Жаңалықтар

Ақтөбе облысында құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру бойынша шаралар қабылдануда

Әлеуметтік нысандар құрылысының проблемалық сұрақтары облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиын барысында қаралып, оған мемлекеттік органдардың, құрылыс компанияларының, жобалау ұйымдарының басшылары қатысты.

💬«Әлеуметтік саланы дамыту басым бағыттардың бірі болып қала бермек, алайда шұғыл шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Оның ішінде әртүрлі себептермен уақтылы пайдалануға берілмеген әлеуметтік нысандарға тоқталамыз. Мәселе өзекті, біз себептерді анықтап, шешу жолдарын белгілеуіміз керек», – деп атап өтті өңір басшысы.

Қобда ауданы Терісаққан ауылында, Мұғалжар ауданы Алтынды ауылында, Ырғыз ауданы Жарма ауылында 60 орындық мектептің құрылысы, Ырғыз ауданындағы ангар типті спорт кешені және т.б. проблемалық нысандардың қатарына жатады. Аталған әлеуметтік нысандар жобасы құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты қайта қаралуда немесе негізгі мердігерлердің жосықсыз болып белгіленуіне байланысты конкурстарды қайта тағайындау жұмыстары жүргізілуде.

Әрбір құрылыс нысаны бойынша қазіргі таңдағы мәселесі жеке-жеке қаралды. Облыс әкімі жобаларды іске асыруға міндеттеме алып, бірақ оларды орындамаған мердігер ұйымдардың өкілдерін тыңдады.

Сонымен қатар, проблемалық нысандардың қатарында «Сафина» және «Эвелина» тұрғын үй кешендері бар.
Бұл үйлердің тұрғындары бірнеше жылдан бері жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды ала алмай жүр, аталған мәселемен олар ағымдағы жылдың 31 мамырында азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдаған өңір басшысына жүгінген болатын.

Құрылыс компаниялары 5 және 7 қабатты үйлердің орнына 6 және 8 қабатты үйлер салу арқылы жобадан ауытқып кеткен.
Бұл мәселе бойынша облыс әкімі құрылысты жобаға сәйкес жүргізуді тапсырды.

💬 «Кейбір құрылыс компаниялары нысандарды тапсыру мерзімін әдейі кешіктіріп, материалдардың қымбаттауына байланысты түзетулер енгізуде. Барлық компанияларды тексеріңіздер, әрбір объект бойынша талдау жүргізіп, жосықсыз мердігерлердің тізімін дайындаңыздар. Қысқа мерзімде маған әр объект бойынша шешу жолдарын беріңіздер. Халық игілігі үшін барлық мектептер мен спорт кешендері уақтылы пайдалануға берілуі тиіс»,деп түйіндеді облыс басшысы.

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button