Мереке

Даңғыл жолға бастаған қадам

1990 жылы қазанның 25-і күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «ҚазКСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ бұрынғы КСРО-ның алып мүшесі болған Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет екенін мақұлдады. Осы сәттен бастап Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің даңғыл жолына сенімді қадам жасалды. Аталған құжатта мемлекеттің егемендігін мәлім ететін өзіндік территориясы, азаматтығы, мемлекеттік қаржысы, әлемдік қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Елімізде осы кезден бастап азаматтық-демократиялық қоғам құру мақсатында қоғамдық-саяси құрылымға шешімді өзгерістер енгізіле бастады. Осындай сенімді қадамдар нәтижесінде жаңа мемлекет — Қазақстан Республикасының байрағы көтерілді.

Қазір бұл күн мемлекеттік тұрғыда атап өтіліп, мереке ретінде тойланады. 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды.

Енді бұл күнелімізде ұлттық мереке ретінде аталып жүр.

Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Бірақ 2009 жылы Президент Жарлығымен алынып тасталды. Былтыр маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.Ел Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Аталған заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке — Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке — Тәуелсіздік күні болып қабылданды.

Мемлекеттік егемендік туралыдекларация 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен қабылданды. Онда ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Декларацияда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент — Мемлекет басшысы — әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Сол декларация аясында еліміз кеңестік заңдарды қолдануды біртіндеп шектеп, тәуелсіз Ата Заңды құруға жедел және жүйелі қадам жасады. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек — 1991 жылы

16 желтоқсанда — «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды.

Көп сарапшының пікірінше, егемендік туралы декларацияда Қазақстанның емес, ҚазКСР-інің егемендігі жарияланды. Декларацияға сәйкес адамдарда КСРО азаматтығын сақтап қалу құқығы болды. Олай болса Қазақстанның халықаралық қатынастардағы дербестігіне кепілдік беруге мүмкіндігі шектеулі еді. Мемлекет КСРО-дан шығуға құқылы болғанымен, іс жүзінде сол бұрынғы мемлекеттік құрсауда қала берді. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Заң қабылданғаннан кейін ғана Қазақстан әлемдік қоғамдастық мойындаған тәуелсіз мемлекеттің заңды рәсімделген мәртебесіне қол жеткізді.

Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар тәжірибесі қанат жайды. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл—қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.

Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азатыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр. Тарихқа көз салсақ, ғасырлар бойы ата-бабамыз атқа қонып,  елімізді, жерімізді қорғамаса, азаттығымыз үшін күреспесе, тәуелсіздікке қол жеткізе алар ма едік? Қайсар да батыр бабаларымыз болмаса, бейбіт күннің ақ таңын сезіне алар ма едік? Бұл орайдағы тек кешегі 1986 жылы болған желтоқсаншы жастар болмаса, осы күнге жетер ме едік? Жоқ, олардың отансүйгіштігі болмаса, ұлтжандылығы болмаса осы күнге жету, жетпеуіміз екіталай еді. Сондықтан ең бірінші,тәуелсіздікке қол жеткізу жолында жанын берген, қанын берген ата-баба аманатынқастерлеуге міндеттіміз.

Бүгінде біз ата-баба арман еткен тәуелсіздікке қол жеткізген, алыс-жақын шетелдерде абыройы асқақ, дамушы елдердің алдыңғы қатарында келе жатқан, оңы мен солын ажыратар елге айналдық.

Азаттықты бағалау, қастерлей білу — әрбір азаматтың парызы. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, ынтымағымыз бен бірлігіміз жарасып, сыйластықта өмір сүрсек, еліміздің іргесі сөгілмесі анық.

Еліміз бен жеріміздің айбыны асқақ, тәуелсіздігіміз тұғырлы, қазақ елі, Қазақстан мәңгі, ғұмырлы болатынына сенім мол. Тәуелсіз мемлекетке айналу бізге үлкен серпіліс, күш берді. Тарихи күш десе де болады. Біздің өз еркімізбен алға ұмтылуымызға, мемлекет болып өркендеуімізге жол ашылды.

Тәуелсіз Республика бола салысымен, көптеген шұғыл сұрақтарға шешім табылды. Түрлі ауыртпашылық әкелген Семей полигоны жабылды, Арал теңізі мәселесі біртіндеп шешілуде, тарихи мұра, мәдениетіміз, қазақ тілі қайта жаңғыртылды, табиғи байлығымызды өз иелігімізге қайтара алдық. Қазір біз болашағымызға сеніммен қарай алатын, зайырлы, өркениетті, индустриалды жаңғырту жолында жоғары қарқынмен дамып келе жатқан мемлекетпіз. Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде экономика, ішкі және сыртқы саясатпен қатар, табиғи қорларымыз да басқа мемлекеттің қарамағында еді. Сол қиын-қыстау кезеңде қазақ халқының сана-сезімі, намысы оянды. Жігерлі қазақ жастары өз жерімізде лайықты күн көруге, өз ана тілімізді, мәдениетімізді құқылы қолдануға талпынды.
Бүгін, міне, КСРО кезеңіндегі тарихты, сөзбен жеткізе алмайтын күрделі өмірді еске алып жатамыз. Сөйтіп, халықтың ұлттық мүддесі үшін күреске жол ашылды. Осының бәрі, бізді 1986 жылғы Алматыда өткен желтоқсан оқиғаларына алып келеді. Сондықтан жаңа алаңда өткен қазақ студент жастарының шерулері, тәуелсіздікке әкелген бастама десек, қателеспейміз.

Қазіргі таңда Қазақстанның өзіндік үні, пікірі, мәртебесі бар. Біз әлемдік деңгейде аяғымызды сенімді басып, басқа елдер бізбен санасатын мемлекетке айналдық. Мұндай нәтижеге қол жеткізуүлкен шараларды, іс-әрекеттерді талап етеді. Яғни ішкі және сыртқы саясатты байыпты жүргізу, халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өркендеуін, әлемдік қауымдастықта өркениетті мемлекеттермен білікті қарым-қатынас жасау, әрине, бір адамның қолында емес. Бірақ халық атынан үлкен деңгейде сөйлей алатын, сөзін құлақ салып тындайтын, мемлекетке бағыт-бағдар беріп отыратын ерекше тұлға — Президент.

Тәуелсіздік жарияланған сәттен бастап мемлекеттің одан әрi даму үрдiсiн болжау және халықтың талғамына сай ең тиiмдi даму стратегиясын таңдауда жан-жақты, қайсар, жігерлі, саясат жүргізуде көшбасшы және ой-өрісі кең, интеллектуалды тұлға қажет еді. Республиканың қазіргі келбеті, бастан өткен сәтсіздіктері және жеңістері түбегейлі құрылымдық өзгерістерді жүргізуде шетелдік инвестицияның маңызды фактор екенінекөз жеткізіп отыр.

Жастарға заманауи білім берумен қатар, өңдеуші өнеркәсіпті жақсарту мақсатымен жаңа мамандар даярлау керек. Мектептер мен жоғары оқу орындарын қазіргі заманға сай техникалық құралдармен, инновациялық жабдықтармен қамтамасыз ету керек.

Тағы айта кететін жайт — жастардың бизнеске деген құштарлығын ояту. Бүгінде жаскәсіпкерлерді қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар бұл бағытта білікті мамандарды даярлауға жол ашылды. Сонымен қатар еліміздің инновациялық тұрғыдан дамуына мүмкіндік туды. Жастардың инновациялық жоғары белсендiлiгі, ойлаудың инновациялылығы әрі олар жедел түрде шешім қабылдап, тәуекелге бейiмделуi сияқты батыл қадамдарға бара алады.

Біз көпұлтты және көпконфессиялы қоғам екенімізді ұмытпауымыз керек. Ана тіліміз — біздің рухани байлығымыз, тарихи құндылығымыз. Өз тілімізді қай салада болмасын  қуана қолдануымыз қажет.

Еліміз өркендеудің жаңа шыңына, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңі — «Әділетті Қазақстанға» бет алдық. Осы бағытты ұстанып, болашаққа сеніммен қарағанымыз сол 1990 жылы республика мәртебесі мақұлданған болашақтың сара жолы болса керек.

Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button