Мәселе

Кәріз жүйесі және Ақтөбенің ауасы

Үкімет басшысы Ақтөбе қаласындағы кәріз тазарту құрылысының жағдайымен және жаңа станция салу жоспарымен танысты.

Ақтөбе кәріз тазарту қондырғылары 1981 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта негізгі құрылыстардың техникалық жағдайы нашар, қондырғылардың тозуы 80 пайызға жеткен. Бүгінде жаңа станция салудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, құжат мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып үлгерген. Сондай-ақ құжаттаманы дайындаудан бастап, нысанды пайдалануға беруге дейінгі іс-шараларды көздейтін жобаны жүзеге асырудың жол картасы бекітілген.

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың айтуынша, жаңа станция салу Ақтөбе қаласының негізгі экологиялық проблемаларының бірі ауаның күкіртті сутегімен ластануына қатысты мәселені шешуге мүмкіндік береді.

Премьер-Министр Ақтөбе қаласының экологиялық мәселелерін шешу жергілікті атқарушы органдардың басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

— Кәсіпорындардан шығатын зиянды қалдықтар қаладағы жағымсыз иістің негізгі себебі болып отыр. Қоқыс полигонында қайта-қайта өрт шығып, онсыз да күрделі экологиялық ахуалға зиян келтіруде. Қоқыс шығару қызметтерінің жұмысы да ақтөбеліктердің орынды наразылығын тудырып отыр. Осы мәселелердің барлығына облыс әкімдігі жіті назар аударып, оларды шешу үшін жедел шаралар қабылдауы қажет, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы жыл соңына дейін жаңа кәріз тазарту құрылыстарын салуға қатысты барлық құжаттаманы дайындауды аяқтап, алдағы 2–2,5 жылда қала үшін маңызды жобаны жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында болатынын жеткізді.

«Aqtobe su-energy group» АҚ-ның бас директоры Ерлан Блиевтің айтуынша, жалпы су тазарту жүйесі екі сатыдан тұрады: алдымен механикалық кезеңде су ірі қоқыстан тазартылып, тұндыру процесінен өткізіліп, биологиялық тазалау кезеңінде лай су алаңдарға қарай жіберіледі. Қазіргі таңда станция аумағындағы алаңдардың көлемі — 25 гектар. Мұнда жалпы саны 56 алаң бар.

— Тұрғындардың жағымсыз иіске қатысты наразылық білдіруі лай судың кеуіп, ауаға жағымсыз иіс таралуынан болып отыр. Мұнда жоспарлы түрде 103 мың текше метр тазартылуы керек болса, қазір біз 95 мың текше метрге дейін суды тазартып отырмыз. Бүгінде қаламызда 55 кәріз сорғы станциясы бар. Оның негізгісі №11 кәріз станциясы. Судың көбі осы жерде жиналады. Көктемде жылына бір рет экология департаментінің келісімімен 10 миллион текше метр суды Елекке ағызамыз. Егер бұл жерде жаңа кәріз тазарту станциясы салынса, біз лайды жинақтамай, биогаз жасаумен айналысатын боламыз. Бұл жерде биогаз техникалық қажеттіліктерге жұмсалады. Ал таза су ультракүлгін залалсыздандыру арқылы ауыл шаруашылық немесе техникалық мақсатта жылына 40 миллион текше метрге дейін пайдаланылады. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес тазарту деңгейін 95 пайызға дейін жеткізу жоспарда бар. Жалпы жоба құны — 53,5 миллиард теңге. Биыл жыл аяғына дейін барлық жұмыстарды аяқтап, мердігер ұйыммен келісімшарт жасасуымыз керек, — дейді Ерлан Блиев.

 Данагүл ҚАЗИХАН

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button