Басты жаңалықтар

Тоқсан ұлтты тоғыстырған өңір

«Халқымыздың ынтымақ-бірлігі бұл — тағдырдың бере салған сыйы емес. Бұл, ең алдымен, жұртымыздың күнделікті табанды еңбегінің арқасы екенін дұрыс түсінуіміз керек. Сондықтан біз бірлігімізді күн сайын нығайтып отыруымыз қажет. Яғни татулық пен келісім халқымыздың өмір салтына айналуға тиіс.

 Әйтпесе елдікті сақтап қалуымыз өте қиын болады»…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінен.

Тарихтың қилы кезеңдерінде елімізде тағдырдың тәлкегімен пана іздеп келген түрлі ұлт өкілдеріне құшағын ашып, бір үзім нанды бөліп жеген қазақ халқы қашанда татулықты берекенің бастауы деп білген. Ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқан Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері бүгінде бір шаңырақтың астында тату тұрып жатыр. Соның бір көрінісі — ақтөбелік өзге ұлт өкілдерінің татулығы мен бірлігі, осы өңірдің халқына деген сүйіспеншілігі және қазақ тіліне деген ерекше құрметі. Біз    

облыстағы татулықты көздерінің қарашығындай сақтайтын өзге ұлт өкілдерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі, жеткен жетістіктері жайлы қалам тербеуді жөн көрдік…

Бірліктің берекелі бесігі

Ақтөбе облысы — бүгінде тоқсаннан астам ұлт өкілдерінің қара шаңырағы болып отырған мекен. Мұнда басына күн туғанда қазақ халқынан пана тапқан, тың игеру жылдарында осы өлкеге жан-жақтан ағылған көштерден түсіп, осы жерге қазығын қаққан немістер, украиндер, орыстар, белорустар, татарлар, башқұрттар, кәрістер, шешендер, өзбектер, әзірбайжандар, қырғыздар, қарақалпақтар, армяндар, поляктар, грузиндер, т.б. түрлі ұлттың өкілдері тұрады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтөбе облыстық филиалы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаеваның айтуынша, бүгінде өңірде 16 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ал оларды біріктіріп отырған Ассамблея облыстағы сан ұлт пен ұлыстың өз мәдениетін, тілі мен дәстүрін сақтауға мұрындық болып, ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етіп келеді.

  • Қазір облыста тоқсаннан астам ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Аймақтағы 16 этномәдени бірлестіктің жұмысы жүйелі түрде жолға қойылған. Сол бірлестіктердің жұмысын жандандыруға мемлекет мүмкіндігінше қолайлы жағдай жасап отыр. Ассамблея бүгінде азаматтық қоғам институты ретінде маңызды қызмет атқаруда. Ол барлық этностардың мүддесін топтастырып, азаматтарды ұлтына бөлмей, құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етіп келеді. Облыс аумағында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіріп отырған бірегей ұйым «Қоғамдық келісім» мекемесі де өңірдегі этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтауға негізделген.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі — жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясында: «Біз көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірімізді түсінуге және құрметтеуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет. Біздің «Әртүрлі көзқарас — біртұтас ұлт» деген қағидамыз мызғымайды. Патриотизмнің жоғары құндылықтарын ұлтаралық артықшылық сезімімен алмастыруға, достық пен бірліктің орнына бір-біріне деген өшпенділікке жол берілмейді», — деген болатын. Біздің облыстағы өзге ұлт өкілдері Президенттің осы ұстанымын қатаң ұстанады. Олай дейтініміз, бүгінде өңірдегі сан ұлт пен ұлыстың өзара татулығы, осы жердің тарихы мен мемлекеттік тілге, қазақ халқына деген құрметі ерекше. Мемлекет басшысының биылғы сессияда біздің алдымызға қойған басымдықтары мен міндеттері негізінде Ассамблея ұлтаралық келісім мен татулықты сақтау, облысымыздағы өзге ұлт өкілдері арасында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырып келеді, — дейді Маржан Қорғанбаева.

Оның айтуынша, биыл облыста этносаралық қатынастарды нығайту, қазақ халқының қонақжайлылығын, дәстүрлерін насихаттау, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыру мақсатында көптеген іс-шаралар өткізілген. Мәселен, шілде-тамыз айларында облыстың барлық ауданында «Өңірдегі этносаралық ахуал және этносаралық шиеленістердің туындау себептері және оны шешу жолдары» тақырыбында мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен әдістемелік семинарлар өткізілсе, «Қазақ әдебиетінің тарланы» челленджі аясында әртүрлі этнос жастары арасында қазақ жазушыларының шығармалары насихатталған. Қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері мен тіл жанашырларының қатысуымен «SŪQBATTAS» атты подкаст форматындағы жоба әлеуметтік желілер арқылы облыс халқының назарына ұсынылған.

Бұдан бөлек Қазақстан халқы тілдері күні мерекесінде «Тіл — халықтың алтын көпірі» тақырыбында мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері жастарының қатысуымен диалогтық алаң ұйымдастырылған.

  • Бұл шаралар өңірдегі өзге ұлт өкілдері арасындағы ауызбіршілік пен татулықты сақтауға, олардың қоғамда болып жатқан оқиғалар мен жаңалықтарға деген көзқарасын, пікірін қалыптастыруға, елге, жерге, қазақтың тарихына, әдебиетіне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында өткізілді.

Жалпы, бүгінде ынтымақ пен татулықтың ұйытқысына айналып отырған Ақтөбе өңірінің жұртшылығы қай мерекеге де, мәдени-көпшілік шараларға да бір үйдің баласындай атсалысып, өз үлестерін қосады. Мәселен, биыл Алғыс айту күнінде «Ассамблея жастары» бірлестігінің өкілдері Ассамблея жанындағы шығармашылық ұжымдары мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің волонтерлерімен бірлесіп, қариялардың артериялық қан қысымын өлшеп, оларды мерекемен құттықтады. Әннен шашу шашып, көңілдерін көтерді. Сондай-ақ жастар ардагерлердің ауласын қардан тазалап, тұрмыстық жұмыстарына көмек қолын созды, — дейді филиал хатшылығының меңгерушісі.

Биыл Наурыз мейрамында облыстағы барлық этномәдени бірлестіктің мүшелері ұлттық ойындарға қатысып, арқан тарту, асық ату, гір көтеру, ләңгі тебу, қолкүрес, тоғызқұмалақтан жарысты. Мәртөк ауданында өткен «Жастар-LIFE» атты реалити-шоуда  өзге этнос өкілдері қарапайым ауылдың өмірімен танысып, қазақтың тұрмыс-салтын, дәстүрлерін дәріптеп, өзара бақ сынасты. Аталған шараға Ақтөбе қаласы мен Алға, Мәртөк, Қарғалы аудандарынан келген 8 қатысушы ұршық иіруден, жүн түтуден, сиыр сауудан, бауырсақ пісіруден, қамыр илеуден жарысып, жеңімпаз атанғандары бағалы сыйлықтарға ие болды. Кейін бұл бағдарлама You-Tube каналына жүктеліп, барша облыс тұрғындары өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқының салт-дәстүрлерін қалай дәріптейтініне, күнделікті тұрмыста олардың қазақтың кейбір әдеп-ғұрпын қалай ұстанатынына көз жеткізді.

Биыл да жылдағыдай өңірімізде Қазақстан халқының бірлігі күні кеңінен атап өтілді. Бұл мерекеде этномәдени орталықтардың шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама әзірлеп, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін жастар арасында түрлі конкурстар өткізілді. Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы барлық жоғары және арнаулы орта оқу орындарында  мерекелік концерттер, шығармашылық кештер, дөңгелек үстелдер мен өнер, білім сайыстары ұйымдастырылды.

— Облыстағы тоқсаннан астам ұлттың басы қосылатын үлкен мереке — Бірлік күні. Жыл сайын осы мерекеде қаламыздағы орталық саябаққа ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, барлық этномәдени бірлестік өздерінің мәдениетін, ұлттық тағамдарын, салт-дәстүрін көрсетеді. Көрмелер мен жәрмеңкелер, түрлі сайыстар өткізіледі. Сонымен қатар қазақ халқының салт-дәстүрлері насихатталып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады, мемлекеттік тілді дамытуға, өңірдегі өзара татулықты сақтауға атсалысқан өзге ұлт өкілдері марапатталады. Бір сөзбен айтқанда, Бірлік мерекесі кең көлемде атап өтіледі. Бұл да осы өңірдегі өзге ұлт өкілдерінің татулығын, ауызбіршілігін, ынтымағын білдіреді, — дейді Маржан Қорғанбаева.

Тілегі бір татар қызы

Биыл Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл — небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл — теңдессіз жетістік!», — деген болатын. Шынында да, бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда қай қоғамға да ең қажет дүние — бейбіт өмір, тыныш тірлік. Сондықтан елімізде тұратын кез келген ұлттың өкілі, әрбір адам тыныштық пен бейбітшіліктің қадірін білуі керек. Тәуелсіз елімізде сақталып келе жатқан өзара ұлтаралық келісім мен татулықты әрі қарай дамытуға, осы ортақ мүдде жолында бірлесе еңбек етуге, жұмылуға тиіс. Бұл жөнінде облыстағы «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Эльвира Хабибуллина былай дейді:

— Мен Ақтөбе өңіріне отбасыммен 1977 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келдім. Содан бері осы қалада түрлі ұлт өкілдерімен өзара ынтымақтастықта өмір сүріп келемін. Меніңше, кез келген адам үшін алдымен туған жері, содан кейін өмір сүріп жатқан жері ыстық. Ақтөбе бүгінде менің кіші Отаныма айналды. Бұл жерде тұрып жатқаныма 45 жылдан асты. Осы уақыт аралығында әсем қаламыз жаңаша кейіпке енді, гүлденді, көркейді. Бүгінде бұл қалада 600 мыңға жуық халық тұрады. Тоқсаннан астам ұлттың өкілі өзара бірлікте өмір сүріп жатыр. Ал Қазақстан — бұл біздің ортақ үйіміз, киелі мекеніміз. Мен осындай бейбіт, ынтымағы жарасқан елде тұрғанымды мақтан етемін. Себебі барлық ұлт өкілінің ортақ Отаны да, тағдыры да осы жерде!

Жан-жағындағы адамдарды өзінің ашық мінезімен, бауырмалдығымен, көпшілдігімен баурап алатын татар қызы қазақ тілінде еркін сөйлейді. Құрамында 250-ге жуық мүшесі бар «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігіне жетекшілік ететін ол — осы орталықты дамытуға, өңірдегі этносаралық татулықты сақтауға өзіндік үлесін қосып жүр.

  • Менің бұл бірлестікке жетекшілік еткеніме 8 жыл болды. Осы уақыт аралығында біздің бірлестік көптеген жетістікке қол жеткізді. Мұның бәрі адал еңбек пен бірліктің, ынтымақтың арқасында деп ойлаймын. Біздің этномәдени бірлестіктің мүшелері жыл сайын Алғыс айту күнінде, Қазақстан халқының бірлігі және тіл мерекесінде өз өнерін көрсетіп, ұлттық тағамдар әзірлеп, көрмелер өткізеді. Жалпы айтқанда, біздің бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы — татулықты ту еткен қазақ халқының кеңдігінің, бауырмалдығының арқасында. Облысымызда қаншама ұлт болса, солардың барлығы қазақ жұртының кеңпейіл, мейірбан, ашық, қонақжай екенін жақсы біледі, құрметтейді, мемлекеттік тілге деген қызығушылығы да жоғары, — дейді ол.

Эльвира Хабибуллина қазақ тілінде өзі ғана еркін сөйлеп қоймай, бірлестіктің мүшелеріне, балаларына үйретіп жүргенін айтады. Оның айтуынша, облыста тоқсаннан астам ұлттың өкілі тұрса, олардың бәрі мемлекеттік тілді білуі керек.

  • Мемлекет басшысы айтқандай, қазір елімізде қазақ тіліне судай, қазақтың болмысын бойына сіңірген тіпті қазақ халқының салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері көп. Біздің өңірімізде де сондай отбасыларды кездестіруге болады. Осыны көріп, кейде өзім мәз боламын. Шынында да, қазақ халқындай дарқан, кеңпейіл халық жоқ шығар бұл әлемде, — дейді татар қызы.

Айтпақшы, Эльвира Гинақызының атасы Гариф Нагметжанов өткен ғасырдың 30-жылдарында жаппай сауатсыздықты жою науқаны жүргізілген тұста Қазақстанға келіп, бастауыш мектепте мұғалім болған. 1937 жылы Мәртөк ауданы Жайсаң ауылына көшіп келіп, сол ауылдағы бастауыш мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген көрінеді. Сол ауылда жастарға арналған кешкі сыныптарда дәріс оқыған. Орыс, татар, араб, қазақ, өзбек тілдерін білген. 1940 жылдары Қарақалпақстан жеріне барып, сол жақта қалып қойған. Кейін Эльвира Хабибуллина алты жасқа толғанда, бұл отбасы Ақтөбе жеріне көшіп келген. Атасы сияқты сауатты, жан-жақты болса керек, кейіпкеріміз қазақ тілін аз уақытта үйреніп алған. Қазір ол ауызекі сөйлеуден бөлек, жиындарда, іс-шараларда мемлекеттік тілде сөз сөйлеп, баяндама жасап жүр.

Қазақ жергілікті ұлтпен тілегі бір, Ақтөбені ерекше жақсы көріп, құрметтейтін татар қызы қай жерде де елге деген ілтипаты мен құрметін, лебізін білдіріп жүреді.

Абайды тану — қазақты тану

Қазіргі таңда облыста жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл орайда биыл өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар, аналар кеңестері, жастар мен этномәдени бірлестіктер көптеген іс-шара ұйымдастырды. Олар Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөліміне барып, сарбаздармен кездесулер, Конституция күніне орай әскери бөлім қызметкерлерінің қатысуымен мерекелік концерттер өткізді. Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Роман Рахиев бастаған қариялар Хромтау, Мәртөк, Ырғыз, Ойыл, Қобда, Әйтеке би аудандарын аралап, халықпен кездесті, атқарылатын жұмыстарды талқылады, Ассамблеяның жұмысына баға беріп, қоғамда болып жатқан оқиғаларға қатысты ауыл халқының пікірін білді. Сондай-ақ «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша аудандардағы тарихи орындарға экскурсия жүргізілді. Соның аясында Ассамблея жастары Мұғалжар, Алға және Мәртөк аудандарының тарихи, киелі жерлерін аралады.

Сондай-ақ биыл жыл басынан бері облыстағы өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді үйрену үшін тілдерді оқыту орталығында курстарға қатысты. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасованың айтуынша, осы жылдың 8 айында 1500-ге жуық адам мемлекеттік тілді үйренсе, соның 42 пайызы — өзге ұлт өкілдері. Олардың қатарында этномәдени бірлестіктердің мүшелері, жастар және қала тұрғындары бар.

Айта кету керек, Ақтөбе қаласында өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрететін әзірбайжан, татар-башқұрт, кәріс, украин этномәдени бірлестіктерінде 3 жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Сондай-ақ орыс ұлтының «Родина.kz» этномәдени бірлестігі жанында қазір қазақ тілін оқытатын «Abay мектебі» жұмыс істейді.

Бұл мектептің жетекшісі Юрий Гончаревтің айтуынша, қазір мұнда 40 адам қазақ тілін үйреніп жатыр. Олардың бәрі — өзге ұлт өкілдері.

  • Алдағы жылғы меже — 100 адамды оқыту. Одан бөлек балаларға арналған курс ашқымыз келеді. Жалпы, бұл мектепке келіп, мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндер көп. Біздің әдістемеміз де өзгеше. Олай дейтінім, курс барысында біздің оқытушылар

теориядан гөрі практикаға басымдық береді. Біздің тыңдаушыларымыз күнделікті тұрмыста қолданатын сөздерді тез үйреніп алды. Қазір театр, кинотеатрға барып, қазақ тіліндегі фильмдерді, пьесаларды тамашалап жүр, — дейді ол.

Аталған мектеп былтыр Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай ашылған. Биылғы мерекеде курсқа қатысушыларымен Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет кездесіп, мектептің жұмысымен танысты.

Юрий Гончаревтің айтуынша, аталған мектепке келіп, мемлекеттік тілді үйренемін деушілерге ешқандай шектеу қойылмайды. Сабақтар әр жексенбіде өтеді. Келушілерге қойылатын талап ортақ — дәрістерден қалып қоймау керек.

Мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшынысы жоғары орыс жігіті Юрий алдағы уақытта курстың жұмысын дамытқысы келетінін айтады.

Айтпақшы, Юрийдің келіншегі Дарина — қазақтың қызы. Қазаққа «күйеубала» болған ол қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрыптарын жақсы біледі. Отбасында қазақы дәстүрлерді ұстанатын Гончаревтер осылайша бүгінде өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретіп жүр.

Ең қызығы, көпбалалы әке бір ұлына қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының есімін қойыпты. Мектептің де атауын «Abay» қойған. Мұның себебін ол былай деп түсіндірді:

  • Абай — қазақ халқының маңдайына біткен дара тұлға. Ол — қазақ халқының ел болуына ұлан-ғайыр еңбек еткен ойшыл. Абайды тану — қазақты тану. Сондықтан Абайдай ақын, ойшыл болсын деп ұлыма ұлы тұлғаның есімін қойған болатынмын.

Сондай-ақ мектептің де атауы ұлы Абайдың құрметіне қойылды, — дейді ол.

Ұлты неміс, жаны қазақ

Алға ауданы Тоқмансай ауылының тұрғыны Диана Кремердің  ұлты неміс болса, жаны — қазақ. Ол қазақ тілінде сөйлейді, өзін қазақпын деп есептейді және мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

Сүп-сүйкімді неміс қызы осы ауылда туып-өскен. Тоқмансай орта мектебін бітіріп, «Тарлан» колледжіне оқуға түскен. Кейін ауылдағы Мәдениет үйінде қызмет істеп жүріп,  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультетінде оқыған. Қазір орта мектептің 7-9 сыныптарына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді.

  • Екі жылдан бері ауылдағы мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Әкем Виталий Кремер — «Құлагер» шаруа қожалығының иесі, анам Айсұлу Ерғалиева ауылда мейірбике болып қызмет атқарады. Әкемнің ұлты неміс болғанымен, ол кісі де қазақшаға судай. Үйде барлығымыз қазақ тілінде сөйлесеміз. Мектепте оқып жүрген кезде-ақ менің қазақ тіліне деген құрметім ерекше болды. Абайдың өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқитынмын. Түрлі байқауларға қатысып, жүлдегер атандым. Осы күнге дейін бірнеше рет Қазақстан халқы Ассамблеясынан марапат алдым. Сондай-ақ облыстық, аудандық тіл байқауларында жеңімпаз атандым. Осындай жетістіктерге жеткенім үшін ата-анама ризашылығымды айтамын, — дейді ол.

Неміс қызы бүгінде бір отбасының ұйытқысы болып, өз ауылындағы Ескелдиндерге келін болып отырғанын айтады. Жолдасы екеуі отбасында екі қыз тәрбиелеп отыр. Олар да қазақ тілінде емін-еркін сөйлейді.

  • Шынымды айтсам, мен неміс тілін білмеймін. Жаным да, қаным да қазақ болып кеткен. Кейде анам: «Әкең неміс қой» деп әзілдейді. Алайда біздің отбасымыз қазақтың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын ұстанады, қазақтың ұлттық тағамдарын жасайды. Негізі, үлкен атамның туыстары бар. Олар қазір Германияда тұрады. Соңғы рет олар ауылымызға 2013 жылы қонақ болып келген. Арғы аталарымның басынан өткен тарихын, олардың Алға жеріне қалай қоныстанғанын біле бермеймін. Әкем де ол туралы көп білмейді. Дегенмен Қазақстанда тұрғанына қуанады. Мен де осындай қасиетті мекенде тұрып жатқаныма мақтанамын, — дейді Диана.

Оның айтуынша, қазір Тоқмансай орта мектебінде 185 оқушы бар. Оқушылары дарынды, өнерлі Диана биыл білім саласындағы жетістіктері үшін «Жас маман» облыстық байқауынан жүлделі ІІ орын алып, Көкшетау қаласына барып, еліміздің әр түкпірінен жиналған ұстаздармен тәжірибе алмасып келіпті. Оның ендігі мақсаты — жан-жақты, дарынды оқушыларды тәрбиелеу, еліміздің білім саласын дамытуға үлес қосу.

Қолынан келмейтіні жоқ, мінезі ашық әрі бауырмал неміс қызының айтуынша, ынтымағы мен достығы жарасқан еліміздің Туы биік, болашағы жарқын болуы үшін жастары қайсар, білімді және патриот болуы керек.

  • Қазір біздің елімізді әлем елдері мойындап келеді. Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде Қазақстан жоғары табыстарға қол жеткізді. Ендігі жерде көшіміздің түзу, бағытымыздың айқын екенін бүкіл әлемге дәлелдеу үшін біз, жастар, еліміздің нағыз патриоты болып, ұлт намысын, ел болашағын бірінші орынға қоюымыз керек. Сол үшін жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беріп, олардың қоғамнан өз орнын табуына үлес қосуымыз керек. Мен ұстаз ретінде осы мақсат жолында үздіксіз еңбектенетін боламын, — дейді неміс қызы.

Р.S. Ақтөбе жерінде тұрып жатқан барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің басты құндылығы — татулық пен ауызбіршілік. Қоғамдық келісім, бейбітшілік, бірлік —  тұрақтылықтың кепілі. Ендеше тұрақтылығымыз мәңгі, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button