Мәселе

Студент қалай тамақтанады?

Ауылдан қалаға келген бала, жоғары оқу орнына түскеннен кейін бұндағы тірлікке үйренісе алмай қиналады. Бұрынғыдай ауылдағы ас та төк тамақ жоқ, бірде аш, бірде тоқ күндерді басынан өткереді. Осылай қарбаласқан күндер басталып, дұрыс тамақтанбау, ұйқының шала болуы секілді құбылыстар студенттің үйреншікті дағдысына айналады. Ал мезгілінде ас ішпеген адамның ағзасы әлсіреп, енжарлыққа бой алдыратыны белгілі. Сонымен….

Асхана тамағы қанша тұрады?

Дәрігерлердің айтуынша, уақытында тамақтанбау адамның есте сақтау қабілетін нашарлатады. Әсіресе таңертеңгілік  тамақ ішу керек. Алайда студенттердің көпшілігі сабаққа үлгеруі үшін таңғы асты тәрк етіп кететіні белгілі. Сағат 8-де  дәріс залына кірсе,  кем дегенде түскі 1-де шығады. Ал қарны шұрқырап отырып тыңдаған оқытушы сөзі сыртқа шыққан бойда-ақ ұмытылып қалады. Бұдан  кейін  кітапханаға бару керек. Осы екі ортада ауқаттанып алуды ойлаған ізденуші асхана мен буфетке жүгіреді. Ал асханадағы тамақтың бағасы студенттің қалтасына сай ма? Осы орайда қаладағы іргелі екі оқу орнының асханасына бас сұққан едік.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының бас ғимаратында бір асхана, бір буфет бар. Мәселен, асханада біріншіге берілетін лағман, борщ,  кеспе,  бұршақ көже секілді сұйық тамақтар 160 теңге тұрады. Ал екіншіге берілетін мәнті 200 теңге болса, ет қосылған картоп, палау, котлет қосылған күріш ботқасының құны да — осы шама. Сүтті шай — 40, сүтсіз шай — 30 теңге. Картоп қосылған бәліш — 40, самса — 50 теңге.

Аспазшы Бибігүл Рабаеваның айтуынша, барлық тағам түрі асхананың өз ішінде пісіріледі екен.

-— Асханаға осы оқу орнының оқытушылары  мен студенттері келеді. Сондықтан күнделікті келушілердің санына қарай ас әзірлейміз. Мәселен, бір күнде 20 литр борщ, 15 литр лағман, 10 литр кеспе асамыз. Студенттер осы тамақ түрлерін жақсы алады. Жастар ақшасына қарай 180-200 теңгеге түстеніп  кетеді. Жалпы біз бағаны азық-түлікті сатып алуға кеткен шығынға қарай есептеп қоямыз. Уақытында санитарлық қадағалау органдарының мамандары тексеріп отырады. Асхананың іші барлық талапқа сай, — деді.

Буфетте негізінен ұннан пісірілген өнімдер мен гамбургерлер және  сұйық сусындар, шай сатылады. Бұндағы бір гамбургер 80 теңге тұрады.

М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің №1 оқу ғимаратында орналасқан асханасының  ас мәзіріне де көз жүгірттік.

Бұнда қышқылтым көже (рассольник) 130 теңге болса, ет қосылған борщ — 110, етсіз борщ — 60, кеспе — 100, ши —35, картоп көжесі — 120 , сүт көже 65 теңге тұрады.  Ал күріш және сүзбе қосылған тандыр нан 90 теңге болса, тефтели — 60, қуырдақ — 170, гуляш — 120, мәнті — 160, қуырылған балық 120 теңгеден сатылуда. Бөлкелер 35-55 теңге аралығында. Картоп және капуста  қосылған бәліштер 30-35 теңге тұрады. Суға қайнатылған макарон — 45, күріш — 55 теңге. Сүтсіз шай — 15, сүтті шай —30 теңге. Салаттар түріне байланысты 45 -110 теңгенің аралығында сатылып жатыр.

Тағы бір ерекшелік бұнда  жүрек, гастрит, холецистит, асқазан жарасы және бауыр ауруымен ауыратын жастарға арнайы ас әзірленеді. Студенттер дәрігердің нұсқауы бойынша осы асханаға келіп тамақ ішеді.

—  Ас қорыту жүйесі бұзылған балалар айран және  суға қайнатылған ботқалар мен жеміс-жидектер алады. Алғашқыда олар елден ерекшеленіп  бұндай тамақ ішуге ұялатын. Ал қазір уақытында келіп ауқаттанып тұрады. Тамақтың 64 түрін әзірлейміз. Университет ректоры пайда табуды емес, болашақ дәрігерлердің денсаулығына мән беру керек екенін үнемі айтып отырады. Сондықтан оқу орнының қаржыгерлері  бағаны өздері белгілейді. Біз қандай ас әзірлейтінімізді айтып, интернет порталы арқылы азық-түлікке тапсырыс береміз. Өткен жылы асхананың іші жөндеуден өтті. Биыл азық-түлік сақтау үшін жертөлені жаңартып жатырмыз. Бұл кезде көкөністі мол етіп сақтауға мүмкіндік болады.

Асханада шошқа етінен жасалған тағамдар сатылмайды. Өткен жылы құс етін «Аққұс» құс фабрикасынан алдық. Университеттің өзге оқу ғимараттары мен жатақханаларында да тамақтану орындары бар. Өткен аптада №1 жатақханадан үлкен буфет ашылды, — деді асхана меңгерушісі Зұлқия Кенжина.

Жалпы байқағанымыздай, жоғары оқу орындарындағы  асханалардың бағасында көп айырмашылық жоқ. Бір қарағанда қолжетімді сияқты болып көрінгенмен, есептей келсек, бір студент түстенуі үшін 200-300 теңге жұмсайды екен. Ал бұндай қаржыны кез келген жастың  қалтасы көтермесі анық. Сондықтан студенттер бір бәліш пен сүтсіз шайды қорек етуге мәжбүр болады.

Асханаға негізінен оқытушылар жиі барады.

 

Ауру — астан

 

Асқазан ауруы, біріншіден, жүйелі әрі құнарлы  тамақтанбағандықтан,  екіншіден, күйзеліс пен жүйкеге шектен тыс түскен салмақтың салдарынан пайда болады. Ал күні бойы бір бәлішті қорек етіп жүретін студенттер қауымының осы ауруға  жиі шалдығатыны айтпаса да түсінікті.

М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің отбасылық-дәрігерлік клиникасында студенттерді медициналық тексеруден өткізетін арнайы кабинет бар. Осы кабинеттің бірінші санаттағы дәрігері Дина Дүсіпованың айтуынша, жыл басынан бері 37 студент асқазан ауруымен тіркелген. Оның ішінде 8 студент холецистит, 26-сы гастрит және үшеуі асқазан жарасына шалдыққан екен.

Медицина саласында еңбек еткеніме 35 жыл болса, оның отыз жылында студенттердің дәрігері болдым. Университеттегі 3 600 студент маған келеді. Ұзақ жылғы еңбек тәжірибемде  байқағаным, бұрынғыға  қарағанда бүгінгі жастардың арасында кездесетін аурудың түрі көп.

Дұрыс тамақтанбаудың салдарынан асқазан ауруына, әсіресе, бірінші курстың студенттері жиі шалдығады. Себебі үйдегідей үш мезгіл тамақ жоқ, әрі алғашқы кезде оқуға үйренісе алмай қиналады. Сондықтан сабақ басталған уақытта университеттің бірінші курс студенттерімен кездесіп өз денсаулықтарын күту керектігін айтамыз.  Ас қорыту жүйесі бұзылған жас ең алдымен жүйелі тамақтанып жүруі керек. Дер кезінде емделмесе сырқаты асқынып, созылмалы түрге ауысады. Аурудан түбегейлі арылу үшін диета сақтауы қажет. Әсіресе, кеспе, сүт көже секілді, сұйық тамақтарды ішіп жүргені жөн. Бұған қоса салауатты өмір салтын ұстанып, шылым шегу, ішімдік ішу секілді жат қылықтардан аулақ болған абзал.

Жалпы жыл сайын университет ректоры Ербол Бекмұхамбетовтың  бұйрығымен студенттерді ақысыз түрде медициналық тексеруден өткіземіз. Клиниканың ішінде көз дәрігері, гинеколог, невропатолог, яғни барлық  маман бар. Оқу орнындағы кафедралармен тығыз байланыс орнатылған. Мәселен, тексеру кезінде белгілі бір ауру түрі анықталса, тиісті кафедрадағы ассистенттер кеңес беріп, қорытынды диагнозды бекітеді. Олар кейін ем қабылдайды. Өзге оқу орындарына қарағанда біздің университет студенттері өз денсаулығын жақсарту үшін барлық медициналық қызметті жеңілдікпен пайдалана алады. Жастардың денсаулығын жақсарту жұмыстарына университет  басшылығы ерекше назар аударып отыр. Биыл ішкі құрылысы ауыратын 5 студент «Сарыағаш» санаториіне жолдама алды, — деді дәрігер.

Студенттер ультрадыбыстық зерттеу  және  фиброгастроскопия секілді аппараттарға елу пайыз жеңілдікпен түседі. Оқу орнының жанындағы стомотологиялық емхана тегін қызмет көрсетеді. Мәселен, өкпе қабынуына шалдыққан студент клиникадағы  күндізгі стационарда тегін ем қабылдайды. Ал жас  аналар босанғаннан кейін өз денсаулығын күту үшін екі ай оқудан босатылады.

 

Студенттер не дейді?

 

Гүлім САПАРҒАЛИЕВА, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының  4-курс студенті:

—  Студенттердің басым бөлігі таңертең тамақ ішпейді. Бұл әдетке айналып кеткендіктен ішуге тырыссаң да ас батпайды. Сондықтан лекция кезінде қарнымыз шұрқырап отырады. Үзілісте буфетке барып 40 теңгеге бәліш сатып аламын. Ал дәріс залынан шыққан соң асханаға барып жарты тәрелке борщ пен бір бәлішті қорек етемін. Ал ақша таусылған күндері асханаға тіпті  бас сұқпаймын.

Асханаға студенттердің барлығы бірдей бара бермейді. Әркім қалтасына қарай тамақтанады. Жастардың  80 пайызы тез дайындалатын  «Роллтон»  мен қытай кеспесін ішетіні де жасырын емес. Бұл біріншіден, студенттердің әлеуметтік жағдайына, екіншіден, уақыт жетіспеушілігіне байланысты. Сондай-ақ біздің оқу орнында ата-анасыз студентке  жеңілдік жасалады. Олар күніне бір мезгіл тегін тамақтанады.

 

Жанат МОЛДАХМЕТОВА, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің 4-курс студенті:

—   Азық-түлік қымбаттаған сайын асханадағы тамақтың да құны  өседі. Мәселен, бұрын самса 40-50 теңге болса, қазір 60-70 теңге. Ал ыстық тамақтың бағасы бұдан да қымбат. Түстеніп шығу үшін кем дегенде 200 теңге жұмсауға тура келеді. Егер жолақы  мен күнделікті сабаққа қажет кітаптың көшірмесіне  кететін шығынды есептемесек,  тек қана тамаққа айына 6000 теңге жұмсайды екенмін. Пәтер жалдап немесе  жатақханада тұратын студенттерге тіпті қиын. Олар ыстық тамақтың орнына «Роллтон» мен  «Биг Бон» секілді дайын кеспелерді  ішеді. Ал бұлардың  ағзаға өте зиян екенін бәріміз жақсы білеміз.

 

Айсәуле ТІЛЕУБАЕВА, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының  4-курс студенті:

—  Асханаға күнде барамын. Өйткені таңертең тамақ ішуге уақытым болмайды. Сондықтан дәріс залынан шыққан бойда асханаға жүгіремін. Котлет қосылған картоп ботқасы мен бір бәліш және бір кесе сүт қосылған  шай аламын. Бір күнде 200, кейде 300 теңге жұмсаймын. Мен жақсы оқығандығым үшін ең жоғарғы шәкіртақы, яғни 17 500 теңге  аламын. Соның  7000 теңгесі тамақ алуға кетеді. Қалған ақшаны  оқу құралдары мен керек-жарағыма жаратамын. Ал киім-кешекке ақшаны ата-анам беріп жібереді.  Бірінші курста шәкіртақыны қалай жұмсау керектігін білмейтінмін. Қазір үйрендім.

Мақпал САДУОВА, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 2-курс студенті:

— Уақытында тамақтануға тырысамын. Үзілісте буфеттен бір стакан айран мен бір бөлке жеймін. Ақшаң болса асханада тамақтың түрі көп. Біздің оқу орнындағы асханада гастрит немесе асқазанында жарасы бар студенттерге арнайы ас әзірленеді. Кейде ішкі құрылысым ауырса ботқа мен айран сатып аламын. Ал ақшам болмаған күндері асханаға бармаймын.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button