Мәселе

Еркектерді… Қорғау керек!

Өткен аптада  Ақтөбе қаласында «Ерлердің денсаулығы күні»  өтті. Алматыдан келген білікті мамандар екі күн бойы ерлерді қабылдап, денсаулығын тексерді. Республиканың бас урологы,  Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының директоры М.Алшынбаев,  андрология бөлімінің меңгерушісі, андролог Т. Құсайынов, академик, эндокринолог М. Зельцер, С. Асфандияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің  профессоры, кардиолог Д. Полымбетов секілді дәрігерлер 100-ге жуық ер азаматтарға ем жасады.

Ауырғанда соңынан қуып жүріп, қабылдауына әрең кіретін дәрігерлердің тегін қабылдауына келіп тексерілгендер көп болды. Қаралғандардың басым бөлігінде жүрек-қан тамыр аурулары анықталды. Уролог пен андрологтардың көмегіне жүгінгендер де аз болмады. Еліміздің бас урологы Мырзакәрім Алшынбаевтың айтуынша, соңғы кезде ер азаматтардың денсаулығы нашарлап барады. Орташа өмір сүру ұзақтығы — 60 жас.  Ерлер әйелдерден 12 жылға кем өмір сүреді. Бұның басты себебі — елімізде ерлер денсаулығына жіті мән берілмегендіктен.

Әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау жөнінде бірнеше бағдарлама жұмыс істейді. Ал ерлердің денсаулығы жөнінде бірде бір бағдарлама жоқ. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді. Ер-азаматтардың зейнеткерлік жасқа  жетпеуіне бір жағынан ерлердің өздері де кінәлі. Денсаулықтарына селқос қарайды. Мәселен, әйел жылына екі рет гинекологқа тексерілсе,  ал ерлер жылына бір рет түгілі, ауырып, әбден жанына батқанда әрең барады. Бүгінде ерлердің денсаулығы алаңдаушылық  тудырып отыр. Осы мақсатта «Ерлердің денсаулығы күні» акциясын  ұйымдастырып отырмыз. Бұған дейін бұл акция еліміздің жеті қаласында өтті, — дейді Мырзакәрім Алшынбаев.

Республикада 5 мыңға жуық гинеколог бар. Ал ерлер ауруын тексеретін 475 уролог, 6 андролог қана бар екен.  Осыдан-ақ, ер азаматтардың денсаулығына қаншалықты мән берілгенін байқауға болады.

Екі жерде дәріс оқыған еліміздің бас урологы ерлердің  денсаулығының, соның ішінде жыныс аурулары мен белсіздіктің белең алып келе жатқандығына нақты мысалдар келтірді. Тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде елімізде туу көрсеткіші айтарлықтай өспеген.  Мәселен, экономикалық даму көрсеткіштері бізден әлдеқайда төмен Өзбекстан халқы жиырма жылда 10 миллионға көбейген. Сол секілді Түркияда да өсу көрсеткіші 12 миллионды құрапты.

 

Ұлтқа төнген қауіп

 

Мамандардың сөзіне қарағанда, еліміздегі ерлердің денсаулығын жақсарту проблемасы  денсаулық сақтау шең­берінен шығып, ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін әлеуметтік маңызды мәселеге ай­налып отыр. Дәрігерлер  әсіресе ер-азаматтар ара­сында психосоматикалық және депрес­сив­ті бұзылыстардың жоғары қауіптілігі бай­қалып отырғанын айтады. Бала туғы­зу­ға қабілетті жастағы ерлердің арасында спер­матогенез бен ұрықтандыру көрсет­кіш­терінің төмендеуі демографиялық көр­сеткішімізге кері әсерін тигізіп қана қоймай, бе­деуліктің өршуіне де әкеп соқтыруда. Бұған  Астана, Алматы, Павлодар, Ақтау және Өскемен қалаларын­да жүргізілген зерттеу нәтижелері айқын дәлел болып отыр. Мәселен, медициналық тексеруден өткен 1164 ер азаматтың 845-інен немесе 73 пайызынан уроандрологиялық пато­ло­гия анықталған. Оның ішінде эрекция қыз­метінің түрлі деңгейдегі бұзылулары мен тестостерон жетіспеушілігі жоғары орын­да екен.

Елімізде қалыптасқан жағдайды  шұғыл шешу қажет. Ол үшін мақсатты бағдарлама дайындадық. Енді арнайы заңның қабылдануын күтіп отырмыз. Андрологиялық және сексологиялық қызмет көрсетудің құқықтық негіздерін әзірлеп, осы істермен айналысатын ұйымдардың жұмысын жетілдіру қажет. Емдеу орындарында «Ерлерге кеңес беру» бойынша арнайы бөлімшелер ұйымдастырудың да өзекті мәселені шешуге септігі тиері сөзсіз. Осындай кезек күттірмес шаралардан бөлек, ер-азаматтар арасында салауатты өмір салты мен әкелер институтының маңыздылығын насихаттауға бағытталған іс-шараларды да қолға алған абзал. Біздің акциямыз тек бастамасы ғана, — дейді бас уролог Мырзакәрім Кәрімұлы.

Ерлер әйелдерге қарағанда жүрек-қан тамыр ауруларымен де көп ауырады. Бұны олардың күйзеліске тез ұшырауымен түсіндіруге болады. Ер-азаматтардың көпшілігінің жұмыс уақыты бір қалыпты емес. Мәселен, вахталық әдіспен немесе күн демей, түн демей жұмыс істей беретіндер көп. Әсіресе, құқық қорғау  органдарындағылардың қызметінде дамыл жоқ. Уақытында ұйықтап, тамақтанбаудың да денсаулыққа тигізер зияны мол.

Бұл акция бойынша тексерілген  мыңнан астам адамның 60 пайызында қант диабеті анықталды. Ал 61 пайызының қан қысымы жоғары. Сонымен қатар, 558 адам созылмалы қуық безінің қабынуымен (простатит) ауырса, 40 пайызында уроандрологиялық аурулар анықталды. Және тексерілген 793 азаматтың 264-інде тестостерон гармоны жетіспейді. Ал бұл гармон аз болса, ерлер әке болу бақытына ие бола алмайды, — дейді андролог  Темірлан Құсайынов.

Қазақта «қыздың қырық жаны бар» деген сөз бекер айтылмаса керек, мамандардың айтуынша, сәби дүниеге келген кезде  қыздардан гөрі, ер балалар көп шетінейді екен. Жүректің ишемиялық ауруына шалдыққандар арасында да ерлердің саны  әйелдерден 3 есеге көп. Ал әйелдердің сүт безі рагінен қайтыс болғандардан қуық безінің қатерлі ісігінен қайтқандар саны да екі есеге көп екен. Тағы бір алаңдарлық жайт, баласы жоқ отбасыларда белсіз еркектердің үлесі 80 пайызды құрап отыр.

— Ер азаматтар салауатты өмір салтын сақтаулары керек. Ішімдік пен темекі ерлердің жыныстық қабілетін азайтады. Жүйкесіне салмақ түскен жігіттердің де гармондары төмендейді. Физиологиялық жағдайда 40 жастан кейін еркектердің гармондары азая бастайды. Ал күйзеліске ұшырағанда  бұл үдеріс тым жылдамдап кетеді. Гармондар азайғаннан кейін ағзадағы басқа мүшелердің қызметі  бұзылады. Бір өкініштісі, қазір бұл дертпен ауыратындар күн өткен сайын көбейіп барады. Әсіресе жасарып бара жатқаны жақсы нышаны емес. Сондықтан бұған үкіметтік деңгейде қарап, билік тарапынан үлкен қолдау қажет, — дейді бас уролог М.Алшынбаев.

 

Бедеулік пен белсіздік

Қазақстанда бедеу әйелдердің үлесі 50 пайыз болса, белсіз еркектер де 50 пайызды құрап отыр. Жастардың салауатты өмір салтын ұстанбай, арақ, сыра, темекіге әуестенуі — бедеулікке бастар бірден-бір жол. Сонымен қатар жүйкенің зақымдануы, дәрі-дәрмекті шектен тыс пайдалану да ағзаға кері әсер етеді. Жұмыстан қысқарып қалу секілді жағымсыз факторлар  ер-азаматтардың көңіл-күйіне ғана емес, денсаулығына да аса зиян келтіруде. Әйелдер жұмыстан босап қалса, үйдің күнделікті тіршілігімен айналысып жүре береді. Ал ер адамдарға бұл қатты соққы.

Барлық ауылдарда әйелдердің кеңес алатын орталықтары бар. Бірақ ер-азаматтарға кеңес алатын арнайы бөлімшелер жоқ. Бұл – үлкен проблема. Қазір ауылдық жерде жеті түрлі мамандандырылған дәрігер штаты қарастырылған, оның ішінде уролог атымен жоқ. Ал науқастардың 74,3 пайызын ер адамдар құрайды.

Ауылдағы ер-азаматтардың андрологиялық (аурушаңдық) деңгейі, эректильді (жыныстық) және  репродуктивті (балалы болу қабілеті) функциясының бұзылу проблемасы көп жағдайда тексерілмейді.  Сондықтан әр ауылда урологтарға қосымша штат ашу керек. Көпшілік урологты тек зәр жүрмегенде ғана көрінетін  маман деп түсінеді.

Қазіргі таңда  Қазақстанның барлық аймақтарында андрологиялық аурулардың деңгейі өте жоғары. Андрология дегеніміз – еркектің несептік-жыныстық ағзалар ауруын зерттейтін урологияның бір саласы.

Еркектердің репродуктивті денсаулығының қаншалықты деңгейде екенін білу мақсатында  Қазақстанның барлық облысында тұратын 20 мыңнан аса ер адамға сауалнама бойынша зерттеу жүргізілген. Тексеру нәтижесінде ерлердің 56,3 пайызында түрлі кезеңдегі эректильді дисфункция белгілері, 30,4 пайызында — шәуеттің өзгерістері (ұрықтың болмауына дейін), 42,4 пайызында жыныс жолымен берілетін аурулардың бар екені анықталған. Осы жағдайды ескере келе халыққа андролог дәрігерлер өте қажет деген шешім айтуға болады.

 

Баланы бастан…

 

Негізінен ер баланы туған күнінен бастап, жыл сайын дәрігерге көрсетіп тұрған дұрыс. Бала кезінде педиатрларға, балалар хирургіне толық қаратып алған жөн. Сосын мектеп бітірер кезде жастар әскер қатарына қабылдану үшін арнайы медициналық сараптамадан өтеді. Нақ осы кезде тексерілудің маңызы өте зор.
Ерлердің денсаулығының нашарлауы, олардың әйелдерден аз өмір сүруі алдымен өздеріне  тікелей байланысты. Мәселен, психоактивті заттарды қолданатындардың 88 пайызы ерлер болса, ішімдікке тәуелділердің де басым бөлігі еркектер екені өтірік емес. Сонымен қатар жыныстық аурулар, құрт ауруы да ер-азаматтардың арасында кеңінен таралып барады. Мысалы, жыл сайын 152 мың жан бақилық болса, соның 60 пайызға жуығы — отағасылар.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button