Мәселе

Көп шығынға баттық

Александр ЧЕМОДАНОВ,

Әйтеке би ауданы «Құмқұдық» ЖШС директоры:

—  Киіктерге әбден көзіміз үйренген, тіпті биыл біздің қожалықтың алқабында төлдеді. Шыны керек, екі жыл бұрын бізге қарай кеткен киік саны тап осындай көп болмады, сондықтан болар жер иелері де көп көлемде шығынға ұшырамайтын. Ал осы маусымда Ақтасты мен Жангелдин ауылдарында екі жақтан екі бригада күні-түні кезекшілікке шығуға тура келді. Десек те мыңдаған киіктерді қайыру немесе алқапқа жібермей ұстап тұру мүмкін болмады. Сөйтіп, біз көп шығынға баттық. Табын киік тек егінді жеп қана қоймайды, егістіктің үстіне жатады, сол жерді шұқып, таптап тастайды. Мәселен, біз тор қойған арпа алқабынан гектарына 12 центнерден, ал киік кірген торланған жерден гектарына 8 центнер арпа жинадық. Сонда біз 400 гектардан 4 центнеркем алып отырмыз. Егер әр тоннаны 60 мың теңгеден есептейтін болсақ, біздің серіктестік 9 миллион 600 мың теңгені жоғалтып отыр. Бұл —  тек бір ғана тордың есебі. Бидайды гектарына орташа 8-12 центнерден жинадық. Торланған бидай алқабына да киіктер кіріп кетті, бұл жерден гектарына 7 центнерден алдық. Бізде осындай бес жер бар, әрқайсысында 200 тоннадан бар. Ал бір тоннаны шамамен 80 мың теңгеге көбейткенде, 80 миллион теңге шығады. Мен тек астық туралы айтып отырмын. Сонымен қатар жайылым да бар. Жақында малды жаятын жер де қалмайтын шығар. Осы оқиғаға қатысты біз құзырлы мекемелердің бәріне жазып, хабардар еттік. Бірақ, ақбөкендер — мемлекет қорғауында тұрған жануар. Осылайша біз жеп отырған нанымыздан айырылатын болдық. Тым құрығанда біз батқан шығынның 50 пайызын өтеп берсе деген тілегіміз бар. Қалай болғанда да жағдайды реттеу қажет. Осы ретте кеңестік дәуірде Қарабұтақта, Ырғызда, Қарауылкелдіде киік етін қабылдайтын зауыт болғанын еске салғым келеді. Мен Қарабұтақта тұрдым, сол жылдары арнайы киік атуға аңшылар мен киік атушыларды жалдайтын. Ал киіктің еті дүкендерде қолжетімді бағада сатылды. Егер жыл өткен сайын Бетпақдала киіктері шектеусіз көбейіп, қаптай берсе және ешқандай да шара қолданылмаса, онда бізге егін және мал шаруашылықтарымен айналысудан бас тартуға тура келеді.

Алқаптан қалай оқшаулаймыз?

Мейрамбек СӘТІМОВ,

Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

— Сәуірдің аяғы-мамырдың басы аралығында Әйке, Ақтасты, Жабасақ, Құмқұдық, Тұмабұлақ, Сарат, Ақкөл, Қызылжұлдыз ауылдық округтер аумағында киіктердің көші өтті. Ақбөкендер Өлкейік, Толыбай, Ырғыз өзендері мен Шалқар, Жаңадәуір көлдерін мекен етті. Мамыр айында киіктер жаппай төлдеді. Мамырдың үшінші онкүндігінде отар-отар киік «Құмқұдық», «Еңбек-AGRO», «Бұлақ», «Алға», «Али», «Әсем-Наз» шаруа қожалықтарының егіс алқаптары мен жайылым, шабындық жерлеріне толық кіріп алды. Осы ретте ақбөкендердің бұл кезде енді көтеріліп келе жатқан егіс алқабына орналасқанын да ескерген жөн. Сол уақытта біз ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына хаттар жолдадық. Аталған мекемелердің мамандары арнайы аудандарға барып, жергілікті мекеме басшыларымен, шаруа қожалықтарымен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында киіктерді көлікпен қууға, атуға тыйым салынатыны ескертілді. Сонымен қатар кездесуде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге өздерінің аумағынан жануарларды үркітіп кетіру үшін қорықшы ұстағандары жөн екендігі айтылды. Қожалығы бар шаруалар бұрын да, қазір де егіс алқаптарын күзететіні мәлім.

Шілде айында аты аталған қожалық басшылары облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына ақбөкендердің егістік алқаптарына кіріп, қанша шығын келтіргендігін көргендері бойынша баяндап, акт жолдады. Сондай-ақ шаруалар мыңдаған киікті егіс алқаптарынан оқшаулап, Өлкейік өзенінің жағалауына жинау туралы ұсыныс білдірді. Кеңес дәуірінде жануарды атуға рұқсат болатын. Қазір оған тыйым бар.

Алдағы уақытта мемлекеткиіктердің мәселесін реттеуге қатысты нақты шаралар қабылдамаса, келесі жылы киіктің таралымы тағы да көбейетіні анық.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button