Басты жаңалықтар

«Қазақстан Халқына» қоры Ақтөбе облысына 4,3 миллиард теңгеге  қайырымдылық көмек көрсетеді  

Бүгін Ақтөбе облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен «Қазақстан халқына» қорының қызметі өңірлер үшін» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосуға «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, депутаттар, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.
ң
💬 «Өздеріңізге белгілі, елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры екінші жыл қатарынан денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру, спорт саласындағы мәселелерді шешу үшін қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Сондай-ақ, аталған қор төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетіп келеді. Жалпы, облыста «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен біршама игі істер атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін біздің тарапымыздан айтылған біраз ұсыныс қолдау тауып, өңірімізде үлкен жұмыстар жасалды. Біз қормен бірлесіп жұмыс жасауды тоқтатпаймыз», – деді өңір басшысы.

Ләззат Шыңғысбаева «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қайырымдылық бағдарламалары мен жобалары туралы айтты. Бүгінгі таңда қорға жалпы сомасы 156,9 миллиард теңге түскен.

💬 «Ақтөбе облысына 4,3 миллард теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілген. Сонымен қатар, қазіргі кезде жұмыстанып жатқан жобаларға 4,3 миллиард теңге қарастырылды. Жалпы айтқанда, Ақтөбе облысы бойынша 8,6 миллиард теңгеге 18 қайырымдылық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазір қорда 40 адам жұмыс жасайды. Әрине, олар республиканың барлық өңірін  қамти алмайды. Сол үшін біз үкіметтік емес ұйымдармен және басқалармен серіктес болып жатырмыз», – деп атап өтті ол.

Белгілі болғандай, облыста ауыр, өмірге қауіп төндіретін және орфандық сырқатқа шалдыққан 10 пациент үшін қор қаражатынан жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынған. Сондай-ақ, облыста 4 пациенттің Ресей Федерациясы мен Түркия клиникаларындағы еміне 58,6 млн теңге сомасында емделу ақысы төленіпті. Қан тамырлы патологиясы бар 4 балаға медициналық емдеу жүргізілді.

Өңірлік медициналық мекемелерді офтальмологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету шеңберінде «Ақтөбе перинаталдық орталығы» мекемесіне жалпы сомасы 4 млн теңгеге диагностикалық линзалар мен офтальмологиялық дулыға сатып алынды.

Балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту жобасы аясында Ақтөбе қаласындағы «Ана мен баланы қорғау орталығына 159 млн теңгеге жабдықтар жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, облыстың шалғай өңірлерінде онкологиялық скрининг жүргізу үшін жылжымалы медициналық кешен құру жобасы іске асырылуда.

Қор тарапынан облыста әлеуметтік қолдау саласында да едәуір жұмыс атқарылған. Атап айтсақ, облыстың 2 тұрғыны жалпы сомасы 34,5 млн теңгеге инновациялық протезге қол жеткізген.

Бүгінгі таңда қордың ықпалымен Ақтөбеде аутизм және басқа да менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған орталық ашу жоспарлануда. Ләззат Шыңғысбаева республика бойынша барлығы 8 орталық ашылған, оның 4-і Шымкент, Павлодар, Талдықорған, Өскеменде жұмыс істейтінін айтты.

Дөңгелек үстел барысында облыстың денсаулық, білім, спорт салалары мен әлеуметтік қолдау бағытында тиісті орган өкілдері тарапына ұсыныс пікірлер айтылды.

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button