемлекеттік тілді міндеттеген өзге де баптарды заң жобасынан алып тастағанын» айта келіп:

«Мәдениет министрлігі заң жобасындағы Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуін міндеттеген нормаға қарсы Ресейлік ақпарат құралдарының өре түрегелуі — Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындамау. Бұл дегеніміз, Ресейдің Қазақстанды ашық басынуы, оның ішкі істеріне тікелей араласуы болып табылады. Ресейлік ақпарат құралдарының даңғазасына орай Қазақстан Үкіметінің кері шегінуі көңілге Қазақстан Ресей боданындағы ел ме деген күмән ұялатады. Бұл түрімізбен ертең Қытай ақпарат құралы шу көтерсе қытай тіліне де басымдық беретін шығармыз? Егер Қазақстан Тәуелсіз ел болса, мемлекет қызметкерлерінен мемлекеттік тілді талап ететін, бүкіләлемдік қағидаға сай норманы қайта енгізуі тиіс. Біздің мемлекеттік саясатымызға, ішкі істерімізге ешкімнің араласуға хақысы жоқ. Осы жерде Қазақстанның ұлттық ақпарат қауіпсіздігін сақтау мақсатында тиісті шаралар жасайтын уақыт әлдеқашан келгенін айтуға тиіспіз!» деді.

Хат авторлары «Еліміздегі мемлекеттік тілге, мемлекеттік саясатқа қарсы шыққан азаматтарымыз заң аясында жауапқа тартылуы тиіс» екендігін айтты.

«15 жылдан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды» – деп Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің ащы шындықты жайып салғаны да орыстілділерді ойландыра алмаса, не шара?!» деп ашынған хат авторлары егер «билік таяу арада мемлекеттік тілдің жағдайын түзетуге пәрмендi шаралар белгiлеп, оны iске асыруға ұйытқы болмаса, онда қатаң шараларға баруға дайын екендігін» ескертті.

Хат соңында былай делінген:

«Қазақстанның саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары, зиялы қауым өкілдері Қазақстан Үкіметіне, алғашқы кезекте, мынадай талаптар қоямыз:

1. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына «2012 жылдан бастап бірте-бірте мемлекеттік органдарда тек мемлекеттік тіл пайдаланылып, ісқағаздарды қазақ тілінде жүргізілсін» деген норма қосылсын;

2. ҚР Конституциясының 7-бабының орыс тіліне байланысты екінші тармағы алынып тасталсын;

3. Қазақстанның кейбір саяси күштері мен қоғамдық ұйымдарының қатысты-рылуымен жасалып жатқан Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы Парламенттің биылғы күзгі сессиясында қаралып, 2012 жылға дейін қабылдануы тиіс;

4. Бөгде ел және отандық ақпарат құралдарының арандатушылық мақалалары Тәуелсіз Қазақстанның ішкі ісіне нұқсан келтірушілік деп танылсын! Мемлекеттік жоғарғы билік органдары (Үкімет) тарапынан мұндай басылымдар қаржыландырылмасын. Қазақстанның Ұлттық ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар тез арада іске қосылсын».

 

«Ашық хат Конституцияға қайшы»

«Ашық хат Конституцияға қайшы». Қазақстан Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың пікірі бұл.  

www.baq.kz сайтында жарияланған мақалада жарияланғандай, Ермұхамет Ертісбаев қоғам қайраткерлерінің орыс тілін мемлекеттік тіл – қазақ тілімен тең дәрежеде қолдану жөніндегі тармақты Конституциядан алып тастауды талап еткен ашық хатын Конституцияға қайшы деп мәлімдеді. Ертісбаевтың айтуынша, бұл үндеу бөлінушілікке бастайды екен және тілдердің мәртебесі жөніндегі конституциялық норманы Конституциядан алып тастау Конституцияның ұлтаралық жанжалды тұтатуға тыйым салатын 5-бабын тікелей және жанама түрде бұзады екен. «Мен бұл үндеуге үзілді-кесілді қарсымын», — деп мәлімдеді ол. Сонымен қатар, Президент кеңесшісі хатқа қол қойған қоғам қайраткерлері экстремизм, терроризм секілді соңғы қадамдарға баруға ниетті болса, оларға лайықты жауап беріледі дегенді шегелеп айтқан.

Қоғам қайраткерлерінің Конституциядан орыс тілінің мәртебесі туралы тармақшаны алып тастау жөніндегі бастамасын жалғыз Ертісбаев қана емес, Парламент те қолдамады. «Конституцияға қол сұғудың қажеті жоқ деп есептеймін, бірақ қазақ тілін, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту керек деген тұрғыда үндеуді қолдаймын және өзім де солай есептеймін», —  деді Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов. Оның айтуынша, «оларды (яғни, ашық хат авторларын-М.Р.) қазақстандықтардың көбі қолдап отырған жоқ». Депутаттардың дені Парламент төрағасының пікірімен келісіп отыр, олардың сөзінің түйіні — «Конституцияға орыс тілінің мәртебесі бойынша өзгертулер енгізу керек емес».

Бұдан соң елімізде шығатын орыстілді «Время» газеті әдебиетші, қазақ тілінің жанашыры Герольд Бельгердің, жоғарыда аталған үндеуге қол қойған 318 адамның ішінде аты-жөндері бар Қыдырәлі Болмановтың, Бибігүл Төлегенованың, Болат Әбіловтің, Ғазиз Алдамжаровтың ашық хатқа қатысты құбылмалы пікірлерін жариялады. «Это письмо — дохлый номер!» — дейді Бельгер. «Маған ол хатқа қол қою жөнінде қайта-қайта ұсыныс білдірді, бірақ мен оған қол қойғаным жоқ, қоймаймын да, өйткені дәл қазір бұл идеяға сенбеймін», — дейді ол. Жоғарыда аты-жөндері аталғандар да «бұл хаттың мәтінін көрмегендерін немесе олар қол қойған хаттың мәтіні басқаша болғандығын, үндеуде айтылған кейбір пікірлерге үзілді-кесілді қарсы екендіктерін, кейбірі тіпті қолды мүлде қоймағандығын, қол қою туралы келісімді ауызша айтқандығын» тілге тиек етіп, ағынан жарылыпты.

«…Газетке («Времяға»-М.Р.) сұхбат берген кейбіреулердің түрліше пікірінде биліктен сескенушілік, жалпақшешейлік жатқан сияқты. Жалпы, ашық хатта қазақ тілінің осы кездегі проблемалары толығымен көрсетілді. Аталған азаматтардың ашық хаттан кінәрат тауып, бастарын  алып қашқандары ұлттық мүддеге деген адалдықтан туып жатқан жоқ. Кезінде «Қазақстандық ұлтты» қолдаған бірнеше әдебиет пен өнер қайраткерлері орта жолдан айнып, табансыздық танытқаны есімде. Өкінішке қарай, бұл жолы да солай болғалы тұр», — дейді Мұхтар Шаханов «Абай.кз» сайтына берген сұхбатында.

«Ақ жолдың» ұстанымы

 

«Мұхтар Шахановтың ашық хатқа қол қоюы түсінікті. Ол — 20 жыл бойы бұл проблемаға шын ниетімен араласып, мемлекеттік тілдің жағдайына шынымен жаны ауырып жүрген адам. Ал, Болат Әбілов секілді саясаткерсымақтар (Мен енді оларды басқаша атай алмаймын — Е.Е.) хатқа қолын алдағы парламент сайлауында партияларының еш мүмкіндікке ие бола алмасын білген соң қойғаны анық», — дей келе,  Ертісбаев «Ақ жол» партиясының лидері Азат Перуашевтің қол қоюын оның партия басшылығына жаңадан келгендіктен қанатын тезірек кеңге жаюды мақсат етуден деп түсіндіреді (www.baq.kz).

«Үндеудің төңірегіндегі қоғамдық  пікір-таластарда әр түрлі көзқарастардың айтылып жатқанына байланысты осы құжатта көтерілген мәселелер бойынша «Ақ жол» партиясының ұстанымдарын айқын белгілеу қажет деп санаған» партия өз мәлімдемесін жариялады. Ол мәлімдемеде «Ақ жол» ҚДП Орталық Кеңесінің Президиумының Үндеудің ұстанымын тұтастай және толық қолдайтындығы, өкінішке орай, кейбір азаматтар мұндай ұстаныммен келіспей, пікірсайысты мемлекеттік тілге өшпенділік білдіруге пайдаланып отырғандығы айтылған.

«Ақ жол» Демократиялық партиясы елімізде мемлекеттік және орыс тілін толық меңгерген екі тілді қауымдастықты қалыптастыру ұстанымын қолдайды.

Алайда мемлекеттік тілді игеру және оны дамыту «кейінге қалдырылған», «екінші кезектегі» міндет деп емес, мемлекеттік құрылыстың ең басым  мақсаттарының бірі деп қарастырылуы тиіс!» (http://www.abai.kz/content/ak-zhol-partiyasynyn-melimdemesi) делінген мәлімдеменің соңында.

P.S. Біз мемлекеттік тіл төңірегінде айтылып жатқан пікірлерді, болып жатқан оқиғаларды сол күйінде көрсетуге тырыстық. Әлдеқандай себептермен тіл төңірегіндегі мәселенің қалай өрбіп жатқанын біле алмай қалған оқырман үшін. Алдағы уақытта да бұл мәселе жайындағы жайттарды мүмкіндігімізше газетімізге беріп тұруға тырысамыз.

Мейрамгүл Рахатқызы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button