Кәсіп

Атқа мініп, садақ атқыңыз келсе…

Мұғалжар ауданында шаруа қожалықтары жайлаған қыстақтар көп. Алайда аудан орталығына жақын орналасқан Шилісайда атқа мініп, серуен құрып, қымыз бен саумал ішіп, денсаулық түзеп, садақ атып, саятшылық етуге болатынын көпшілік біле бермейді. «Құлагер» демалыс орталығы екі жылдан бері келушілерге қызмет көрсетіп келеді. Бұл жерде күнделікті шаруадан шаршаған уақытта әдемі табиғат аясында тынығып, бойды да, ойды да сергітіп қайтуға болады.

Жалпы жылқының адам денсаулығына берер пайдасы мол екені айтылып та, жазылып та жүр. Мінсең — көлік, ішсең — сусын, жесең — ет.

— Былтыр көктемдегі «қымызмұрындықтан» бастап, күздегі «сірге жиярға» дейінгі аралықта қаншама тұрғындарымызға қызмет жасап, арасында,  жұма сайын тегін саумал таратып, көпшіліктің ризашылығына бөлендік. Сауап үшін жасаған әр ісіміздің қабыл болуын тілейміз тек. Әзірге төрт жылқымыз бар. Сауын биелер болғандықтан, уақытында сауып отыру керек. Мәселен, күніне 4 рет сауып, саумалға келетін тұтынушыларымызды уақытқа сай реттеп қоямыз. Өніміңді тұтынып, одан оң нәтиже көріп отырсаң, шын қуанасың. Жаздыгүні бір апамыз келіп, үзбей саумал ішіп жүрген болатын. Асқазан жарасын емдеуге ішіп жүргенін айтқан еді әу баста. Уақыт өте, осы саумалды ішу арқылы асқазан жарасының беті едәуір қайтқанын айтып, қуантып қойды. Міне, жұмысыңның осындай оң нәтижесін көріп отырсаң, керемет емес пе?! Осылайша әрбір келген апа-ағаларымыздан хал-жағдайын, өзгерістерін сұрап отырамыз. Негізінен саумалдың бетіндегі көбігі өте пайдалы. Әсіресе бет терісіне маска жасауға таптырмас табиғи өнім. Содан кезекке беткі көбігін алсам деп сол үшін тұратындар да кезігіп жатады, — деген атбегі Азамат Жанин биені сауудағы және саумалды ішудегі бірқатар құпиямен, білу керек ережелермен де бөлісе кетті.

Мәселен, саумалды қалайы ыдысқа құюға болмайды. Себебі қалайыға құйылған  бие сүтінің қасиеті басқа элементтермен байланысқа түсіп, тез бұзылып кетеді. Бие сауғанда қыш ыдыс немесе теріден жасалған көнек пайдаланған жөн. Екеуі де темір шелек сияқты даңғырламайды. Азаматтың айтуынша, жаңа сауылған сүтті бір ыдыстан екінші ыдысқа қайта-қайта аударып құюға болмайды. Артық қалған саумал сүтті күбіге құйып, жинай береді екен. Осы үшін Алматы қаласынан арнайы күбі мен соған арналған аппарат алдырыпты.

Сондай-ақ ол қымызды ашыту процесінде соншалықты қиын ештеңе жоқ екенін айтады.

— Қымызды ертеден келе жатқан  технология бойынша ашытамыз.  Яғни күбінің ішіне қойдың құйрық майын жағып шығамыз да, жиналған сүтті күнбе-күн құйып отырамыз. Ал жиналып жатқан сүт өздігінен аши береді. Күбі кәдімгі емен ағашынан жасалады. Күбідегі жиналған сүтті ыстауға арналған арнайы пешіміз бар. Соған тобылғы ағашын жаға отырып, сүтті қыздырамыз. Толық қызған сүт бойына барлық майды сіңіреді. Қымыз да неше түрлі болып бөлінгеніне қарай ашытылады. Бірі тұщы қымызды ұнатса, енді бірі ащы қымызды ұнатады. Соған байланысты тапсырыс берген тұтынушының талғамына қарай әзірлеп береміз. Жалпы сүттің шипалы болуы — жылқының жайылымына, шөбі мен ішкен суына да байланысты. Құнары жоғары болғанымен, адам ағзасына сіңіп, қорытылуы жеңіл табиғи өнім. Аш қарынға бір кесені толтырып, саумал ішіп алсаң, түске дейін тоқ жүресің. Сонымен қатар қатерлі ісік ауруларының алдын алады. Саумалды емдік шарасы ретінде қолданатын болсаңыз, күніне тамақтанудан 20-30 минут бұрын 4-5 мезгілден 1 ай бойы ішетін болсаңыз, бір аптадан соң-ақ оң нәтиже көре бастайсыз. Иммунитетіңіз артып, көңіл күйіңіз көтеріліп, ұйқыңыз тынышталады. Негізінен саумал 3 сағат ішінде өз қасиеттерін жояды. Алайда мұздатқышқа қатыру арқылы саумалды ұзақ мерзімге дейін сақтауға болады, — дейді Азамат.

Қымыз бен саумалдың адам ағзасына берер шипасы мен құнарын тізбектеген Азамат тұрғындар атқа жайдақ отырудың өзі өте пайдалы екеніне енді мән бере бастағанын айтады. Оның айтуынша, атқа мінген адамның қан айналымы жақсарады.

Бізге кейбір ата-аналар ерекше балаларын атқа мінгізуге әкеліп тұрады. Атқа міну — жас балалар үшін өте пайдалы. Қол-аяғы құрысып, жүруге икемі келмей жүрген балаларды атқа отырғызып, біраз серуендетіп, осылай бірнеше күн жалғастыра берсе, (аттың қызуы буынның жұмысын жақсартып, керемет нәтиже бере бастайды. Оған көзіміз жетіп отыр. Ондай жандарға тегін қызмет көрсетеміз, — дейді Азамат.

Саумал ішіп, жаның жай табатын, атқа мініп, құрыс-тырысың жазылатын  «Құлагер» орталығы Қандыағаш қаласынан 10 минуттық жерде, Шилісайда орналасқан.

Азамат Жанин бала күннен бері аттың бабы мен баптауына пысыған. Сонымен қатар ат үстінде жүріп садақ атуды да жақсы меңгерген. Содан болар «Құлагер» демалыс орталығында келушілердің садақ атуына да мүмкіндік бар. Атбегі жігіт нысананы көздеп, алысқа көз тастаудың өзі көздің көру қабілетін жақсартатынын атап өтті.

— Қазақ аңшылары атқа мініп, садақпен аң аулап, азық қылғанын оқып-естіп өскендіктен, осы бір істі жүзеге асыруды мақсат еттік. Садақ атудың да пайдасы орасан зор. Жебені адырнаға салып тартқан кезде, адамның көзі жебенің ұшына қарайды, яғни алыс-жақынды барлау арқылы көздің көруінің жұмысы арта түседі. Қарап отырсақ, қарапайым ғана дүниелер ғой. Десек те денсаулыққа пайдасы зор, — дейді шаруа жігіт.

Орталықты аралап жүріп, бұл жердің табиғаты да ерекше әдемі екенін көрдік. «Жазда тіптен сұлуланып кетеді» деп мақтанып қойды Азамат. Қарағай ағаштары гүлдегенде, айналаға ерекше реңк беретінін осы жерде алғаш естідім. Осы сұлу табиғатты ұтымды қолданғысы келіп отырған «құлагерліктер» алдағы күндері фотосессия жасайтын орталық ашуды да жоспарлап қойыпты. Оны этно нақыштағы дүниелермен барынша жабдықтағысы келеді. Расымен бәрі қарапайым ғана дүниелерден басталады. Бастысы, әрекетке — берекет.

Айдана АЛТЫБАЕВА,
Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button