Басты жаңалықтарМереке

Құрметті ақтөбеліктер!

Сіздерді Қазақстан халқы бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке достық пен патриотизмнің, бейбітшілік пен сенімнің өзара үйлесімін білдіреді.

Кең пейілді қазақ жерінде түрлі этнос өкілдері қоныс теуіп, мейірімге бөленуі тарихи жағдайда қалыптасты. Мәдениеттің көптүрлілігі біздіңсәйкестігіміздің ажырамас бөлігіне айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында сөйлеген сөзінде: «Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл — небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл — теңдессіз жетістік!» — деп атап көрсетті.

Ақтөбе облысының тұрғындары ұлты мен діни сеніміне қарамастан, достық пен сенімді, бірлік пен ынтымақтастықты жоғары тұтады. «Бiрлiк бар жерде тiрлiк бар» дегендей, бұл — әлеуметтік-экономикалық өсудің берік негізі. Өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын көтеру үшін қажетті шаралардың толық кешені қабылданып жатыр. Жаңа жұмыс орындарын құру, қолжетімді тұрғын үй, білім, денсаулық сақтау салаларын дамыту бойынша бағдарламалар жасалып, инвестициялар тартылып, автомобиль жолдары жөнделуде.

Біздің облысымыз Қазақстан Республикасы селолық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Концепциясын жүзеге асыруға алғашқылардың қатарында кірісіп кетті. Селолық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, мал мен құс басын ұлғайтуға, шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға мүмкіндіктер жасауға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын табысты түрде өмірге енгізуде.

Қазіргі уақытта 624 жоба қолдауға ие болып, оған 3000-дай ауыл тұрғыны тартылды. Елімізде тұңғыш рет оларға тауарлы несие ретінде алты мың бас мал беріледі.

«Ауыл аманаты» жобасы мультипликативті тиімділікке ие. Осы жоба аясында 67 село мобильді интернетпен қамтамасыз етіледі, «Абаттандырылған ауыл» және «Қауіпсіз ауыл» жобалары жүзеге асырылады.

Қазақстанда Ақтөбе облысында тұңғыш рет «Білім All» жобасы бастау алды. Ол 10 мыңдай бала білім алатын 120 шағын комплектілі ауыл мектептерінде білім беру сапасын көтеруге бағытталған. Бұл — ауылдағы оқушылардың қаладағы құрдастары секілді сапалы және толық көлемді білім алуына жасалған мүмкіндік.

Біздің өңірдегі барлық селолық округті «Фельдшерлік рюзактармен» қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдануда. Тексерулер жүргізу және анализдер нәтижелерін тез арада беру үшін инновациялық медициналық құрал-жабдықтар село тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырады.

Жоғарыда айтылғандар — біздің облысымызда жүзеге асырылып жатқан істердің шағын ғана бір бөлігі. Алға қойылған барлық мақсат-міндетті біз бірлік пен келісім, бір-бірімізді өзара қолдау, жауапкершілік пен жасампаздық, тынымсыз еңбек нәтижесінде ғана орындай аламыз.

Қымбатты жерлестер!

Сіздерге мықты денсаулық, бақыт пен жақсылықтар тілеймін! Әрбір шаңырақта бейбітшілік пен өзара түсіністік орнап, ырыс-ынтымақ, береке-бірлік болсын!

Біздің еліміз — Қазақстан Республикасы өркендеп, өрлей берсін!

Ералы ТОҒЖАНОВ,

Ақтөбе облысының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button