Мереке

Ұлттық мереке: тарихи қадамдар және ұмытылмас сәттер

«Мен Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсындым. Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтердім. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Биылдан бастап Республика күні — ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні — бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ», — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қазанда мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде.

Сол жиында Президент Егемендік декларациясы халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі екенін қадап айтты.

25 қазан: азаттыққа ұмтылыс, тағдыршешті нәтиже

Тарихқа көз жүгіртсек, 1990 жылдың 25 қазаны мемлекетіміз дәуіріндегі ерекше дата болғаны сөзсіз. Бұл күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат — «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Ресми мәліметтерде бұл құжаттың Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама болғаны жазылады. Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздігін ресімдеудің жаршысы болған бұл құжатты дайындау кеңестік империяның кеңістігінде белең алған экономикалық және саяси құлдырау жағдайында жүргізілді. Осы ретте бұл құжаттың оңайлықпен қабылданбағанын да айта кеткен жөн. КСРО Жоғарғы Кеңесі басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануын үнемі тежеп отырғаны белгілі. Сондықтан Қазақстанның тағдырын шешкен осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу әрі қабылдау азаматтық батылдықтың көрінісі болды.

 

«Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды жүйеленген саяси-құқықтық қадамы жасалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздігіміздің бастауында дәл осы Егемендік туралы декларация тұрғаны анық. 25 қазан еліміздің азаттыққа ұмтылыс жолында тағдыршешті нәтижеге алып келген күн ретінде қадірлі болып тұр. Сондықтан еліміздің Тәуелсіздігі осы күннен бастау алатынына күмән жоқ», — делінген ресми мәліметтерде.

Әлем елдерінің біразы республика күнін ерекше атап өтеді. Сонымен қатар бұл мереке мемлекетімізде 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізіліп, 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланды. Ал 2009 жылдан бері Республика күні атаулы күндер қатарынан түсіп қалды.

Сарғайған құжаттар сөйлейді

Тарихымыздың тамыры, құнды құжаттардың шын жанашыры — архив қызметкерлері қашанда сұранысыңды қанағаттандырып, іздеген нәрсеңді алдыңа тосады. Облыстық мемлекеттік архивтің құжаттарды пайдалану және жариялау бөлімінің басшысы Жанаргүл Әжіғалиева Республика күні қарсаңында бізге бірқатар тарихи құжаттарды сөйлетті. Сарғайған газет тігінділерімен қатар, 1995 жылы 2 қазандағы Ақтөбе қаласы әкімінің қаулысын да ұсынды. Онда: «1995 жылғы 25 қазанда Қазақстан Республикасы күнін мерекелеуге байланысты қалалық әкімшілік басшысы қаулы етеді: 1.Республика күнін дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар бекітілсін. 2. Меншік нысанына қарамастан, кәсіпорындардың, ұйымдардың, оқу орындарының басшылары Республика күнін дайындау және мерекелеу жөніндегі іс-шараларды әзірлесін және ағымдағы жылдың 10 қазанында қалалық әкімшілікке ұсынсын», — деген қала әкімінің қаулысының орындалуын бақылауға жауапты тұлғалар бекітілген. Сонымен қатар қалалық әкімшілік басшысының қаулысына шаһардың Спорт сарайы алаңына киіз үй тігу турасында 17 кәсіпорынның тізімі жарияланған қосымшаға көзіміз түсті. Бұл іске тартылған кәсіпорындардың қатарында — «Арай», «Актюбинсксельмаш», «Актобе РУНО», «Актюбинснефть», «Әдемі», «Ақсүт», «Дидар», «Ақтөбе нан», «Актюбхимпласт» акционерлік қоғамдары мен «Полиграфия», «Запказэнерго» өндірістік бірлестіктері сияқты өзге де кәсіпорындар бар.

Осы жылы Ақтөбе қаласында Республика күні кең көлемде аталып өтіпті. Бұл мерекенің лайықты деңгейде тойланғаны «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газетінің 1995 жылдың 28 қазанында жарияланған  материалдарда айтылады. Мәселен, газеттің алғашқы бетіндегі журналист Сағындық Ниянқұловтың «Достық пен туысқандық мерекесі» тақырыбындағы материалында қала әкімінің сөзі берілген. Онда: «…Жалпы саны он алты мекеме Республика күніне өздерінше атсалысып отыр. Бұрынғыдай киіз үй жоқ дейтін сылтаудан толығынан құтылдық деуге болады. Қазір кәсіпорындар мен мекемелерде 80-ге жуық киіз үйіміз бар. Оларды әр ұйым мүмкіндігінше жабдықтайды…» — делінген. Газеттің осы санында мерекеден фоторепортаждар берілген. Онда арбаға жегілген түйелердің шеруін, мерекелік концерттер мен ақшаңқан киіз үйлердің суреттері басылған. «Той дастарқаны кең жайылды» мақалада: «…Газет жанашыры, қазақ баспасөзін насихаттауда көп еңбек сіңіріп жүрген Өтеміс Әкімовпен бір-екі ауыз сөйлескенбіз. «Біз өзіміздің мерекемізді өзіміз төбемізге көтеруге тиіспіз. Қашан мереке ұғымы саналарға толық сіңгенше осылай тойлаудан қашпауымыз керек. Биыл киіз үйлердің шоғыры сиреп қалған сияқты. Меніңше, оның қатарын көбейтпесек, сиретудің еш жөні жоқ. Елдігіміздің шын көрінісіндей болған бес жыл көптеген ойларға жетелейді. Мынадай қиын кезеңде тойлаудың жөні қалай деушілер де табылмай қалмас. Сондықтан да бұл мерекенің тек той тойлау үшін емес, елдігімізді білдіру үшін қажеттігін ұғынғанның артықтығы бола қоймас».

Бұл — архив қызметкері Жанаргүл Әжіғалиева ұсынған құжаттардың, сарғайған газет материалдарының бір парасы ғана. Тарих қойнауына сіңген мұндай іс-шаралар бүгінде архив сөрелерінде «сайрап» жатыр.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button