Басты жаңалықтар

Ақтөбе таза әрі жасыл қала болуға тиіс

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен отырыста Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды. Жиынға басқарма жәнебөлім, коммуналдық мекеме басшылары, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Алдымен қала әкімі Азамат Бекет Ақтөбенің одан әрі даму жоспары бойынша баяндама жасады.

Тұрғындарға ең қажеті — газ, су, жарық

Облыс тұрғындарының 60 пайызы  Ақтөбеде тұрады.2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қала халқының саны — 565 829 адам.

— Өздеріңіз білетіндей, облыс орталығында 54 тұрғын алап бар. Оның газ желісіменен — 47-сі, электр желісімен — 46-сы  және ауызсумен 35-і ғана қамтылған, — деген Азамат Бекет тұрғын алаптарды инженерлік желілермен қамтамасыз ету мақсатында 7 жобалық-сметалық құжаттама дайындалғанын, тағы 5 жоба әзірленіп жатқанын айтты. Аталған жобаларды жыл соңына дейін толық аяқтап, мемлекеттік сараптаманың оң нәтижесін алу жоспарланып отыр.

Тұрғын алаптарда 324,1 шақырым электр желісін жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 10 киловатты «Шығыс», «Рауан» резервтік қосалқы станцияларының құрылысы және Жанақоныс-3 (2-ші кезек) электр жүйесі толығымен аяқталса, Жаңаауыл-1, Бауырластар-5, Баянауыл-1, және Батыс-3 шағын ауданы электр желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы керек.

— Бүгінде Жанақоныс-3 тұрғын алабына газ тарту жұмыстары аяқталды, Ал Жаңаауыл-1, 2, 3, Шығыс-1, 2, Баянауыл-1, 2, Сарбаз тұрғын алаптарында ауылішілік және газ жеткізуші жүйелерінің құрылыстарынжыл соңына дейін аяқтаймыз. Тұрғын алап тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де басты назарымызда тұр. Қазір Шиелісай-1, 2, Бекқұл баба, Мағаджан тұрғын алаптарынасу желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл елді мекендерге жыл соңына дейін таза ауызсу барады, — деді қала әкімі.

Сондай-ақ ол биыл Батыс-3 шағын ауданының аумақтан тыс су құбыры желілерінің құрылысы және Жоғарғы Қарғалы су қабылдағыштан Төменгі Қарғалы су қабылдағыштың  2-ші көтергісіне дейінгі су құбырын қайта жаңғыртудың ауқымды жобалары басталғанын айтып, ауыспалы кезеңмен 2024 жылы аяқталатынын хабарлады.

Ақтөбе қаласындағы су тапшылығын жою мақсатында жылдың соңына дейін аяқталуы керек тағы бір жұмыс — Елек су тартқышын кеңейту.

Баяндама барысында Азамат Бекет бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін Ақтөбе қаласында 24 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты.

Жолдың жайы өзекті

Ақтөбедегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 655 шақырым. Оның 363 шақырымына ғана асфальттөселген, қалғаны — қара жол.

Жиында қала әкімі бүгінде«ҚазЖолҒЗИ»-мен жолдарды паспорттау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Паспорттаудың мақсаты — әрбір көшеге, даңғылға және тасжолдарға тиісті паспортпен тізбесін жасап, «Көше-жол желілері» электронды жүйесіне деректерді бейімдеу. Сонымен қатар жолдарды ағымдағы жөндеуге және күтіп ұстауға қаржыландыру нормативін әзірлеу. Зерттеудің қорытындысын қазан айында аламыз, — деген Азамат Бекет қала аумағында автомобиль жолдарын салу, күрделі, орташа жөндеу, аула аумақтарындағы жолдарды орташа жөндеу шеңберінде 13,4 млрд.теңгеге ұзындығы 105,6 шақырым болатын 49 жобаны іске асыру жоспарланғанын айтты.

Ақтөбе қаласында 1800-ден астам көпқабатты үй, 800-ден астам аула бар. Қазіргі таңда көпқабатты үйлердің аулаларын орташа жөндеу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. 57 аула жөнделді, 43 ауладағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.

Тазалық және жолаушылар тасымалы

2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында қала бойынша 71 жоба әзірленіп, жергілікті бюджеттен 1,3 млрд теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Биыл Астана ауданы бойынша 1347 евроконтейнер, 200 қоқыс жәшігі сатып алынды. Одан бөлек, 145 қоқыс алаңында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Алматы ауданы бойынша  200 евроконтейнер, 300  стандартты контейнер, 300 қоқыс жәшігі сатып алынды. Одан бөлек 8 қоқыс алаңы орнатылды, — деді қала әкімі.

Айтпақшы, қала бюджетінен 54 арнайы техника сатып алуға 3 млрд.теңге бөлінген.

Бүгінде қалалық бағытта жолаушылар тасымалдайтын 46 бағыт бойынша 4 тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Күн сайын келісімшартта көзделген 355 автобустың орнына орта есеппен 274 автобус шығады.

Биыл 112 автобус сатып алынған. Жылдың аяғына дейін «Автопарк» ЖШС қосымша 30 автобус сатып алуды жоспарлап отыр.

— Бүгінгі таңда қоғамдық көліктің 50 пайызға жуығы жаңартылды. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, — деді қала әкімі.

Жолаушылар тасымалдау бойынша конкурс ұйымдастырылып, келісімшарт жасалып жатыр екен. Техникалық сипаттамаға сәйкес қозғалыс кестесі бекітіліп, автобустар саны көбейеді. Конкурс аяқталғаннан кейін кестеге сәйкес тасымалдаушыларға таңғы сағат 6.30-дан кешкі 22.30-ға дейін жүруге талап қойылады.

Сонымен қатар Бекқұл баба, Шилісай, Рауан, Ақшат, Өрлеу, т.б. елді мекендеріне қатынайтын автобустар санын көбейту талабы қарастырылған.

Криминогендік учаскелер жарықтандырылады

2022 жылы көше жарықтандыру желілерін жаңғырту жобасын іске асыру басталды. Жобада 9000 жарық нүктесін орнату қарастырылған. Өткен жылы Қарғалы тұрғын алабында Солнечная көшесіне 30 жарықтандыру тірегі орнатылды. Биыл қаланың криминогендік учаскелерінде 2500-ге жуық жарық нүктесіорнатылып жатыр. Қазіргі уақытта жұмыстар Заречный-1,2,3,4 тұрғын алабы, 12-шағын аудандағы айналма жолдан бастап малбазарына дейін жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ жоспарда Құрмыш, Сүт зауыты қалашығы, Мәскеу, Қарғалы, 12-шағын аудан және  Жанақоңыс елді мекені бар.

Екі спорт кешені ашылады

Қалада мәдениет және спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған Азамат Бекет Есет батыр шағын ауданы мен Сазды тұрғын алабында салынып жатқан  денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталғанын хабарлады.

Айтуынша, жыл соңына дейін тағы екі — Жаңақоныс пен №21 мектептің жанында денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылатынын айтты.

Сондай-ақ бесденешынықтыру-сауықтырукешенінің құрылысын бастау жоспары тұр. Қурайлы тұрғын алабында салынатын спорт ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр екен.

Ал Жаңақоныста басталған Мәдениет үйінің құрылысы  2024 жылы аяқталады.

Сонымен қатар Есет батыр, Пригородный, Қызылжар, Өрлеу, Ясный тұрғын алаптарында Мәдениет үйін салу бойынша жобалар әзірлену үстінде.

Ақтөбе қаласының даму жолында жасалып жатқан жұмыстарға қысқаша ғана тоқталдым. Біз тұрақты экономикалық өсу, өңірде өмір сүруге қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету үшін барлық бағыт бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Алға қойған міндеттерді жауапкершілікпен орындауда барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз, — деді қала әкімі Азамат Бекет.

Талап пен тапсырма — көпке ортақ

Қала әкімінің баяндамасын тыңдаған соң облыс әкімі Асхат Шахаров осы жылдың 8 айының қорытындысына сәйкес Ақтөбеде көтерме сауда, өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі және инвестициялар тартуда әлеуметтік-экономикалық дамудың төмендеуі тіркелгенін айтты. Сондай-ақ стратегиялық құжаттардың бірқатар негізгі көрсеткіштері мен іс-шараларын орындамау қаупі бар.

Қала әкімі облыстың салалық басқармаларымен бірлесіп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша өсу резервтерін тез арада іздестіруі қажет,— деген Асхат Шахаров биыл жоспарланған әлеуметтік маңызы бар жобалар мерзімінде орындалмай отырғанын айтты. Сондай-ақ қаланы күтіпұстауға жұмсалған шығындардың екі есеге артқанына, арнайы техниканы сатып алуға 2 млрд теңгеге жуық қаражаттың бөлінгеніне қарамастан, жұмыстар тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Ірі көлемді қоқыстарды шығару және қаланы абаттандыру жұмыстарының сапасы да өзектілер қатарында.

Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты шеңберінде желілердің тозуын азайту жөніндегі тапсырмасы бар. Осыған байланысты жыл соңына дейін «Aqtobe su-energy group» мекемесімен бірге инженерлік желілерді жөндеу бойынша жобаларды әзірлеу процесін жеделдету қажет. Сонымен қатар Батыс-3 шағын ауданында қазандық салу керек. Бүгінгі таңда, техникалық экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр.

Сол жұмыстарды 1 қазанға дейін аяқтап, сараптама қорытындысын алып және жобалық-сметалық құжаттама дайындауға кірісу керек, — деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі әлеуметтік мәселелерге, тұрғын үй құрылысы бойынша жұмыстарды жеделдету және мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

— Биыл 114 нысанды бейімдеу жоспарланған, бүгінде оның 70-і ғана бейімделген.  Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет, — деді ол.

Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері мен депутаттар қала тұрғындарын толғандырып жүрген мәселелерді өңір басшысына жеткізіп, шешілу жолдарын сұрады.

— Ақтөбе қаласындағы барлық мәселені жақсы білемін. Бүгін сіздермен соларды талқылап, шешу жолдарын анықтау үшін кездесіп отырмын. Қала әкімінің алдына бірнеше нақты міндеттер қойылды. Бірақ  бұл тапсырмаларды орындау үшін біз бірге жұмыс жасауымыз қажет, — депсөзін түйіндеген облыс әкімі Асхат Шахаров қала әкімдігіне Ақтөбені дамытуға, оның ішінде шеткі аймақтарға, инженерлік-инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектептерді абаттандыру, салу жөніндегі жобаларға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жұмыстарды нақты үйлестіру мақсатында шаһар басшылығының алдына Ақтөбе қаласының 2026 жылға дейінгі кешенді даму жоспарын әзірлеу міндеті қойылды, ол 2023 жылдың қазан айының екінші онкүндігінен кешіктірілмей бекітуге енгізілуі тиіс.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button