Басты жаңалықтарӘлеумет

Түркияға гуманитарлық көмектің екінші легі жөнелтілді

Түркия мемлекетінің оңтүстік-шығысында болған жер сілкінісі әлем елдерін бейжай қалдырмады. Апат болған күннен бастап төрткүл дүниенің әр түкпірінен гуманитарлық көмек жөнелтіліп жатқанын көріп отырмыз. Табиғи апаттан зардап шеккен түрік бауырларымызға ақтөбелік волонтерлер мен қала тұрғындары да гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, апат туралы жаңалықтардан көрсетілген сәттен бастап облысымызда көмек қоры жинала бастады. Соған сәйкес облыс әкімі Ералы Тоғжановтың ұйытқы болуымен бауырлас Түрік Республикасына 11 тоннаға жуық алғашқы гуманитарлық көмек жіберілді. Қазір де азаматтар гуманитарлық көмек көрсету орталықтарына жылы киімдер, төсек-орын жабдықтары мен гигиеналық құралдарды жеткізуді жалғастырып жатыр. Мәселен, Достық үйінде ашылған пунктте күн сайын еріктілер келіп, түскен заттарды қабылдап, тауарларды жинау, қаптау жұмыстарын ұйымдастыруда.

Қайғылы оқиғаның алғашқы күнінен-ақ әлеуметтік желілерде гуманитарлық көмек туралы хабарландырулар жариялана бастады. Көмек қолын созамын деген қайырымды жандарға жаңа киім-кешек, төсек-орын, балалар тамағы қажет екенін ескерттік. Бастамамызды қолдаған облыс әкімдігіне және еріктілерге ерекше алғыс білдіреміз, дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Қайырымдылық шарасына облыс тұрғындары мен волонтерлер, «Анвар», «Дина», «Рамазан», «Глобал Спецодежда», «A-Textile», «Life4JOB» сияқты ірі кәсіпкерлік субъектілері үлес қосты.

«More life» қорының волонтерлері де қайырымдылық акциясына өз үлесін қосып жатыр. Аталған волонтерлік ұйым Ағайынды Жұбановтар көшесіндегі 276-үйде орналасқан пунктке тұрғындар әкеліп жатқан қажетті заттарды жинақтайды. Қор толық жинақталған соң ұшақпен Анкараға жөнелтіледі.

— Біздің волонтерлік топ негізінен науқас балалардың еміне қаражат жинаумен айналысады. Ал мына жантүршігерлік оқиғаны естіп, бейқам отыру мүмкін болмады. Алапат жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарға көмек қорын жинап жатырмыз. Қала тұрғындары жаңа киім-кешектерді, төсек-орын, жылытқыштарды әкеліп жатыр. Қайырымдылық акциясын 22 ақпанға дейін жалғастыру жоспарланып отыр,  дейді Ералхан Дияров.

Қазақстан бойынша ашылған «Күшіміз бірлікте» есепшотына кәсіпкерлер қаржылай көмектерін аудара алады.
Қоғамдық бірлестік  «Күшіміз бірлікте» БСН: 220140002583;
АҚ«Банк ЦентрКредит»: KZ268562203115072353; реквизиттер АО «Банк ЦентрКредит»: БСК/БИК (SWIFT) KCJBKZKX БСН 980741000260 КНП 119
«Kaspi.kz» қосымшасынан төлемдер бетінен «Күшіміз бірлікте» деген қайырымдылық қоры арқылы да аударуға болады.

Волонтердің айтуынша, кәсіпкерлер тарапынан көмек қолын созғандар қатары көп екен. Мәселен, «Динар-электромаш» ЖШС-ның басқарушы директоры Сергей Вишняк жылытқыштар мен генераторлар әкеліпті. Бұл үйсіз далада қалған бауырлас халыққа нағыз қажетті көмек болары сөзсіз.

Осы аптада Түркияға Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласынан гуманитарлық көмек жіберіледі. Ақтөбе халықаралық әуежайы барлық талапқа сай болғандықтан, Түркияға жөнелтілетін жүктер осы жерден тиеліп, аттандырылады.

Шымкент қаласынан келген 40 тоннаға жуық жүкті әуежай қызметкерлері тиеуге кірісті. Әрбір минут қымбат. Зілзаладан зардап шеккендерге көмекті неғұрлым жылдам жеткізу керектігі айтпаса да түсінікті. Гуманитарлық жүкте аса қажетті жылы киім-кешек, азық-түлік, балаларға арналған тағам түрлері, төсек-орын жабдықтары, тұрмыстық және жеке гигиеналық заттар бар. Түркияның «MNG» әуе компаниясының ұшағымен гуманитарлық көмек қоры тасымалданады. Енді бірер күнде Маңғыстау халқының көмегі де жөнелтілетін болады, дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.

Облыстық волонтерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Жалғасбаевтың айтуынша, қала тұрғындары қайырымдылық акциясына белсене атсалысып жатыр.

Қазіргі таңда волонтерлік топ киім-кешектерді сұрыптап, тек жаңаларын ғана қаптамаға орап, іріктеп жатыр. Көмектің алғашқы күнінде жөнелтілген ұшақпен біздің де жинақтаған гуманитарлық көмегіміз бар. Өкініштісі, осындай қысылтаяң шақты пайдаланып, ақша жинап жатқан алаяқтар да баршылық. Сондықтан біз азаматтарға тек ресми қорларға ғана ақша аудару керектігін ескертеміз.

Мәселен, облыс және республика бойынша ұлттық волонтерлер желісі арқылы қаржылай көмек жиналуда. Қаржыны «Kaspi.kz» қосымшасынан аударуға болады. Облыс бойынша оннан астам волонтер ұйымы жақсылық жасап жатыр, дейді ол.

Ақтөбедегі Түркияға гуманитарлық көмек қабылдайтын пункттер:
Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимараты (Достық үйі), Сәңкібай батыр көшесі, 20 А.
«More life» қоғамдық қоры, Ағайынды Жұбановтар көшесі, 276 Б.
Жаңақоныс ауылы, Мұқанбетқалиұлы көшесі, 3 (бұрынғы «Қазпошта» ғимараты).

Ізгі шараға облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері де атсалысып жатыр.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері сәбилерге арналған 500 пакет сүт қоспасын берген. Ал медициналық жабдықтар алуға қажетті қаржы арнайы қорға аударылмақ.

Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің мәліметінше, қазіргі уақытта медициналық құрал-жабдықтарға аса қажеттілік бар: зембілдер және тасымалдауға арналған орындықтар, дефибрилляторлар, электрокардиографиялық құрылғылар, желдеткіштер, ультрадыбыстық құрылғылар, анестезия, глюкометрлер, небулайзерлер, термометрлер, қан қысымын өлшегіштер, ларингоскоптар және басқа да санитарлық және медициналық тауарларға сұраныс жоғары.

Жиналған жүктердің әуе көлігімен зардап шеккен аймақтарға жеткізілуі Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі мен Консулдықтарының бақылауында болады. Сондай-ақ шатырлар, қыстық киімдер, генераторлар, «Powerbank» қуаттандырғыш құрылғысы қажет, дейді аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button