Басты жаңалықтарМереке

Ақтөбе облысында Ұлттық домбыра күні атап өтілуде

Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні ретінде 2018 жылы ел Президенті бекітті. 

Халықтың мәдени игілігіне арналған мереке бекіген сәттен бастап Ақтөбе облысында ерекше дәстүрлер қалыптасты. Ауыл-аймақта домбырашылардың концерттері, домбырада ойнауды және ағаш шеберлерін оқыту бойынша шеберлік сыныптары, жас күйшілер конкурстары, көрмелер, ұлттық-қолданбалы өнер бұйымдарының жәрмеңкелері ұйымдастырылуда.

Бүгін негізгі шара «Қазақ еліне мың алғыс» стелласының алдындағы алаңда өтті.

Оған облыс әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жайлау Асылханов, Мәдениет үздігі Талап Хамзин, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Зейнелов, Құрманғазы Асылханов қатысты.

Қала тұрғындары мен қонақтары концерттік бағдарламада мәдениет қайраткерлерінің орындауындағы күйлерді тыңдап, театрландырылған қойылымдарды тамашалады.

Облыстық филармонияның камералық оркестрі ұсынған халық эпостары мен поэмаларын тыңдады.

Бір мезетте 1000 кәсіби күйші ұлттық аспапқа деген сүйіспеншілігін жеткізе отырып, қазақтың көрнекті композиторларының өлмес шығармаларын орындаған сәтте, ұлы даланың дыбысы бүкіл облыс орталығында естілгендей болды.

«Адай», «Сарыарқа», Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Ахмет Жұбановтың «Би күйі» күйлері орындалды.

Мерекелік шаралар облыстың барлық аудандарында өтті.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button