Басты жаңалықтарМәселе

Ақтөбенің экологиясы алаңдатып тұр

Ақтөбеде қоқысты уақтылы шығару, жағымсыз иістің таралуы сынды мәселелердің ерекше өзекті екені рас. Жақында ғана өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өзі бұған қатысты түйткілдерді шешу үшін  жедел шараларды қабылдауды тапсырған еді.

Құзырлы орган өкілдері аталған мәселелерге қатысты түсінік берді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұршашқан Ізбасарованың айтуынша, қалада жағымсыз иістің шығуы негізінен кәріз тазарту құрылғысының тозуымен байланысты. Пайдалануға берілгеніне 40 жылдан асқан кешенді жаңарту қажет. Қазіргі таңда жаңа нысанның жобалық құжаты дайын тұр.

— Бұл мәселе 2018 жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Өйткені қолданыстағы кәріз тазартатын кешеннің 80 пайызы ескірген. Техникалық жағдайы сын көтермейді. Сондықтан кәріз тазарту кешенін салу — күн тәртібіндегі мәселе. Құрылғының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды.

Жобаның жалпы құны — 53,5 миллиард теңге. Жоспар бойынша келесі жылы кешеннің құрылысы басталмақ. Жалпы, бұл Ақтөбе қаласының негізгі экологиялық проблемаларының бірі — ауаның күкіртті сутегімен ластануына қатысты мәселені шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде, — дейді ол.

Ал Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бисембин тағы бір өзекті мәселе — қоқыс шығару, қоқыс полигонының қайта-қайта өртенуіне қатысты төмендегі уәжін келтірді: «Әлдеқашан толған қоқыс полигонының жанынан жаңасын аштық. Бұрынғысының беткі қабатына тағы өртенбеу  үшін топырақ төсеп жатырмыз, жұмыстар басталып кетті.  Қоқыстың уақтылы шығарылмауына келсек, бұған жауапты компаниялар ауысты. Соған байланысты соңғы 4-5 айда мәселелер туындады. Олқылықты шешу үшін 1 тамызда  «АТК» серіктестігі құрылып, қажетті техникалар жасақталып жатыр. Тұрғындарға айтарымыз, түсіністікпен қарап, 1 қыркүйекке дейін сабыр сақтасаңыздар. Өйткені сол уақытта қоқыс шығаратын техникалардың толық құрамы болады», — дейді.

Жаз басталғалы Ақтөбе қаласында ауызсу мәселесі де көпшілікті тығырыққа тіреді. Көп қабатты үйлерде судың қысымы төмен, кейде тіпті су келмей қалады. «Aqtobe su-energy group» АҚ-ның бас директоры Ерлан Блиевтің айтуынша, жаз айларында бау-бақшасын суаратындардың кесірінен осындай мәселе бар. Бұл мәселе күз мезгілінің ортасына қарай қалыпқа келеді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button