Басты жаңалықтарМәселе

Көл Шалқар, сор баспасын айдыныңды…

Шалқар көлін тазалау жұмыстары өзінің қорытынды кезеңіне көшті. Мердігерлік компания бұл күрделі шаруаны осыдан екі жарым жыл бұрын қолға алған болатын. Сол уақытта біз баспасөзде көлемді мақала жариялап, алдағы уақыттағы жұмыс кезеңдерін көрсетіп отыруға сөз бергенбіз.

Енді алдын ала қорытындыларды шығарып, 2021 жылдан бергі сапалық өзгерістер туралы айтудың реті келген сияқты.

Экологиялық апат шегінде

Шалқар көлінің тарихы тізбелей бастасаңыз, тым тереңге тартады, ал қазіргі күйі қолдан жасалғандай әсер қалдырады.

XIX ғасырдың аяғында Ресей империясы еуропалық бөлікті Азиямен жалғастыру үшін Орынбор-Ташкент теміржолы құрылысын салуды бастағанда сол тармақ Шалқар елді мекені үстімен өтеді. Бұл ретте жақын маңда су көзінің орналасқандығы да ерекше рөл атқарса керек. Сол тұстағы Шалқар көлінің су көлемі 25 миллион текше метрге жетіпті. Кейінірек Кеңес үкіметі су көзінің тартылып қалмауы үшін көлде шлюз орнатады, ол жаңа гидротехникалық құрылыс салынған 2012 жылға дейін орнынан қозғалмайды.

Экологиялық ұйымдардың мәліметтері бойынша 2020 жылдың соңына қарай батпақты шөгінділер қабаты шамамен бір метр шамасын құрайды, негізінде ол әуелден-ақ тазартылмаған. Ал көлдің өзінің тереңдігі екі метр шамасын құраған. Бұл су қоймасында шамамен жарты жыл сайын балық молшылығы туралы хабар таралып отырған деседі.

Ақырында көлдің тіпті жер бетінен жоғалып кету қаупі көріне бастағандай еді. Өз кезегінде мұның өзі экологиялық апатқа соқтыратындығына ешқандай күмән жоқ-ты.

Көлге жақын орналасқан қала мен оның маңайы онсыз да су жетіспестігі жағдайында шаңды бораннан, жел мен ыстықтан қорғанышынан айырылуға жақындады. Мұның соңы көлдің сорлы батпаққа айналуына жеткізіп, оның бетіне шыққан тұздың флора мен фаунаны тұншықтырып, айналаға таралып ұшуына соқтырар еді. Бұл арада бау-бақшалардың көктемей қалатынын айтпай-ақ қоялық.

Бір шүкір етерлігі, қазір Шалқар ауданы бірнеше мың тонна өз көкөністерін өсіруге мүмкіндік тапты. Көлдің суынсыз бұл туралы әңгіме қозғаудың өзі ақылға сыйымсыз жәйт еді.

Ақиқатында жергілікті тұрғындар жаппай мазасызданып, шу көтермегенде Шалқарда бүгінгі күні құрғап қалған көл арнасы, әбден тот басқан металл құрылымдары, сарғайып кеткен бау-бақша, көркі кеткен қала кейпіндегі көріністер туралы сүреңсіз фильм түсіруге болары анық-ты.

Батпақтың зардабы

«Гидросервис Ақтөбе» ЖШС (бұл — қосымша мердігерлік ұйым, бас мердігер —«Tolagai 2050» ЖШС) инженер-гидротехнигі Александр Сергеевтің айтуынша, жұмыстарды жүргізудегі негізгі қиындықтардың өзіндік ерекшеліктері бар. Ол негізінен батпақты шөгінділердің құрғақ және ылғалды болып бөлінуіне байланысты.

Ылғалды батпақтың бір метрлік қабаты көлді уландыруға әкеліп соғады. Мұнда су тез қызып, соған байланысты булану да тез жүреді. Осындай процестер салдарынан және күкіртті сутегі бөлінуі себепті ихтиофаунаға айтарлықтай қауіп төндіріледі.

Көптеген басқосулардан кейін мамандар жағалаудағы құмды сазды механикалық әдіспен, ал батпақтарды қазу арқылы тазарту туралы шешімге келді. Сол аралықта белгіленген жоба түзетуге жіберілді. Мердігерлер бұл ретте қаржыландыруды ұлғайтуға емес, техникалық өлшемдерді өзгертуге бағыт ұстады.

– Жұмыс өндірісі технологиясын өзгертуге, қаржы үнемдеуге байланысты қаланың көл жағалауы аймағын көріктендіру бойынша қосымша жұмыстар орындауға, су тасқыны кезінде қаланы су басып кетуінен қорғайтын жаңа бөгеттер салып, ескілерін көтеруге мүмкіндіктер туды. Бұл өзгерістер жобаны түзету барысында ескерілді,- дейді Александр Сергеев.

Айта кетерлігі, өткен жылы салынған бөгеттер алғашқы сынақтан өтіп те үлгерді. Биылғы көктемгі су тасқыны тұсында сол бөгеттердің беріктігі арқасында көлге жақын орналасқан тұрғын үйлерге ешқандай қауіп төнген жоқ.

Қазба жұмыстары нәтижесі

Біз баяндап өткеніміздей, Шалқар көлін тазалау жұмыстары 2021 жылы қолға алынды.

– Жобаға сәйкес негізгі жұмыстар жер қазуды қолданумен гидромеханикалық әдіспен орындалуы тиіс. Алайда көл суының аз болуы, тереңдігінің таяздығы бірқатар жұмыстарды икемді техниканы пайдаланып, механикалық жолмен атқаруға бағыттады, — деп түсіндіреді Александр Сергеев.

Күрделі техниканы пайдалануда көлдегі балық тұқымының құрылымдарға түсіп қалмауына ерекше назар аударылады. Сондай-ақ жұмыстардың нақты орындарын анықтауда байырғы тұрғындар мен экобелсенділердің пікірлері де ескеріледі.

Бас мердігер ұсынған мәліметтерге сүйенсек, барлық жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 1 миллион 883 мың текше метрбатпақты шөгінділер тазартылған. Бұл жұмыстар негізінде 12 картаға бөлінді. Сондықтан да жергілікті экобелсенділер «мол батпақтың» мөлшерін көрген де жоқ. Бұдан басқа құрғақ батпақ жалпы көлемнің небары екі пайызын ғана құрайды. Қалғанының бәрі су.

 ДЕРЕКТЕР МЕН ДӘЙЕКТЕР

* Шалқар көлінің су көлемі туралы ресми мәліметтер жылдар бойынша:

  1. 2021 жылы – 8,2 миллионтекше метр;
  2. 2022 жылы – 15 миллионтекше метр;
  3. 2023 – 24 миллион текше метр (су тасқыны кезеңінде 31 миллион текше метр).

* Шалқар қаласы тұрғындарының 250-260 гектар бау-бақшалары мен ауладағы учаскелерін суаруға орта есеппен көлден 2,5 миллион текше метр су жұмсалады.

*Тазарту жұмыстарынан кейін көлдің ең терең жерлері 5 метрге, орташа тереңдікте3,5 метрге жетеді.

Су құрамы қандай?

Біздің назар аударғымыз келген тағы бір маңызды фактор — судың гидрохимиялық құрамына қатысты. Шалқар көлінің суы тұщы саналғанымен, оның тұздылығы өте жоғары деп есептеледі. Бұл көл суын пайдаланушыларға — бақшаға да, малға да әсерін тигізбей қоймайды.

Мәселен, ғалымдардың есептеуінше, бұл жерлерде бір бау-бақшалық гектарға 8 мың текше метр су мен 1200 килограмм тұз келеді екен. Бұл өте көп. Алайда әр жыл сайын су тасқыны болған тұста судың тұздылығы біршама кеми түседі.

Әрбір тұщы су ағыны келген сайын тұздың үлесі бір литрге азаяды екен. Бұдан басқа көлдің түбін батпақты шөгінділерден тазарту барлық іріп-шіру процестеріне тоқтам салады.

—Көлдің түбін тазарту нәтижесінде судың гидрохимиялық құрамы сапалық жағынан айтарлықтай жақсарды. Мұның өзі таяу уақыттарда жақын маңдағы аймақтардың сауықтыру және санитарлық-гигиеналық жағдайына оң әсерін тигізеді, қала тұрғындарының тіршілік және демалыс ортасын көтере түседі, — дейді инженер-гидротехник.

Шалқар қаласы аумағындағы бау-бақшаға бөлінген жерлердің топырақ қабатының жағдайы таяу уақыттары күшті минералданған судың салдарынан күрт нашарлап кетуі де мүмкін.

Бау-бақшаға, жалпы қалаға берілетін судың сапасын жақсарту өндірістік-шаруашылық қызметтерін жүргізу үшін аудан орталығының тұрғындары мен кәсіпорындарына, шаруа қожалықтарына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Балыққа қауіп қайдан?

Ихтиофауна туралы бірер сөз. Көлде мөңке, күміс тұқы, сазан, ақ амур және қызыл қанат балықтары өсірілуде. Олардың әрқайсысы өздерінше көлдің берекесін келтіреді. Балықтар микроорганизмдермен қоректеніп, судың ластануына қарсы әрекеттер жасайды. Сондықтан да олардың мәні Шалқар көлі үшін ерекше.

Соған қарамастан, балықтарды аяусыз жоюға құштарлар да табылады. Балық аулауға құлшына кірісетіндерді браконьерлер деп атамасқа амал жоқ. Өмірде көріп жүргеніміздей, кез келген балық уылдырық шашу үшін ағысқа қарсы жүзеді. Бұл көлдің ихтиофаунасы үшін уылдырық шашудың жалғыз орны Қауылжыр өзені болып табылады.

Көлге құятын өзен арналары арасында және одан әрі ағыс бойындағы ерекшеліктерге байланысты уылдырық шашатын балықтар кері орала алмайды да, әккі балықшылардың оңай олжасына айналады.

Балықтарды көлге қайтарудың тиімді де оңтайлы жолдарын іздестіру орнына олар басқаша әрекет жасайды. Рас, көлден алшақ кеткен көптеген балықтар сол жақта өліп жатады.

Аквамәдениет және балық шаруашылығы жөніндегі маман Ғанибек Сұлтановтың айтуынша, мұндай жағдай жоғарыдағы ағыс бойынша 50 және 70 километр аумағында байқалған. Салқын түсіп, Қауылжыр өзені қатқан кезде де мұндағы балықтар қырылып жатады.

Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін өзен арнасын қосымша тазарту ұсынылады. Бұдан басқа қатарынан кейінгі екі жылда көлге балық жіберу жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе 2023 жылдың қазан айында осы ыңғайда аумақты шаруа жүзеге асты.

Осы таяуда ғана, нақтырақ айтсақ, 20 қазанда Арал балық питомнигінен 36 000 мөңке мен күміс тұқының және ақ амурдың шабақтары әкелінді.

– Бұл өте маңызды шара. Өткен жылы біз 20 000 шабақ әкелгенбіз. Бұл бас мердігер «Tolagai – 2050» ЖШС-ның қаржыландыруы нәтижесінде жүзеге асуда. Тағы бір маңызды мәселе — азықтық база жайы. Мен қазір оны шешу барысымен шұғылданудамын, бірақ барлығы да су деңгейіне байланысты, —дейді Ғанибек Сұлтанов.

Қауылжыр өзені — су көзі

Біз енді ең маңызды мәселе — көлге судың тұрақты келуін қамтамасыз ету жайына келдік. Бас мердігер басшылығындағылар Қауылжыр өзені жағынан су ағысын жақсарту мақсатында ені 10 метр және 3 шақырымға дейінгі қашықтықта арнаны тазарту жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Бұның өзі су тасқыны кезеңінде көл аумағына судың мол келуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

2023 жылғы 4 мамырдағы деректер бойынша, биіктіктің балтықтық жүйесі бойынша көл үшін 169,15 метрлік қатерлі деңгейінде жинақталған су көлемі 31 миллион текше метрге жетті. 13 қазандағы жағдай бойынша 167,93 метр деңгейінде жинақталған су көлемі 24 миллион текше метр шамасын құрады. Бұл ретте мейлінше су қоры мол болған жылдардың өзінде көлдің толығуы 16,7 миллион текше метрден аспағанын айтуымыз керек.

Облыс әкімі Асхат Шахаров таяуда Шалқар ауданында болған сапарында Қауылжыр өзеніне қатысты мәселені тыңғылықты зерттеп, оң тұжырым болған жағдайда тиісті ұсыныстар әзірлеуге тапсырма берді.

Өзен аңғарларын тазарту, көлге келетін су көлемін арттыру Шалқар көліне іргелес аймақтардың су балансын болжамдауды қамтамасыз етуге, санитарлық және мелиоративтік шығарылымдарды жүргізу мүмкіндігін жасауға жол ашады.

 

Асхат ҚАЛЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button